Ролан Ибрагимов қызметінде қала бере ме?

Oinet.kz 26-03-2020 1081

Screenshot_3.jpg

Елде жариялаған төтенше жағдайдан кейін мемлекет басшысы атқамінерлерге жүктелген талапты күшейтті. Дәл қазіргі жағдай еркелікті де, қателікті де көтермейді. Шенеуніктердің сыналар сәті енді келді.

Өкінішке қарай, осындай қысылтаяң кезде дау-дамайдан көз ашпаған, өзіне жүктелген сенімді ақтай алмай, отставкіге сұранып тұрған шенеуніктер де жоқ емес. Олардың арасында білдей басқарманың басшысы да бар. Таратыңқырап айтайық.  

Түркістан облыстық Әдеп жөніндегі кеңес өткен аптадағы отырысын онлайн режимінде өткізді. Елде өршіп бара жатқан коронавирус індетіне байланысты  жарияланған төтенше жағдайдан кейін кеңес мүшелері шалыс басқан мемқызметкерлерді облыс орталығына сандалтпай, жауапты тікелей байланыс арқылы алғанды жөн санады. Әрине, бұл тәртіп тек ауданда жүрген атқамінерлерге қатысты. Ал күн тәртібінде мәселесі майшаммен қаралған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов сол Түркістанда отырып, таяқ тастам жердегі жиынға арнайы шақыртылғанымен келмей қалды. Нендей себептермен бара алмайтынын алдын ала ескерту де жоқ. Басқарма басшысының мұнысы Әдеп кеңесін менсінбеуі ме, әлде жауапкершіліктен жалтаруы ма, түсінбедік. Қалай десеңіз де атқарып отырған лауазымына жараспайтын әдеп екендігі рас.  Жастығына қарамастан облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев үлкен сенім артып, облыстағы білдей басқарманың тізгінін ұстатқан басшының тірлігінен кейінгі кездері дау-дамайдың көп шығып жүргені де күдігімізді қоюлатып отыр. 

Жалпы, Ролан Ибрагимовті Шөкеев шеттен әкелген жоқ. Бұған дейін осы басқармада қарапайым маманнан бастап басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейін өскен. Еңбек жолына қарасаңыз, бір кездері прокуратура органдарында да тәжірибе жинаған. Ал бұл салада істегендер заңды шемішкеше шағатыны бесенеден белгілі.  Бірақ  Ибрагимов басқарманың басшылығына келгелі мердігерлермен соттасу көбейген, ол аз десеңіз соттасуларда басқарма ұтылып, талап арыз беруші мердігерлердің уәждері орынды деп табылған. Кеңесте жария етілген бір-екі мысалға ғана тоқталсақ.  

Былтыр наурызда басқарма  Шардара-Арыс-Темірлан тас жолының 25-47 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге тендер жариялаған.  13 наурызда тендерлік комиссияның шешімімен (басқармадағы тендерлік комиссияға Р.Ибрагимовтың өзі төрағалық етеді)   «Прогресс KZ» компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал онымен бірге түскен «Еркін-Сенім» ЖШС-і конкурстан шеттетіледі.   Жеңілген компания  ішкі мемлекеттік аудит комитетіне арызданады. Осы органның талабымен конкурс қайта өтеді. 22 мамырдағы конкурста тағы да «Прогресс KZ»-тің асығысы алшысынан түскен. Осыдан кейін «Еркін Сенім» сот төрелігіне жүгінеді. Сотта конкурсқа 557 867 000 теңге қарастырылғаны,  «Прогресс KZ»  555 077 665 теңге,  ал «Еркін Сенім» 513 237 123 теңге баға ұсынымын бергені анықталады. Бірақ екіортадағы айырмашылық 40 миллион теңгеден асатынына қарамастан басқарма алдыңғы компанияны жеңімпаз деп тапқан. Осыдан кейін комиссияның бүйрегі бюджетке емес, «Прогрессе KZ» компаниясына бұрып тұр емес пе?!  Осыны ескерген сот талап арызды қанағаттандырған. Осы шешім негізінде конкурстық коммисияның шешімі бұзылып, ақыр соңында «Еркін Сенім» жеңімпаз деп танылған. Басқарманың сот шешіміне апелляциялық шағым бермегені де «апам да аң-таң, менде аң-таң» тірлікті байқататын сияқты. 

Келесі факті де алдыңғысынан аумайды. Басқарма жоғарыда аталған тас жолдың 0-25 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге тендер жариялайды.  19 наурыздағы қорытынды хаттамасына сәйкес «Прогресс KZ»  жеңімпаз деп танылған.  «Еркін-Сенім» ЖШС бұл жолы  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен шеттетілген. Тағы да соттасу басталған.  Сот бұл жолы да «Еркін Сенім» баға ұсынымын «Прогресске» қарағанда төмен бергенін  анықтайды (екіарадағы айырма 39 миллион теңгені құрайды). Нәтижесінде сот талапкеродің арызын қанағаттандырады.  Комиссияның шешімі бұзылып, келесі конкурста «Еркін Сенім» жеңімпаз деп танылған. 

Жалпы былтырғы жылды Ибрагимов сотқа талап арыз берумен өткізген сияқты. Бірақ ұдайы жеңіле бергені байқалады. Басқарма кейбір компаниялардан мойнына алған міндеттемелерін дер кезінде орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіру жөнінде сотқа талап арыз береді.  Алайда сот оны негізсіз деп табады. Жоғарыда аты аталған «Еркін Сенімді» қара тізімге енгізу үшін де төрелікке жүгінеді. Сот оны да қанағаттандырмаған... Осы жерде сәл шегініс жасасақ. 

 Ибрагимовтың бір ай алдын облыстық мәслихаттың  тұрақты комиссиясында осы мәселені алға тартып, депутаттардан істің оң шешілуіне ықпал етуді сұрағаны еске түсіп отыр. Оның тілегі қанағаттандырылып, сотқа депутаттық сауал жолданатын болған. Бірақ заң бойынша сот шешімді тәуелсіз, бейтарап жағдайда қабылдайды. Соттың тірлігіне негізсіз араласу жауапкершілікке апарып соғатынын мамандығы заңгер Ибрагимовтың білмеуі мүмкін бе? Біледі. Ал білсе, оның  сотқа депутаттар арқылы ықпал етпек болған әрекетін қалай түсінесіз?! Көздегені не? Істің мән-жайынан толық хабардар емес халық қалулыларын арандату ма? Әрине, тендерде ұтқан мердігердің өз міндетін қалай орындайтыны өз алдына бөлек мәселе. Бірақ қалай болғанда да шенеунік жұмысын заң аясында атқаруы тиіс емес пе? Қалай атқарады бұл енді басшының іскерлігіне, біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты. Осыдан кейін істің қиюын келтіре алмаған Ибрагимовтың тірлігі шала болмағанда қайтсін?! 

Мердігерлермен соттасудың ақыры бюджет қаржысының қаңтарылып қалуына әсер етеді. Былтыр Түркістан облысында 3,4 миллиард теңге қаржының игерілмей қалып, осыған байланысты облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің әбден ашуланғаны, тиісті басқарманың басшылары мен аудан, қала әкімдерінің тәртіптік мәселесін қарауды тапсырғаны белгілі. Осыдан кейін біз облыстық  қаржы және мемлекеттік активтер басқармасына журналистік сауал жолдап,  аталған басқарманың басшысы Әбдірахман Тасыбаевтан хат алғанбыз. Хатта облыста игерілмеген қаржының ең көбі, дәлірегі  868,8 миллион теңгесі Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ ақпанда журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берген Ролан Ибрагимов басқармада бар-жоғы 26 миллион теңгені игерілмегенін айтып, бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловты  өтірікші қылғанын өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік.  

Сол жолы қаржының игерілмеуіне қатысты Ролан Ибрагимовке нендей тәртіптік жазаның берілгені бізге белгісіз. Бұл жолы Әдеп жөніндегі кеңес оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жазасын қолдану жөніндегі ұсынысты облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевке жолдады. Ибрагимов үшін енді отставканың ауылы де алыс емес сияқты. Айта кетері, жоғарыдағы фактілер бойынша дәл осындай жазаны Ибрагимовтың қарамағында істейтін бөлім басшысы  Шерзат Сүттібаевқа да беру туралы шешім қабылданды. Басшысынан асып кете алмайды ғой, ол да жиынға арнайы шақырылғанына қарамастан төбе көрсеткен жоқ. 

Сүттібаевқа қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жазаны қызметіне толық сәйкес емес Ибрагимовтың беретіні айтпаса да түсінікті. 

"Рейтинг" газеті

Димаш: Еліміздегі барлық дәрігерлердің айлығы көтерілсе жақсы болар еді
Қолма-қол ақшадан коронавирус жұғуы мүмкін бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу