Сауран ауданы: Басымдық ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға берілуде
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 392100 гектарды құрайды. Оның 44441 гектары суармалы, 3257 гектары шабындық, 344402 гектары жайылым. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, ауданда 2972 шаруа қожалығы мен заңды тұлғалар бар. Оның 45-і заңды тұлға болса, 2927-і шаруа қожалықтар. Қожалықтардың күшімен былтыр 44 мыңнан аса жер игерілсе, биыл 45 мыңнан аса жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған.
Жалпы елімізде осы жылдың жарты жылдығында тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайған. Ал ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, соның ішінде егін – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы министрінің дерегіне сүйенер болсақ, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард долларды құраған. Бұл былтырғы сәйкес кезең көрсеткішімен (2,2 миллиард доллар) салыстырғанда 36 пайызға артық. Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланған.
Есепті кезеңде Сауран аудандағы мал саны 800 мың басқа, құс саны 160 мың басқа жеткен. Сондай-ақ ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі осы жылдың 6 айында 38,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 36,7 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 19,9 пайызға артқан. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі.
Бұдан бөлек, ауданда ірі шаруашылықтар бойынша бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, Үшқайық ауылдық округінде «Иманқұл ата» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамыту жобасын, Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы жүзеге асыруда. Ал Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта майын өндіру цехы жобасын, Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы, Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы жүзеге асыру үстінде.
Сауран ауданында «Ауыл Аманаты» жобасы шеңберінде былтырғы жылдары 134 жоба қабылданған. Мәселен, Қарашық ауылдық округі бойынша құны 231,2 миллион теңгені құрайтын 41 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 169,3 миллион теңгені құрайтын 32 жоба, Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 94,9 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, Майдантал ауылдық округі бойынша 51 миллион теңгені құрайтын 10 жоба несие комитетімен мақұлданды. Осы жобалардың біразы «Ырыс МҚҰ» тарапынан қаржыландырылып, ол азаматтар бүгінгі таңда өзге облыстан сауынды сиыр және мүйізді ірі қара мен жылқы сатып алып, кәсіптерін бастап кетті. Дегенмен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданда жұмыстар әлі де жалғасуда.
– Егіс алқаптарына ағын су жеткізу мақсатында ауданда екі жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Атап айтсақ, ол жобалар Бабайқорған ауылдық округіндегі Сасықбұлақ су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың қайта құру жұмыстары мен Ақтөбе су қоймасынан егістікке апаратын тас арықтың құрылыс жұмыстары. Егер бұл жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алса, онда құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға бюджетке ұсынылатын болады. Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – дейді Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре.


