Оңтүстікте 106 этнос тұрады

Oinet.kz 27-04-2019 1210

Screenshot_2.jpg

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің,  қасиетті Отанымызда өмір сүріп жатқан барлық этностар достығының ең басты және берік іргетасы. Ол елдігіміздің қалыптасу, Тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, Қазақстан Республикасының Конституциясын жалпы халық болып қабылдауда, терең экономикалық реформалар жүргізуде және қоғамымыздың әлеуметтік және саяси негізін ауқымды жаңғыртуда айрықша рөл атқарды. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің көпұлтты халқымыздың бірлігін сақтайтын мәңгілік қорғанына айналды. Ол бірлік,  тұрақтылық, толеранттық, жалпыға ортақ еңбек, патриотизм сияқты ортақ құндылықтарымызды қазақстандықтардың санасына сіңіруде...»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға Ассамблеяның 20 жылдығы мерекесіне орай осылай деп жүрекжарды құттықтауын арнаған болатын. Иә, расында да «Қазақстан» атты алып шаңырақтың шайқалмай, босағасының берік болуына мемлекетімізде мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың арасындағы татулықтың көп септігі тиіп жатқанын күнделікті өмірде өзіміз де көріп-біліп жүрміз. 

Оңтүстік Қазақстан көпұлтты облыстардың бірі есептеледі. Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, бүгінде облыста 106 этнос өкілдері қоян-қолтық, тату-тәтті ғұмыр кешуде екен. Өңірімізде есепке алынған 2 734 734 тұрғынның 1 991 272-сін жергілікті ұлт өкілдері құраса, одан кейін саны жағынан өзбек ағайындар мен орыстар және тәжіктер жиі қоныстанған. Жалпы алғанда қай ұлттың, этностың өкілі болсын өз ана тілдерін дамытып, тарихын тануына, салт-дәстүрлерін жаңғыртуға жан-жақты мүмкіндік берілген. Өңірімізде қазіргі таңда 20 этномәдени орталық пен олдардың аудан, қалалардағы 51 филиалының қызу жұмыс істеп жатқаны осы сөзімізге дәлел бола алады. Сондай-ақ, өңірімізде өзбек, орыс драма театрлары жұмыс істейді. Достық үйі мен Достық мұражайы да ұлттар арасындағы достықтың үлкен дәнекері қызметін атқарумен келеді. Бұл туралы мәліметтер бізге ақпарат құралдары арқылы жақсы таныс. 

Әрине, судьялар үшін азаматтармен процессуалды емес байланыс жасауға шектеулер қойылғанымен, біз де қоғамның бір мүшесіміз. Сол себепті де қоғамнан мүлдем алшақ ғұмыр кешу мүмкін емес. Біздің де құдай қосқан көршілеріміз, тағдыр жолықтырған дос-жарандарымыз бар және олардың арасында өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың өмір салтынан байқайтыным, әр ұлттың өкілдері өздеріне қатысты ұлттық, діни мерекелерін еркін тойлай алады. Мәселен, орыстар «Рождествосын», «Масленницасын»,  татарлар «Сабантуйларын», тағы да басқа мерекелерін шат-шадыман күйде тойлап жатады. Олардың ұлттық мерекелері мен ана тілдерін қалай ұмытпайтынын сұрағанымызда жоғарыда аталған этномәдени орталықтар жанынан арнайы жексенбілік мектептердің ашылып, жұмыс істейтінінен хабардар болдық. Ол мектептердің есігі келем деушілердің кез-келгеніне ашық екен. Шынымды айтсам, өзге ұлт өкілдеріне осыншама жағдай жасап отырған өзге мемлекеттерді өз басым білмейді екенмін. Сыйға сый дегендей, өзге ұлт өкілдері де осындай мүмкіндікке жол ашқан қазақтарға деген алғыстары шексіз. Осы жағдайдан-ақ Ассамблеяның ел ынтымағын арттырудағы ролінің айрықша орын алып отырғанын байқауға болады. 

Жоғарыда айтылған статистиканы әр қарай сабақтай түсер болсақ, облысымызда таза өзбек тілінде дәріс беретін 59, орыс тілінде оқытатын 9, тәжік тілінде білім беретін 3 мектеп бар. Сол секілді орыс тілінде шығатын 19, өзбек тілінде жарық көретін 11 басылымның бары да өзге ұлт өкілдеріне деген құрметтің тағы бір көрінісі бола алады.          

Әлемнің көптеген елдерінде ұлттар арасындағы қақтығыстар, дау-дамайлар, келіспеушіліктер белең алып тұрған бүгінгідей кезеңде Елбасының қатысуымен биыл Астанада «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» деген әдемі атаумен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы әлем халықтары үшін үлгі боларлықтай ерекше оқиға болғаны рас.  Осы тұста айта кеткен жөн, тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз қоғамдық, этносаралық келісімнің дүние жүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз барлығымыз болып осы игі істі әрі қарай жалғастыруымыз қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, татулық бар жерде береке салтанат құратыны, ал ынтымақ ыдыраған жерден керісінше берекенің қашатыны өмірдің өзі дәлелдеген дүние.   

Қуандық Мырзахметов,

Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған  ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Oinet.kz мұрағатынан, 2015 ж

Меруерт Түсіпбаева: «Келін құл емес, бір үйдің өбектеп отырған қызы»
Біржынысты неке, гей-парад, гей клуб - Құдайсыздық дүрмегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу