Табиғи кереметі көп аудан

Oinet.kz 23-04-2023 400

Screenshot_5.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне Үкімет және Парламент баса назар аударуы керектігін айтты. Қазақстандық туризмнің әлеуеті зор әрі көрікті жерлердің көптігін айта келе, Президент жұрттың әлі де ол жерлерге барып демалуына қолы жете бермейтініне тоқталды. «Сондықтан туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, туризмнің болашағы зор екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуі тиіс», деді Президент.

Осы орайда тұмса табиғатымен қаншама ақынның, қылқалам шеберлерінің қаламына арқау болған Төлеби ауданы көркейіп, абаттанып, инфрақұрылым жүйелері жаңарып, даму үстінде екенін айта кетелік. Таулы аумақтың әлеуеті негізінен туризм саласын дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, салаға тартылған инвестиция көлемі де артуда. «Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Сондықтан, барлық деңгейдегі әкімдердің ең бірінші мақсаты аймаққа инвестиция тарту арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту болып табылады. Инвестиция тарту арқылы ауданның кіріс көлемі артылып, әлеуметтік – экономикалық мүмкіндігі жақсарады. Салық түсімі көбейген сайын елді мекенді абаттандыру, жол жөндеу, балаларға ойын алаңшасын қою, спорттық қондырғылар орнату мүмкіндіктері артады. Бір ғана мысал,  аудан көлеміндегі демалыс аймақтарына баратын жолдарға асфальт төселіп, аяқ жол салынып, түнгі жарық орнатылуда. Мәселен, 2023 жылы жөндеуді қажет ететін бірқатар көшелердің  сметалық құжаттары дайындалып,  қаржыландыруға ұсынылды. Алыс-жақын шетелге танымал «Біркөлік» демалыс аймағына баратын жолдар жөнделіп, Біркөлік елді мекеніндегі  Боралдай,  М.Махатаев көшелерін орта жөндеуден өткізу  үшін бюджеттен қаржы  қаралды. 8,6 шақырым КХ-29 «Шарапхана - Жаңабазар  – Бірінші Мамыр» автомобиль жолында орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында   14,7 шақырым болатын 18 көше жөндеуден өтеді. КХ - 82 «Шымкент – Қасқасу – Көксәйек – Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – дейді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев. Аудандағы киелі орындарының, пайда болу тарихын шетелдік туристерге, жастарға дәріптеудің де берері мол. Яғни зиярат ету орындары туризмді дамытуға да зор үлесін қосып келеді. Мысалы, Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келушілер өте көп.  

Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті дейді. Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» дейді. Қалай десе де Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні  ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – Шілтер деп түсінеді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Маңайындағы түрлі ауруларға шипалы бұлақтарына зияратшылар көп келеді. «Бұл жерде бір Алланың құдіретімен жаратылған қасиетті белгілер бар. Адам Ата мен Хауа Ананың белгісінен бастап, он сегіз мың ғаламның белгісі бар мұнда. Жер бетінде адамзаттың бәрі бір Ата мен Анадан тарағанын көрсетіп қойған. Ғайып ерен қырық шілтен дегеніміз көзге көрінбейтін тылсым дүние. Қазақтың батырлар жырында, дастарында айтылады. 1993 жылдан бері қолға алынып, зияратшылар емін-еркін зияратқа келіп жатыр. Ресейден, Өзбекстаннан, қырғыз ағайындар көп келеді. Кешегі пандемиядан бұрын алыс шетелдерден Қытай, Франция, Австралиядан  да келушілер көп болды. Турист ретінде келушілерге айтып түсіндіреміз, бұл туристік орын емес зиярат орны деп. Зиярат пен саяхатты шатастырады. Онысы дұрыс емес.  Одан кейін Ата мен Ана белгісінің арасынан өтіп жатқан кезде күнәні көп айтады. Ол күнәға емес, адамның өзінің ниетіне байланысты. Өзін сынау үшін келетіндер көп.  Күнәм бар ма, жоқ па деп. Бұл жерде күнәнің қатысы жоқ. Иә денесі ірі кісілер сыймай жатады, өйткені арасы тар, жіңішке кісілер сыймай жатады өйткені олар қорқады. Өкпе сығылады, жүрегі қысылады әйтеуір өте алмай қалып жатқан болады. Әйтпесе ол тұрған дүние, қимылдамайды, сізді қыспайды.  Шын ниет етсеңіз емін-еркін өтуге болады», – дейді шырақшы Сәкен Бөденеев. Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің кіреберісіндегі қасиетті тұт ағашы жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзаттың күн көруі мүмкін емес екенін білдіреді екен. Содан кейін жоғары өрлесеңіз, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келесіз. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыры белгілері, бәрі де – киелі орынның қасиетін арттырып тұр. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс. Себебі ата жолы – үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. Келушілердің бәрі де «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет ететіні анық. Яғни ең бастысы Аллаға сену, иман келтіру, ниет ету, тазалық пен адалдықты, имандылықты санаға сіңіру. «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» қайырымдылық қорының төрағасы Махмуд Нақыпбаевтың бұл мәселеде өзіндік көзқарасы бар. Ол енді жеке тақырыпқа жүк болатын әңгіме. Шырақшының әңгімесіне құлақ түрсек, әулиенің төменгі жағындағы қасиетті бұлақ  суының бірі – көз, екінші көзі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі – жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының қасиеті бір-біріне ұқсамайды деп айтылады. Ана суын ішіп көрсеңіз, дәмі зәмзәм суынан кем емес. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің алды қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Қымыз, шұбат ішіп, тынығып отыратын жаздық асхана бар. Қоғамдық қор төрағасының айтуынша, алдағы уақытта намаз оқитын арайы орын, кітапхана ашылмақ. Шағын медресе ашу да ертеңгі күнге жоспарланған көп істің бірі. Киелі мекенде өткізген бір сағатқа жуық уақытта мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілер мен туристердің ағылып келіп жатқанына куә болдық. Жолаушы тасымалдайтын үлкен автобустардың бірінде Батыс Қазақстаннан келген зияратшылар, енді бірінде көрші Өзбекстан елінен келген зияратшылар болды. «Біз осы киелі орынның қадір-қасиетін бұрыннан білеміз. Өз басым осында бүгінгі сапарды қосқанда төртінші рет келіп отырмын. Бұл бір Аллаға сенімнің, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтың, бейбітшілік заманның, достық қарым-қатынастың нәтижесі. Қазақ елінде, оның ішінде Түркістан өңірінде киелі мекендер көп», –дейді Өзбекстанның Қыбырай ауданынан келген зияратшы Дилорам Акбарова. 

Төлеби ауданында көпшілік арнайы барып мөлдір суын ішіп әрі өзімен бірге ала кететін әулиелі бұлақтар көп. Соның бірі – Кемеқалған ауылдық округі Ұйымшыл ауылындағы Мейрам ана әулиелі орны. Ауыл тұрғындары жер астынан қыз-қыз қайнап шығып жатқан бұлақ аумағын тастармен қалап, шағын тоған жасап, бұлақ басын ластамауға шақыратын сөздер жазып іліпті. Ана кесенесіне көбінесе перзент сүймеген келіншектер тәу етіп келеді екен. Ал Ақбастау ауылында орналасқан Көзді ата киелі орында шырақшы Тағай Сейітжаппарұлы келушілерге қызмет көрсетеді. Ол бізге Көзді атаның өмірбаянынан бастап, елге жасаған жақсылықтарын баяндап берді. Аңыздарда Көзді атаның есімі – Сейіткерім қары аталатыны айтылады. Шамамен 1714 жылдары өмірге келген. 104 жас өмір сүрген, ислам дінін насихаттап, егін егіп, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көз ата әулие жерленген жердің дәл іргесінде үлкен қазандық орын бар. Бұл – Көз ата әулиенің бұлағының орны. Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті, бір ғажабы, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді. Көз ата қайтыс болып, оқылған Құран аяқтала бергенде, жұрттың үрейін тудыратындай тосын дыбыс шығып, сол арадағы қатпар тастар қозғалғандай болады. Кенет тастардың арасынан тесік пайда болып, артыншы сарқырап су ағады. Судың молдығы мен оның ағысының жылдамдығы соншалық, әп-сәтте сай-сала суға толып, еңіске қарай арна салып аға бастайды. Көз атаны жерлеуге келген дүйім жұрт қабір басынан жоғары шығып, «Әттеген-ай, әулие баба су астында қалатын болды ау!»» деп өкініш білдіріп тұрып қалыпты. Бірақ ғажабы сол, су қанша мол және әулие жерленген қабірдің дәл басынан шыққанымен, қабірді айнала ағып, арна салады. Мұны көрген халық «Ол – атаның әулиелігінен, кереметтігінен» депті. Ал сол бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен екен. Сондай-ақ шырақшы бір кездері арқырап жататын бұлақ суының бүгінде тартылып кеткеніне қынжылыс білдірді. «Ұзақ жылдардан бері тас алумен айналысып жатқан карьер жұмысы тоқтамайынша әулиелі орынға келетін зиян көп. Осы әулиелі орында шырақшы болғаныма 12 жылдан асты. Шын ниетпен, тазаланып, бір Аллаға сеніп келгендерге судың шипасы мол. Өз басым он бір адамның көз дертіне шипа тапқанына куә болдым. Көз тигендер де ниеттеніп келсе тазарып қайтады»,– дейді Тағай Сейітжаппарұлы. Көзді атаның суын ішіп, аруақтарға Құран бағыштап, Нысанбек, Жаңатұрмыс ауылдарының ортасында орналасқан Жылақ ата әулиелі орнына қарай жолға шықтық...

Диас НҰРКЕНҰЛЫ.



Төлеген Телғараев, Төлеби ауданының әкімі: «Туризмді негізгі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік мол»
Тоқаев ҚХА төрағасының орынбасарларын қызметінен босатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу