«Үйіміз мәйіт сасып кетті»: Алматылықтар туыстарын жерлей алмай отыр

Oinet.kz 26-06-2020 2103

Алматыда қайтыс болған адамдарды туыстары жерлей алмай отыр. Кейбір азаматтар тіпті ақымын да қазып қойған. Алайда сот сараптамалық институты өкілдері көз жұмған адамдардың денесін бермеген. Мәселе "короновирустан қайтыс болмаған" деген анықтамада болып шықты деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_3.jpg

Туыстары қайтыс болған азаматтар Алматы қаласы бойынша сот сараптамалық институты ғимаратының алдында өздерінің наразылығын білдірді. Тұрғындардың кейбірінің туыстары үйінде көз жұмған. Айтуларынша, марқұмдарды иісі шығып кетпеуі үшін ең болмаса салқын жерге жатқыза тұрайын десе, орталық мәйітхана қайтыс болғандардың денесін қабылдаудан бас тартып жатыр екен. Енді олар күннің ыстығында дене бұзылып барады, үйіміз өлік сасып кететін болды деп дабыл қағуда.

"Біздің 80 жастағы апамыз қайтыс болды. Сарапшы келіп COVID-19 сынама алып мәйітке ешкім жақындамасын деп айтты. Апамыздың денесі үйде. Енді ешқандай салттық қызмет өкілдері де жолай алмауда", - дейді қала тұрғыны Екатерина Холюченко. 

Азаматтардың кейбірі қайтыс болған жақындарының денесі бұзылып кетпеу үшін сот сараптамалар институтына өткізіпті. Алайда тест қорытындысы шықпауы себепті мәйітті бермей жатыр екен. Кей азаматтар марқұмды Атырау, Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент, Талдықорған сынды туған жерлеріне апарып жерлеуді көздейді. Олар сараптама тездетіп жүргізілмесе, өлген адамның денесі бұзылып кететін болды деп ашынуда. Тұрғындардың айтуынша, тіпті жерін алып, ақымын қазып та қойған екен. 

"Ешқайда бара алмай жатырмыз жерлеуге. Ешқандай, ешкімнен көмек жоқ. Кеше келіп әрең өткіздік. Екі күннен кейін. Үйде сасып кетті. Енді соны ала алмай жатырмыз. Анализ келмей жатыр. Еш жер қабылдамай жатыр", – дейді қала тұрғыны Мұрат Құсайынов. 

Мәйіттерден алынған биоматериалдарға сараптама жасайтын ұлттық сараптама орталығының өзі карантинге жабылып қалған. Сараптама да жүргізілмейтін көрінеді. Анықтама ала алмағандар орталыққа барып та мардымды жауап ала алмаған. Телеарна тілшілеріне телефон арқылы жауап берген сот сараптама институтының өкілдері мәйітханада оннан аса дене жатқанын мәлім еткен. Зерттеу қорытындылары болмауы себепті денелерді бере алмай отырғанын айтады. 

"Қазір біздің мәйітханада 13 дене жатыр. Оның ішінде 10 денеде ковид нәтижелері жоқ. Зерттеу справкалары болмаса да біз қабылдаймыз. Қазіргі уақытта ең проблемасы нәтижесі. Ковид бойынша зерттеу. Оны денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын зертханалар істейді", – дейді Жамбыл Бекжанов. 

Ұлттық сараптама орталығының өкілдері еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері "ауруханадан тыс жерде қайтыс болған адамдардың денелері коронавирус анықтамасынсыз жерленеді" деген қаулыға қол қойғанын хабарлады. Алайда нұсқау сот сараптамалар орталықтарына әлі де болса берілмеген. Сондықтан әзірге ешкімге туыстарының мәйіті берілмеген.

«Қайғы үстіне қайғы жамалды»: Телепродюсер Бейсен Құранбектің анасы туралы айтты
Тұмар тіл-көзден сақтай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу