Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі

Oinet.kz 16-08-2026

Сауран ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 52 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол жобалардың жалпы құны 107 миллиард теңгені құрайды. Ал өнеркәсіп саласында 85 жоба, туризм саласында 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы 3067 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 миллиард теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр.

Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 миллиард теңге инвестиция тартылады. Басқа да 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түспек.

Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, ауданда Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр.

«Ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде биыл «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері іске қосу жоспарлануда», – дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, Ешжан Бектөре ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімінің көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Өткен жылы барлығы отызға жуық өндірістік орын ашылса, биыл да отыздан аса жобаны жыл аяғына дейін беру жоспарлануда.

Сауран ауданында егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өскен. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 миллиард теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 миллиард теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жаңа бағытта жандануда
Сауран ауданы: Кәсіпкерлікке қолдау: 50 шаруашылыққа арналған мал бордақылау алаңы салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу