Сауран ауданы: Егіс алқаптарын тамшылатып суару өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді
Сауран ауданында өндіріс саласын дамыту және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елде су тапшылығын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы саласына жаппай су үнемдеу технологияларын жедел енгізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Түркістан өңірде су үнемдеу технологияларын шығаратын үш зауыт іске қосылды. Соның бірі – «Turan Su» кәсіпорны. 2019 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде Сауран ауданындағы маңызды өндіріс орындарының біріне айналып отыр. Мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, кәсіпорын су үнемдеу технологияларын дамыту мақсатында индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауытты іске қосқан.
Президентіміз «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су ресурсы мәселесіне ерекше тоқталған болатын. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек» деп атап өткен еді.
Мемлекет басшысы атап өткендей су мәселесінде біз көрші елдерге тәуелдіміз. Бұл мәселені шешу Үкімет пен жергілікті билікке тапсырылған. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының бас маманы Дінмұхаммед Әбдіхалықтың айтуынша, облыста каналдарды тазалау, су қоймаларын ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. «Өңірде су шығынын азайту үшін 2025 жылы филал теңгеріміндегі каналдарда 750 шақырымнан астамы түгел дерлік механикалық тазалаудан өтті. Су қоймаларын суару маусымына дайындау, қажетті көлемді толтыру жұмыстары жүргізілді. Облыстағы суармалы жердің 63 пайызы трансшекаралық каналдарға тәуелді. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары ағынсуды көрші Өзбекстаннан алады. Сондықтан мамандар осы үш ауданды су үнемдеу технологияларына көшіруді қолға алды. Одан бөлек, су тапшылығын азайту, бар суды тиімді пайдалану мақсатында биыл 30-ға жуық су қоймасы мен мың шақырымға жуық канал мен қашырқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде», – дейді ол.
Президент сөзіне тоқталар болсақ, Мемлекет басшысы Жолдауында су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет екенін айтты. Осы ретте Сауран ауданында жұмыс істеп жатқан кәсіпорында тамшылатып суару жүйесіне арналған арнайы ленталар, полиэтилен құбырлары мен рус шлангілері өндіріледі. Бұл өнімдер егіс алқаптарында суды үнемдеп пайдалануға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, өндірістің жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын шығаруға жетеді. Сонымен қатар, зауытта жылына 5256 дана полиэтилен құбырлары мен 2117 шақырым рус шлангілері өндіріледі. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның өңірдегі ірі өндірістік жобалардың бірі екенін аңғартады.
Қазіргі таңда өндіріс орнында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Кәсіпорында жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Мамандардың біліктілігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру және өндіріс тиімділігін күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Өндіріс барысында заманауи технологиялар мен сапалы шикізат пайдаланылады. Кәсіпорында шығарылатын өнімдер сапа талаптарына сай дайындалып, ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігіне бейімделген. Әсіресе, су тапшылығы мәселесі өзекті болып тұрған қазіргі кезеңде тамшылатып суару технологиясының маңызы артып келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Мәметтің айтуынша, тамшылатып суару жүйесі суды үнемдеумен қатар, егіс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл технология арқылы су тікелей өсімдік тамырына жеткізіліп, ылғалдың бос шығыны азаяды. Нәтижесінде су ресурстары тиімді пайдаланылып, шаруалардың шығыны төмендейді.
«Turan Su» кәсіпорнының негізгі мақсаты – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі аграрлық секторды жаңғыртуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де ықпал етеді.


