Шөкеевке шабуыл басталды

Oinet.kz 06-12-2023 714

 1561973803_342614366258829cea4b94ceca0aed21-small-1.jpg 

  Түркістан облыс орталығы атанды, одан кейін Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алды. Содан бергі аралықта киелі қаланың келбеті көп өзгерді. Бүгінде рухани астана туралы сөз қозғалғанда «Тотыдай түрленген Түркістан» деген теңеудің жиі айтылатыны рас. Бірақ  сұлулықтың өте көп ақша тұратыны біз айтпасақ та түсінікті. Ал ақша көп жерде дау-дамай мен шатақ істердің қатар жүретіні жаңалық емес.

Осыдан екі жыл бұрын елордада брифинг берген сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды дамытудың бірінші кезеңіне 400 миллиард теңгенің жұмсалғанын, ал екінші кезеңін дамытуға триллионнан астам теңгенің жоспарланғанын айтып еді. 400 миллиард теңге дегеніңіз бұған дейінгі әкімдердің түсіне де кірмеген қаражат. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін басталған «Жаңа Қазақстан» Түркістанға құйылып жатқан жүз миллиардттарды тоқтатып тастады. Мұны соңғы бір жарым жылдың көлемінде рухани астанада көрген адамның «аузын ашқызып, көзін жұмғызатын» нысандардың салынбағанынан-ақ байқауға болады. Енді міне, Түркістанда салынған нысандарға қатысты тексеру, тергеу шараларының басталғаны да белгілі болды. Мұның соңы немен аяқталады?  

Өткен аптада  Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында брифинг берді. Брифингте соңғы кездері әлеуметтік желіні шулатып жүрген Түркістандағы жаңадан салынған нысандарға қатысты сауалдар көп қойылды. Солардың бірі Қожа Ахмет Ясауи мұражайына қатысты.

Айта кетейік, аталған нысанды «Самұрық Қазына» қоры салған. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, бұл нысан 2020 жылдың 10 қыркүйегінде пайдалануға берілген. Сол жылдың 23 қыркүйегінде ғимарат Түркістан қаласының коммуналдық меншігіне сыйға тартылған.  2021 жылы желтоқсанда  музейге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы барған. Сол кезде әкімдік: «Жаңа музей ғұламаның іліміне сапар шегіп, күллі шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткердің еңбектерін дәріптейтін мәдени ошақ болмақ. Қожа Ахмет Ясауи музейінің аумағы – 3200 шаршы метр. Құрылысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис – А» компаниясы жүргізді. Ұлы тұлғаға арналған музейде 100 адам жұмыспен қамтылады»,– деген мәлімет таратқан болатын. Байқағандарыңыздай, ғимараттың құрылысын сол баяғы атышулы, Түркістандағы құрылысқа қатысты мемлекеттік тапсырыстарды тендерсіз топырлатып ұтып алған «Базис-А» компаниясы жүргізген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, нысанның құрылысына 3,3 миллиард теңге жұмсалған.

Нысан берілген кезде ішкі жұмыстары әлі бітпеген еді. Осыған байланысты Түркістан қалалық әкімдігі мұражайдың ішін әрлеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуді жоспарлаған. Бірақ қазіргі уақытта бұл нысан әлі тапсырылған жоқ. Мен өзім арнайы барып көрдім,– деген облыс  әкімі Дархан Сатыбалды бұл мәселеде түсініксіздеу нәрселердің барын аңғартты. 

–Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алдымен кеткен қаржының негізділігі тексеріледі. Осыдан кейін барып шешім қабылданады. Бізде осындай мәселелер басқа да нысандарға қатысты туындауда. Әлеуметтік желілерден өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Шошқакөлдегі тоған бойынша, электрокара, «Визит» орталығына, Шығыс моншасы, Неке сарайына қатысты тексеру немесе тергеу амалдары жүргізілетін болады,-дедің өңір басшысы. 

Сондай-ақ әкім бұл нысандар бойынша материалдар құзырлы органдарға жіберілгенін айтты.

Осы жуырда ғана белгілі ғалым, ясауитанушы Зікірия Жандарбек «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында: 

«Қожа Ахмет Ясауи музейі төрт жылдан бері әлі ашылған жоқ. Музейдің экспозициясын жасау «А-1» деген мекемеге берілді де, іс құр­дымға кетті. Ясауи өміріне, ілі­міне қатысты барлық ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдалана оты­рып, музейдің экспозициялық жос­парын жасадық. «А-1» бастығы Г.Байқошқарова ханым экспози­­ция жоспарын әзірлеген ғылыми топ­ты да, жобамызды да керексіз деп тапты. Егер де бұл музейді біз әзірле­ген жоспар бойынша жасап, халық­қа ұсынғанда, мұнда келушілер­дің санасында күрделі өзгеріс болар еді»,– деп жазған екен. Сонда бұл істі құрдымға кетірген кім? Оған кім кінәлі? Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге қарағанда, «А-1» компаниясы Алматы қаласында тіркелген. Ол соңғы жылдары Түркістан облысында өте көп тендерлердің жеңімпазы атанған екен. Бұл компанияның артында кім тұр? Жіптің ұшы қай шенеунікке барып тіреледі?

Айтпақшы, брифингте Шөкеевтің кезінде басталған, бүгінде әлеуметтік желіде «хит» болып жатқан  Шаға жағажайының құрылысына қатысты сұрақ та көлденеңнен қойылды. Бұл сұраққа жауабында облыс әкімі құрылыс басына былтыр барып, көргенін айтты. 

«Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші, екінші кезеңінен кейін қаржыландыру тоқтап қалған. Бұл нысанның функциясы: біріншіден көктемде су тасқыны кезінде Қаратаудың етегіне келген суды ұстап қалу, ол болмаған жағдайда су Түркістанға кетіп қалады. Шаға су қоймасы 2,5 миллион текше метрді құрайды. Екіншіден, жазда суды тазалап, ары қарай тұрғындарға шомылатын жер ұйымдастыру. Қаржы тапшылығына байланысты құрылысты жалғастырмадық. Мердігерге кемшіліктерді жою бойынша ұсыныс берілді. Орындамаса, сотқа береміз, шара көреміз»,– деді Дархан Сатыбалды.  Ал «9 миллиард теңге жағажай үшін көп ақша емес пе?», деген журналистің сауалына облыс әкімі: «Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Ол жағына маман болмаған соң жауап бере алмаймын. Бірақ ол жоба бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тиісті құзырлы органдарға жібереміз»,– деп жауап берді.  Айта кетері, Шаға туристік жағажайы былтыр шілдеде облысқа Өмірзақ Шөкеев әкім болып тұрған кезде ашылған болатын. Сол кезде ақпарат құралдарында оның жалпы ауданы – 81 гектар, суының сыйымдылығы – 2 жарым миллион текше метр, жағажай салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны айтылған еді. Ал жуырда «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің   атқарушы директоры  Дидар Смағұлов фейсбуктегі парақшасында бұл нысанға 9 миллиард теңге жұмсалғанын, алайда құрылыс жұмыстары аяқталмай, бір кездері Түркістанда туризмді дамытады деген нысанның қараусыз қалып кеткенін жазған болатын.

Неке сарайы 2019 жылдың қарашасында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға сапары барысында ашылған нысан. Бұл Қостанай облысының Түркістанға жасаған сыйы. «Визит» орталығы» – Жамбыл облысының тартуы. Тарихи сәулет үлгісіндегі Шығыс моншасын Қызылорда облысы салдыртқан. Бұл нысан 2020 жылдың мамырында ашылған болатын.

Айтпақшы, өткен аптада «Жаңа Қазақстанның» қолдауымен керемет карьера жасап, Мәжілістен мандат алған, кейбіреулер «популист» деп атап жүрген  депутаттар Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай бір топ блогерлерді ертіп келіп, Түркістанды шулатып кетті. «Ойбай не дейсің, түркістандық атқамінерлер Түркістан қалалық әкімдігінің ескі ғимаратын, Мәдениет үйін сатып жіберген», «ана нысанды, мына нысанды кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берген» деген сыңайдағы видео әлеуметтік желіде талқыланды. Алайда мұның бәрі де кезінде ақпарат құралдарында әбден жазылған, әбден айтылған. Егер еститін билік болса, елдің аманатын арқалаған депутаттар сол кезде қайда қарап жүрген дейсің? Біздің айтайын дегеніміз басқа. Жаңа биліктің ыңғайына жақын депутаттардың екі өкпелерін қолына алып, Түркістанға жетіп келулерінің астарында бір гәптің бары анық.

Бұл биліктің Түркістандағы нысандарға қатысты тексеруді мықтап тұрып қолға алғанын байқататын сияқты. Ал тексеру амалдары облыс әкімі қызметінен былтыр тамызда босатылған Өмірзақ Шөкеевке барып тірелетіні айтпаса да түсінікті. «Шөкеевтің жағажайы» ертең «Шөкеевтің компаниялары», «Шөкеевтің миллиардтары», «Шөкеевтің кадрлары» туралы әңгімеге айналып жатса, таңғалуға болмайды. Әліптің артын бағып көрейік.

"Рейтинг" газеті, 5 желтоқсан, 2023 жыл. 


Қоғам белсенділері Шымкенттің әкіміне ашық хат жолдады
Сексендегі кейуананы жылатқан кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу