Сауран ауданы: Тиімді су бөлу – кәсіпорынның негізгі жұмысы
Диқан қауымы үшін ағын судың маңызы зор. Бүгінгі Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ирригация жүйесіне қатысты жұмыстар көптеп атқарылуда. Соның бірі – Сауран ауданында ирригациялар жүйесін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жобалар бар.
Егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Бабайқорған ауылдық округіндегі Сасықбұлақ су қоймасы мен Ақтөбе су қоймасынан егістікке апаратын тас арықтың құрылысын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалған. Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Су – тіршілік көзі ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды стратегиялық ресурсы. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және экожүйелерді сумен қамту – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі. Осы ретте Сауран ауданындағы суармалы жерлердің көлемі арттыру мақсатында Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніндегі «Ақтөбе» су қоймасынан егістікке баратын темір бетонды тас арықты жаңарту жұмыстары жүргізу көзделген болатын. Сауран ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының болжамды құны 725,3 миллион теңге мөлшерінде бекітілген. Жұмыс толық аяқталғанда Бабайқорған ауылдық округінің Бабай, Игілік елді мекендерінің суармалы жерлеріне су барып, егістік көлемі арттырылмақ.
Сондай-ақ, Бабайқорған ауылдық округіне Үлгілі елді мекеніндегі «Сасық бұлақ» су қоймасынан егістікке баратын темір бетонды тас арыққа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әбден тозығы жеткен бетон арықты реконструкцисына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралды. Тас арықтың жалпы ұзындығы 8,6 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме – «Казграждан стройпроект» ЖШС. Сауран ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының болжамды құны 419,5 миллион теңге көлемін құрап отыр.
Жалпы бүгінгі күні Түркістан облысында су тапшылығының алдын алу бағытындағы ірі жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы Түркістан облысында 29 су қоймасы мен 71 каналға күрделі жөндеу жұмыстары Ислам даму банкі арқылы жүргізілген. Оған бөлінген қаржы 137 миллиард теңге. Жалпы өңірдегі су қоймалары мен каналдардың 60 пайызы ескірген. Оның үстіне, ағын су тапшылығы, шаруалардың адымын аштырмай отыр. Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасы пайдалануға беріліп, 350 гектар алқап ағын сумен қамтылып, өңірде қолданыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 миллиард текше метрге жетті. Су қорын тұрақтандыру үшін алдағы жылдары Ордабасы мен Сауран аудандарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бұл жобалар өңірдегі су мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.
Еліміздегі суармалы жердің 4/1 бөлігі Түркістан облысында. Өңірде 554 мың гектар суармалы алқап бар. Облыс аумағында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 4180 канал, 1256 қашыртқы, 42 су қоймасы орналасқан. Жартысынан көбі ескірген. Аталған су нысандарының 60 пайызы «Қазсушар» мекемесінің балансында. Облыстық филиалы былтыр су шығынын азайту мақсатында 320 каналдың түбін тазалаған. Бұл жұмысты «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізген.
«Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Досхан Лесовтың айтуынша, өңірде жылына 9 мың гектарды қамтитын су үнемдеу технологиясын өндіретін мүмкіншілігі бар екен. «Біз 2025 жылы параболалық бетон лоток шығаратын зауытты іске қостық. Бұның қуаттылығы тәулігіне 15, жылына бес дана шығаруға мүмкіндік болады. 5 мың дана дегеніміз 6 метрден болады біреуі, 30 шақырым болады. Өзімізден су алатын шаруаларға біз лотоктар мен су үнемдеу технологияларын енгізуді қолға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Мамандар су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеп, өнімділікті үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады. Оған былтыр Отырар ауданында 32 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен егілген мақтадан гектарына 60 центнерден алынған өнім дәлел бола алады. 2025 жылы өңірде су үнемдеуге бағытталған инновациялық технологиялар енгізілген жер көлемі 114 мың гектарға жетті. Биыл, 2026 жылы қосымша тағы 50 мың гектар қамтылады деп күтілуде», – дейді ол.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, биыл Сауран ауданындағы «Қосқорған» су қоймасында 1 миллион текше метрден аса су жиналып, диқандарға кесте бойынша босатылуда. Мемлекет басшысының жаңа тарифтік саясатына көшу тапсырмасына сәйкес, кәсіпорынның 5 жылдық инвестициялық бағдарламасы әзірленіп, жаңа тарифтік смета уәкілетті органмен бекітілген. Атап өтерлігі, «Тұран су» мекемесінің негізгі қызметі – мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы мен құрылыс нысандарын күтіп ұстау, пайдалану, елді-мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Кәсіпорын 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруа аралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникамен жабдықталған. Мекеме Сауран ауданымен қатар Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Арыс, Кентау, және Түркістан қаласындағы 108,6 мың гектар алқапты суаруға қауқарлы.


