«Тоқал» фильмі жайлы

Oinet.kz 06-09-2019 1516

9b125759f331fe4b20c79957d815b162-big.jpg     

«Тоқал» фильмі кинотеатрда көрсетіле бастаған күннен халық ұлардай шулап кеп қоя берсін. «Бұл не сұмдық, бұл не масқара?», «Орыс режиссері қазақ қызын шешіндірді», «Тәрбиелік мәні жоқ дүбара фильм-сымақ», «Мұндай ұятсыз фильмді көргенше, өлген артық» деген біржақты пікірлерде есеп болмады. Және дәл сол сәтте әнші Қыдырәлі Болманов та бүкіл Қазақстанды құтқарып қалғаны жөнінде сұхбат берді. Яғни, жер мәселесіне қатысты митингіге шыққандарды «тоқал аламын» деп алдаусыратыпты. Сонда жұрт жер мәселесін мүлде ұмытып, тоқал тақырыбын қызу талқылап кеткен көрінеді. 

Бұл жерде біз неге Қыдырәліні еске алдық? Біздіңше, ол пиар қадам жасаған секілді. Мүмкін кездейсоқтық шығар. Қыдырәлі тоқал жөнінде сұхбат бергенде кинотеатрларда «Тоқал» фильмі жүре бастады. Бір жағы Қыдырәлі, бір жағы жұрт жаппай жамандап шыға келгесін, біз де ақыры фильмге баруға шешім қабылдадық. Бардық. Көрдік. Ой түйдік. Сонымен, «Тоқал» көпшілік айтқандай нашар фильм бе? 

Бірден айтайық, «Тоқал» - қазақстандық өнім емес. Бұл фильмді АҚШ киностудиясы түсірген. Режиссері – ресейлік Евгений Чельцов. Әу баста басты рөлде – Марк Дакаскас ойнапты. Отағасы болып. Тіпті, өткен жылы фильм жартылай аяқталып, трейлері де шыққан. Бірақ, кейіннен фильмді қайта түсіріпті. Бұл жолы отағасы рөлін қазақ актері – Ерік Жолжақсынов сомдайды. Шамасы, аты қазақша болғанымен, заты шет елдік болып кеткесін, продюсер киноны біраз қазақыландырмақ болғанға ұқсайды. 

Жалпы, көпшілік «Тоқалды» ұятсыз фильм деп жерге ұрды. Ал, ұятсыз көріністер 1 сағат 40 минуттық фильмде екі жерде 20 секунд көрініс тапқан. Кезінде депутаттарға дейін Ермек Тұрсынов түсірген «Келінді» әбден сынап еді ғой. Сонда әйгілі режиссер Болат Атабаев күйіп кетіп: «сол көріністен басқа ештеңе көрмедіңдер ме? Бұл - эстетикалық талғамы жоғары фильм. Режиссерге басымды иемін» деп айтқаны әлі есте. 

Әрине, фильм қазақ менталитетіне сай емес, бізге Еуропа мәдениетін тықпалайды деп «Тоқалды» толықтай жоққа шығарсақ болады. Мысалы, мұнда тоқал емес, көңілдес тақырыбы қозғалған. Көрерменді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын бірді-екілі көрініс бар. Фильмдегі кейіпкер қыз – тоқал емес, ойнас! Нақсүйер! Тоқалдан садақа кеткір! Иә, көпшілік осылай деп аяусыз сынап жатты. Бұны әлеуметтік желідегі пікірлерден, Казнеттегі мақалалардан оқыдық. Осы айтылғандарға еш ойланбай қосылуға да болатын еді. Дегенмен, біз әуесқой кино сыншысы ретінде бұл фильмге сәл басқаша қарап көруге тырыстық.   

Сын тұрғысынан (патриоттық тұрғыдан емес) алып қарасақ, фильм өте сәтті шыққан. Әлемдік стандартқа сай жоғары сапасын айтпай-ақ қояйық. 1 сағат 40 минут зымырап өте шықты. Көрермендер «ары қарай не болады екен?» деп ынтығып, кейіпкерлері үшін алаңдап отырды. Ешкім залдан шығып кетпеді. Соңына дейін тырп етпей отырып көрді. Яғни, оқиғаның басталу-даму-шиеленісу-шарықтау шегі секілді динамика заңдылықтары сақталған. Жұрт күткендей шаблонды көріністер сирек кездесті. Бізді осы жағы қуантты. 

...Орта жасар еркек. Есімі Қайрат. Бота есімді әйелі, екі қызы бар. Қайрат үйіне келген сайын әйелін еркелетіп, қыздарына әкелік мейірімін төгуден шаршаған емес. Тату-тәтті отбасы. Қайрат ірі корпорацияны басқарады. Іскер. Мұнда өзінен үлкен бір-ақ бастық бар. Бірақ, ол Қайратқа өте жайлы. Себебі, ол – қайын атасы. Иә, түсіндіңіздер. Қайратты мұндай ен байлыққа, беделге әйелінің әкесі жеткізген. Қысқасы, бәрі керемет. Ертегі. Дегенмен, Қайрат періште емес. Пенде. Ол бір жас қызбен көңіл қосады. Екеуі екі жыл жүреді, күледі, ойнайды. Дегенмен, Камила мұндай жасырын жүрістен шаршағасын, Қайратқа талап қояды. «Әйеліңмен ажырас» деп. Дегенмен, Қайрат бұған пысқырып та қарамайды. Камила не істерін білмей дал болады. Өйткені, ол Қайратты сүйетін еді. Оның әйелі болғысы келді, көңілдесі емес. Сосын, бір күні ол Қайратқа тосын сый жасайды. Жүкті екенін айтып. Қайрат абдырап қалады. Кейін оның құрсағында ұл екенін білгенде, Қайрат жүрегі жарылардай қуанады. «Ізбасарым дүниеге келеді» деп. Ақыры, ұлы дүниеге келгенде, ол бәйбішесін тастап, Камилаға кетеді. Екеуі 1 жылдай бірге тұрады. Дегенмен, осы бір жылда Қайрат Камиланы сүймейтінін түсінеді. Екеуі жиі ұрысып қала береді. Бұрынғы махаббат, бұрынғы романтика жоқ. Тұрмыс тауқыметі әбіржітіп жіберген. Бизнестегі бақталас әлдебір топтар оның мансапқұмар, ақшақұмар қайнысын пайдалануы салдарынан  ол астыртын ұйымдастырылған  ойындардың  құрығына түсіп қалып өте маңызды жобаны сәтті қорғай алмай  сүрінді. Кешегі сүйікті, іскер күйеу балаға онсыз да ренжулі  қайын атасы жолын жауып тастады. Қайрат түсінде әйелін көретін болды. Оны сағыныпты. Ақыры, фильм соңында Қайрат жүгін жинап, Камиладан да кетіп қалады. Ертесіне Камила Қайратты іздеп, Ботаға барады. Бота оның жоқ екенін айтады. Сонымен бітті...  

Қысқаша мазмұнын айттық. Мұнда жанама рөлдегі кейіпкерлер де фильмді қыздыра түскен. «Тоқалды» тек отбасылық драма деп қоя салған аз. Мұнда қоғамдағы келеңсіз жайттар еш боямасыз көрсетілген. «Атаның малы балаға мал болмайды» деген сөз бар ғой. Кішкентайынан байлыққа малынып, босбелбеу болып өскен Сапар (Ботаның інісі) көлденең көк аттыларға еріп, ақыры әкесінің корпорациясын банкрот қылуға сәл-ақ қалады. Ұлының мұнысына қатты ашуланып күйінген әкесі Темірланның жүйкесі сыр беруінен  инсульт алып, о дүниеге жүріп кетеді. Арам ойлылардың арбауына түскенін кеш түсінген ұлы әкесінен кешірім сұрайды. Осы тұста терең ойланарлық мәселе, әкесі «жоқ ұлым мен емес сен кешір!»деп дұрыс тәрбие бере алмағанын аңғартады. Ақша табуға жанталасып жүріп бала тәрбиесін бірінші орынанан ысырып тастау расында да өмір шындығы ғой. Бұлайша әкесінің ұлы алдында өз мінін  мойындай білуі, түсінуі  өзгедер үшін сабақ болар-ақ жайт. 

Әрине, отбасы бар еркекпен көңіл қосқан Камиланың әрекеті құптарлық емес. Бір жағынан оны құрбысы Сая: «Қайратты әйелінен ажырастыр. Немесе жай ғана ақшасын пайдаланып жүре бер. Кейін өз теңіңе тиерсің. Әзірге жас кезде ойнап күл» деп азғырады. Себебі, өзі сондай еді. Жеңіл ойлы. Бірінші орынға ар-ұят, отбасы құндылығын емес, жылтырақ дүниені қояды. Боянып-сыланып, қысқа киініп, отбасылы Сапарды «жүзік әпер, көлік әпер, шетелге қыдыртшы» әбден пайдаланады. Бір күні Камила Саяға өзінің екіқабат екенін айтқанда құрбысы оған «есің дұрыс па, баланы алдыртып таста, болашағыңды ойла» деп ақылын айтады. Дегенмен, Камила баланы тууға бел буады. Қайрат жарты жылдай қарамай кетсе де. Осы арқылы фильмінің бас продюсері Гаухар Нұртас (бәйбіше рөліндегі Бота) жасанды түсікке қарсы екенін білдіреді. Өте дұрыс! 

Балалар. Қос қыз. Олар орысша ойлап, орысша-ағылшынша сөйлейді. Қазақилықтан жұрдай. Себебі, орысша тәрбиемен өскен. Кезінде Совет Одағы тұсындағы зиялы қауым өкілдері бала-шағаларын орысша оқытып-шоқытқан ғой. Қазақ тіліне деген сенім болмағасын. Өледі деп ойлағасын. Әлде өздері өлтіргісі келді ме, кім білсін. Осының салдарынан балалары дүбара болып өсті емес пе? Не орыс емес, не қазақ емес. Бұл дерт қазіргі қазақ қоғамында әлі де бар. Бай-манаптар балаларына қазақша тәрбие беруге қорсынады. Салт-дәстүрге, қазақы жөн-жоралғыларға менсінбей қарайды. Бәрі емес, көпшілігі. Батысқа еліктейді. Бұл мәселе фильмде көрініс тапқан. Арыстай азамат Темірланды бақи  дүниеге аттандыру рәсімінде жоқтау айтылмады. Қаралы отбасы қара киім жамылып жүр. Еуропалықтар секілді. 

Айтпақшы, фильм «әкенің күнәсі үшін балалары жауап береді» деген эпиграфмен басталады. Осы сөзден-ақ фильмнан пәлсапа күтіп едік. Пәлсапа шықты. Мысалы, біреулер күйеубаласы қайын атасынан тоқал жөнінде ақыл сұрап барғанын ерсі санады. Әрине, орынды. Ерсі екені анық. Дегенмен, бұл жерде режиссер қайын атаның эмоциясын көрсеткісі келді. Неге? Себебі, оның тоқалы бар. Өткен өмірінде істеген күнәсі бар. Ол күйеубаласын керемет түсініп тұр. Сондықтан да оған тұщымды жауап қайтара алмады. 

Бота анасына күйеуінің опасыздығын айтып жылап келеді. Сонда анасы қызын құшақтап, мұндай жағдай өзінің де басынан өткенін айтады. «Сенің әкеңнің тоқалы, одан екі баласы бар» деп қызына жабулы қазанды ашып береді. Бірақ, отбасы бақыты үшін күйеуіне үндемегенін айтады. «Сен де отбасыңды сақтап қалуға тырыс. Балаларды әкелерінен бездірме» деп кеңес береді. Міне, осы жер жұртты сүйсіндірді. Не деген ақылды ана деп разы болдық. Ажырастыратын емес, бітістіретін. Ал, қызы анасын тыңдайды. Негізі, фильмде бәйбіше мен тоқал бет жыртысып, шаш жұлыса ма деп ойлап едік. Жоқ, мұндай шаблонды сюжетті көрмедік. Бота мен Камила бір-бірімен бір-екі рет қана тіл қатысқаны болмаса, артық ауыз сөйлеспеді. Камила ұрысқысы келіп еді, Бота тектіліктен аттап кетпейді. Осылайша, мәселені бейбіт түрде сабырмен шешуге болатынын көрдік.

Ең соңында Камила күйеуінен айрылып қалады. Тірідей. Қайрат одан кетіп қалады. Осыдан кейін Қайратты қайда кеткенін ешкім білмейді. Шындығында, оның қайда кеткені маңызды емес. Фильм авторлары «екі кеменің басын ұстаған суға кететін» осылай жеткіздеді. Әрі арғы астарының негізгі ойында  еркекті жексұрын көрсету сыңайы сезіледі. Қайратқа енді екі әйелі де, балалары да жоқ. Қыздары әкелерінен безсе, ұлы оны танымайды. Ал, өзгенің бақытын ұрлаған Камила күйеусіз, қу тізесін болмаса да, баласын құшақтап қалады. Бақытты бола алмады. 

Ал, жұрт қоймай айтып жүрген ыңғайсыз көріністерге келсек, мұнда режиссер өзінің шеберлігін көрсеткісі келсе керек. Халықаралық сыйлықтар алу үшін. Мысалы, егер фильмде ыңғайсыз көріністерді шебер көрсете білсе, әйгілі «Оскарды» алуға мүмкіндік жоғары. Шетелде сондай. Олар осындайды ерекше бағалайды екен. Ал, біздің менталитет мұндайды көтермейді. 

Фильмдегі бар ауыр жүкті қара нардай көтерген - Гаухар Нұртас. Бас продюсері, басты рөлді сомдайды. Оның айтуынша, туысқан сіңлісі опасыз күйеуінің кесірінен қайғыдан өлген екен. Фильмді сол сіңлісіне арнап түсіріпті. Фильм аяқталғанда Сәуле Тұяқбаеваға арналады делінген. Сіңлісі сол болу керек. Ал, фильмдегі қаржылық шығындарды өтеуге медиамагнат Арманжан Байтасов көмектескен. Және фильм аяқталғанда Қазақстандағы статистикалық деректер келтіріледі. Онда елімізде көптеген отбасылар осындай жайттардан ажырасып кеткенін жазады. Ойланайық дейді. 

Жалпы, біз фильмнен осындай ой түйдік. Оны мақтаудан да, даттаудан да аулақпыз. Тек, жеке пікірімізді айта кеттік. 

Абылай Сматуллаұлы,

Мұрағаттан, 2016 ж

Балаңызды құммен ойнатсаңыз...
Көше сыпыру әйелдердің жұмысы ма әлде еркектердікі ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу