Сауран ауданы: Кәсіпкерлікке қолдау: 50 шаруашылыққа арналған мал бордақылау алаңы салынуда
Сауран ауданында бүгінге дейін шамамен «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыз жеңілдікпен несиелендіру бойынша және «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 191 адам 1267,3 миллион теңге несие алған. Бұл ең алдымен аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына сеп болуда. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, мұның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп отырған шағын кәсіпкерлер де бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеумен айналысатын шағын және ота кәсіпорындар да осы аталған қаржы ұйымдарынан несие рәсімдеп, жұмысын жолға қойып келеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.
Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн. Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн. Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс», – деп Үкіметке тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда Сауран ауданында шағын және орта бизнеспен қатар ауыл шаруашылығы қатар қарқынды дамуда. Бүгінгі таңға ауданымызда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6867 жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандар саны 6751. Бүгінгі күні ауданда 2972 шаруа қожалығы мен заңды тұлғалар бар», – дейді бөлім басшысы.
Бүгінгі күні Сауран ауданында жергілікті шаруа қожалықтарымен бірлесіп, 40 гектар аумақта 50 шаруашылыққа арналған, жалпы құны 10 миллиард теңгелік заманауи мал бордақылау кешенін жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, құны 1 миллиард 200 миллион теңге болатын сервистік мал сою кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың басты мақсаты – ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыру, өндірістің тиімді тізбегін қалыптастыру, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту.
Ал ауданда тамақ өнімдерін өндіру саласында екі өндіріс орны жұмыс істеуде. Олар өнім көлемі 549,6 миллион теңгеден асырып отыр. Аап айтқанда, «Тұран» шаруа қожалығы сүт өнімдерін шығарса, «Яссы Құс» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіреді.
– Сауран ауданда іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетуге болады. Мәселен, Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 миллион теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Шаға ауылында «БНК АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын жүргізді. Ол жобаның құны 840 миллион теңгені құрайды. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салды. Бұл жобаның құны – 450 миллион теңге тұрады. Сондай-ақ Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асыруда. Басқа да жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре.
Жалпы, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 45,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдары жиналуда. Мал азығы үшін жем-шөп қоры жинақталуда. Егіс алқаптарында жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.


