​Христиан әйелдің мұсылман әйелдерге жазған хаты

Oinet.kz 07-11-2019 1349

Әйел.jpg

Сендер бізге қарағанда бақыттырақ көрінесіңдер. Өйткені, сендер әйелдің табиғи өмірімен тіршілік етудесіңдер. Батыс әйелдері де әлем жаратылғаннан бері әйелдер өмір сүріп келген өмір салтын 1960-шы жылдарға дейін ұстанып келді. Осы жылдардан кейін біз (америкалық әйелдер) Голливуд киноларының шабуылына, яғни азғырушылықтарына тап болдық. Мен сендердің де бастарыңа осындай күндердің келуін қаламаймын. Өйткені, соның салдарынан сендер де біз сияқты қорлықтарға душар боласыңдар. Егер сендер осындай азғырушылықтың нәтижесінде көп нәрсені жоғалтқан біз сияқты әйелдердің жан айқайына құлақ салсаңдар, бәлкім сендер бұл апаттан аман қаларсыңдар. Өйткені, Голливуд шығарып жатқан кинолардағы өмір өтірік, барып тұрған сұрқиялық. Олар кездейсоқ болған зинаның ешқандай зияны жоқ, жай ғана көңіл көтеру сияқты етіп көрсетеді. Сол арқылы қоғамның ар-ұят, әдеп-ахлақ қағидаларын жойып, оның орнына өздерінің зиянды, улы бағдарламаларын енгізуді қалайды. Америкалық әйелдерді бүкіл әлемге бақытты етіп көрсететін, отбасымыз бен, күйеуіміздің жоқтығымен, және жезөкшенің киімі іспеттес киімдерімізбен бізді көңілі шат әйел ретінде көрсететін, құмарлықты қоздыратын фильмдер, және клиптермен олар сендерді де азғырып, бастарыңды айналдырмақ. Маған сеніңіздер біздің көпшілігіміз бақытты емеспіз. Біздің арамызда миллиондаған әйелдер стреске қарсы антидепрессанттармен емделуге мәжбүр, ал түндері жақсы көретіндерін айтып, құмарларын қандырған соң тастап кететін еркектердің кесірінен жылаумен өтеді. Олар сендердің де отбасыларыңды бұзуды, және аз балалы болғандарыңды қалайды. Осы мақсатта олар күйеуге шығуды өзін құлдыққа итермелеу, ана болуды қорлық, ал арлы, пәк болуды артта қалушылық, кері тартпалық деп көрсетеді. Олар Хауа анамызды тыйым салынған жеміспен алдаған Ібіліске сияқты. Оған алданбаңдар! Мен сендерді қымбат, бағасы гауһардай, таза алтындай қадірлі әйелдер деп санаймын. Әйелдің ар-намысы – баға жетпес байлық. Ал олар болса мұны арзан деп сендіруге тырысуда. Әйелдің қадірін ештеңемен теңестіруге болмайды. Батыс модасының міндеті «Сендердегі ең бағалы нәрсе – құмарлықты қоздырарлық сыртқы келбет» деп сендіру. Бірақ бұл қаншалықты оғаш естілсе де, сендердің әдемі жабық киімдерің батыстың кез-келген мода үлгісіне қарағанда әдемі. Өйткені олар сендерді құпиялық шеңберіне орап, сендердің ар-ұят, асқақ абыройларың мен имандарыңды көрсетіп тұрады. Әйел өзінің жыныстық тартымдылығын жат көздерден сақтауы тиіс. Өйткені, ол сені сүйетін, және құрметтейтін, сенімен тұрмыс құратын адамға сыйлық болу тиіс...

Біздің еркектер пәктікке мән беруді қойды. Олар шынайы бриллианттың қадірін түсінбей, сырт көрінісі әдемі жасанды тастарды таңдайтын болды. Таңдағанда да, оны уақытша пайдаланған соң тастап кету үшін таңдайтын болды! Сендердегі ең қымбат нәрсе – сендердің ішкі сұлулықтарың, пәктіктерің, және өздерің қандай болсаңдар солай шынайы көрсетулерің. Солай болса да мен мына нәрсені байқаудамын. Кейбір мұсылман әйелдер батыстықтарға еліктеп, соларға ұқсауға тырысуда. Өз абыройынан айрылғанына өкініп жүрген, немесе сол абыройдан жақын арада айрылатыны анық батыстық әйелдерге еліктеудің не қажеті бар? Сендер ақаусыз, мінсіз алмазсыңдар. Сендерді алдауға, құны жоқ тастарға айналдыруларына жол бермеңдер. Сендер көріп жүрген батыстың мода журналдары мен теледидарларындағы көріністердің барлығы жалған, көзбояушылық. Бұл – ібілістің тұзағы.

Батыстық әйелдерге қызығушылықпен қарап жүргендер болса, оларға мен кішкентай бір сырды ашайын. Некеге дейінгі жыныстық қатынас соншалықты қызық нәрсе емес. Біз өз тәнімізді сүйген еркектерімізге сеніп тапсырдық. Сол арқылы оларды бізді жақсы көріп, бізге үйленетін болады деп ойлаған едік. (жасөспірім кезеңде теледидарлардан көргеніміздей). Алайда бірге болудың кепілі ретінде некенің болмауы, және оның әрдайым жаныңда болатынына сенбеу жағымсыз, тіпті жаман әсер қалдырады. Бұл – қасірет, масқаралық және сезімдердің сөнуі болып табылады. Көз жасымызды көлдетуіміздің себепкері. Әйел ретінде мені түсінесіңдер деп ойлаймын. Өйткені, әйелдің көңіліндегі қайғы-қасіретті тек әйелдер ғана шынайы түсіне алады. Біз барлығымыз негізінде бірдейміз. Біздің нәсіліміз, ұлтымыз, немесе дініміздің өзгеше болуы мұны өзгертпейді. Әйелдің сезімі – барлық жерде бірдей. Біз жақсы көреміз. Бұл біздің қолымыздан келетін істердің ішіндегі ең жақсы орындай алатын ерекшелігіміз. Біз отбасымызды аялаймыз, үйде жайлылық, тыныштық орнатып, жақсы көретін еркектерімізді қолдап, күш-қуат береміз. Бірақ біз америкалық әйелдер қатты алдандық. Жақсы жұмысымыз болса, жалғыз тұратын жеке үйіміз болса, және қалаған адамымызға махаббатымызды ұсына алатын еркіндігіміз болса, сонда біз бақытты бола аламыз деп ойладық. Бірақ бұл еркіндік те емес, және махаббат та емес. Некелесіп тұрмыс құрған жұптар ғана бірін бірі шынайы түрде жақсы көре алады. Бұдан басқасына разы бола көрмеңдер. Өйткені, некесіз қатынас арқылы шынайы түрде жақсы көре алмайсыңдар, ал соның нәтижесінде тастандыға айналған кезде өздеріңді де жек көретін халге жетесіңдер.

Бұл күнә ешқашан жуылып кетпейді, ол қашанда өзіңе қиянат болып қайтады. Мен өз ар-намысымды қайтаруға тырыссам да, тапталған ар-намысымның қадірін қайтара алмаймын. Бізге жас кезімізден «мұсылман әйелдер төрт қабырға ішінде орамалмен оранып, зардап шегуде» деп миымызға құйып тастаған. Ал негізінде, зұлымдық көріп жүрген – біздерміз. Бізді қорлап жүрген моданың құлы, салмағымызды уайымдап әлек болған, ес жиюды қаламайтын, балалықтан шыға алмай жүрген еркектерден махаббат күтіп жүрген жандармыз. Санамыздың түкпірінде біз өзіміздің алданғандығымызды білеміз. Біздің кейбіріміз мойындамасақ та, іштей сендерге таңғалып, қызғаныш, және әуестікпен қараймыз. Өтініш, бізді кемсітпеңдер, және бізге осы жағдайымыз ұнайды деп ойламаңдар. Бұған біз кінәлі емеспіз. Жастық шағымызда көпшілігіміздің қорғайтын әкелеріміз болмады, өйткені біздің отбасымыз бұзылып кеткен еді. Бұған кімнің себепші екенін бәріміз білеміз.

Құрметті әпке-сіңлілерім! Сендерді де біз сияқты ақымақ қылуларына, жолдан тайдыруларына жол бермеңдер. Сендер тазасыңдар, пәксіңдер. Сол пәктіктеріңді сақтап қалыңдар. Біз христиан әйелдері, шынайы әйелдің қандай болу керектігін көруіміз керек. Бізге үлгі болуларың үшін біз сендерге мұқтажбыз. Өйткені, біз адасқан әйелдерміз. Өз пәктіктеріңді сақтаңдар!

Мына нәрсені ұмытпаңдар! Тіс пастасын қайтадан құтысына салу мүмкін емес. Сондықтан өз ар-намыстарыңды қорғаңдар! Менің сендерге деген таңданыспен, және шынайы құрметіммен жазған насихатымды қабыл етесіңдер деп үміттенемін!

(с) Жазушы, журналист – Джоанна Фрэнсис. (АҚШ)

Еркектерге арналған балабақша
Ол ең қымбат бағаны төледі!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу