Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жаңа бағытта жандануда

Oinet.kz 15-08-2026

Сауран ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыстар жақсы қолға алынған. Мәселен, ауданда интенсивті алма баулары 1980 жылдан бастап қолға алына бастаған болатын. Сол кездің өзінде бұл саланы дамытуға жаңаша технологияларды енгізу басталып кеткен еді. Енді, осыдан елу жылға жуық бұрын басталған үрдіс бүгінде жалғасы жаңаша сипатта дамуда. Бұл шаруамен бүгінде Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округінің шаруалары мықтап айналысуда.

Жаңа Иқан ауылдық округіндегі алма бағының жалпы аумағы 70 гектарды құрайды. Шаруашылықтың бағында «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи» және «Апарт» сынды алманың ондаған сорты өсірілуде. Округтегі бағбандар қысқа мерзімде өз тәжірибесінде интенсивті бақ шаруашылығының тиімділігін дәлелдеді. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін Жаңа Иқандықтар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы инвестиция алған. Салынған қаражатта қомақты. Дегенмен өңір шаруалары бүгінде науқан уақытында жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға қауқары жететін агроқұрылымдарға айналып келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тәлім бақтардан арнайы алынған көшеттер қазір осы аймаққа жерсініп, мол өнім беруде. Дұрыс аграрлық көзқарас, алманы күтіп-баптаудың ұзақ жылғы тәжірибесі шын мәнінде табысқа бастар даңғыл жол екенін дәлелдеген.

Бақты отырғызар алдында жер дайындалып, араларына сым арқан тартылатын бетон тіректерден тұратын шпалер жүйелер орнатылды. Аталмыш жүйе жел соққанда жас көшеттерді сыну мен майысудан қорғап қалады. Аласа екпелердің тамыр жүйесі өте қысқа болады – ұзындығы ең көбі 40 см. Айта кетерлігі, бақтағы алма ағаштарының бойын кесу арқылы 3-3,5 метр деңгейде ұстайды. Оған қоса табиғи жағдайлар мен ауа райының қолайсыздығынан, атап айтқанда құстар мен бұршақтан қорғау үшін арнайы тор тартылған, ол қыс мезгілінде жиналады.

Ал, интенсивті алма бағының кәдімгі алма бақтан айырмашылығына келер болсақ, классикалық алма бағында 1 гектарға шамамен 600 ағаш отырғызылса, интенсивті бақтың 1 гектарына 3,5 мың ағаш отырғызылады.

Бүгінгі күні Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атап өтерлігі мұндағы алма бағы толықтай заманауи тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Бұл технология әрбір ағаштың қажетті мөлшерде су алуын қамтамасыз етіп, су шығынын едәуір азайтады. Сонымен қатар тыңайтқыштарды сумен бірге дәл мөлшерде беру арқылы ағаштардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалады. Нәтижесінде өнім сапасы артып, шығын көлемі төмендейді.

Мамандардың айтуынша, биыл әр түп алма ағашынан орта есеппен 20 килограммға дейін өнім алу жоспарланып отыр. Бұл шаруашылықта жүргізілген агротехникалық жұмыстардың тиімділігін және су үнемдеу технологияларының жоғары нәтижесін көрсетеді.

Ауданда жылына шамамен 2000-2500 тонна өнім жиналады. Жеміс негізінен еліміздің ішінде нарыққа шығарылады. Көктем-күз айларында, алманы жинайтын науқан барысында екі жүзге дейін адам маусымдық жұмысқа тартылады. Ал жыл бойына тұрақты жұмыспен оннан аса адам қамтылған. Олар негізінен ағаштарды түптеу, шөбін шабу, бұтақтарды шабу сынды жұмыстармен айналысады. Бақта түрлі зиянкестерден қорғау бағытында химикаттармен дәрілеу жұмыстарын жүргізіледі, – дейді округ әкімдігі маманы.

Мұнда суару автоматтық құрылғымен реттелгенімен, жұмысшылар суару процесін бақылап, түтіктердің қоқыс пен топыраққа толып кетпеуін қадағалап тұрады. Осы жұмысты бақылауда ұстап отырған жұмысшы Мейрам Күмісбекті сөзге тарттық.

– Жаңа Иқан ауылында бақ өсіріп отырған шаруа көп. Мен алма бағын өсірумен ұзақ жылдан бері айналысып келем. Ағаштарды түптеу, кесу, шөбінен тазалау, науқан кезінде алма жинау сынды жұмыстарды атқарамыз. Бұрыннан осы алмалы бақтарда еңбек еткен соң бұл жұмыс бізге таңсық емес. Содан болар сүйікті ісімізге айналып отыр. Ал басшылық тарапынан еңбекақымызды уақытылы төлеу әрдайым назарда болып келеді. Ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған осындай азаматтарға алғысымыз шексіз. Қазір қойма салынып, енді қыс айларында да жұмыс болып отыр. Бұл қуантарлық жағдай, – дейді бағбан.

Бүгінгі күні Жаңа Иқан округінде алма жинау науқаны кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жалпы округте бүгінге дейін 30 гектар алқаптағы өнім толық жиналып, қалған 40 гектардағы алма өнімін жинау жұмыстары жалғасуда екен. Жиналған өнім сұрыпталып, ішкі нарыққа жөнелтілуде.

Шаруашылықта өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта алма мен басқа да жеміс-жидек өнімдерін ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойманың құрылысы қолға алынған. Бұл қойма өнімнің табиғи сапасы мен тауарлық қасиетін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, ең бастысы – еңбек ету, дамыту.

Сауран ауданы: Дәндік жүгері алқабы ұлғайып келеді
Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу