Әкім тұратын көшеде бәрі керемет. Халықтың мәселесін прокуратураға сілтеу қай сасқандық?
Соңғы жылдары әлеуметтік салада көп нәрсенің жақсарғанын мойындау керек. Қоғамдағы құндылықтар өзгерді. Қазір қай ауылға барсаңыз да инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан. Тұрғындар ауыз судың азабынан құтылған. Елді мекендердің ішкі жолдарына дейін асфальттелген. Орталық көшелер түні бойы самаладай жарқырап тұрады. Мұның бәрі де әрине, бірінші кезекте мемлекеттік саясатпен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өмір сапасын арттыру» тапсырмасымен байланысты. Халықтың тұрмысын жасқартуға өкімет ақшаны аяп жатқан жоқ. Тұрғындардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын дер кезінде біліп, әрекет жасау үшін «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асуда.
Алайда осыншама саясат, тұжырым мен тапсырмалар айналып өткен ауылдар әлі де кездеседі. Өкінішке қарай, мұны да мойындау керек.
Жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына Сайрам ауданы Қарамұрт ауылының тұрғыны, дәрігер болып жұмыс істейтін Хатира Ахмедова хабарласқан еді. Осы арыз бойынша өткен сенбіде біз Қарамұрт ауылына арнайы барып қайттық.
Арызданушы Ахмедованың айтуынша, бас-аяғы 200-250 үй тұратын Момынжанов көшесіндегі момын халықты жарық пен жол мәселесінің мазалағанына табаны күректей жиырма жылға жуықтаған.
– Ауылдың осы аймағына тұрғын үйлер 2005 жылдан бастап салынған. Коммуналдық қызметтерді өзіміз кіргізгенбіз. Мынау тұрған электр бағаналарын да өзіміз орнаттық. Бірақ халық санының көбеюіне әрі электр жүйелерінің ескіруіне байланысты жарық мәселесі проблемаға айналды. Трансформатордағы электр қуаты жетпегендіктен, жарық жиі-жиі өшеді. Күніне он ретке дейін сөнеді. Азанда өшсе, кешке дейін жанбайды. Осы мәселені ауыл әкімінің алдына қойғаныма 15 жылдай болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Қазіргі әкім Нажиев Мамыржан да бұл мәселені жақсы біледі.
Екінші мәселе – жолдың нашарлығы. Бір кездері таңертең жұмысқа бару үшін аяғымызға резина етік немесе полиэтилен қапшық киіп шығатынбыз. Лай кешіп, орталық көшеге шыққан соң аяқ киімімізді киіп алатынбыз. Кейін тұрғындар ұйымдасып, көшеге тас төсеттік. Алайда бәрібір де асфальт болмаған соң лайланып кетеді. Осы жөнінде Мамыржан Нажиевке шағымдансам: «Мен шаршап кеттім, не істесеңдер де өз еріктерің, қаласаңдар, прокуратураға шағымданыңдар», – дейді. Енді біздің осы мәселімізді кім шешіп береді. Талап-тілегімізге кім құлақ асады?– деді Х.Ахмедова.
Арызданушының айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Момынжанов көшесіне трансформатор қойылып, жаңа электр бағаналары орнатылған. Бірақ ол әлі күнге іске қосылмаған. Неге қосылмағанын ешкім білмейді. Тіпті оны іске қосу үшін әр отбасы 500 теңгеден 20 мың теңгеге дейін қаражат жинапты. Бірақ трансформатор іске қосылмаған. «Неге» деп сұрағандарға ауыл әкімі Мамыржан Нажиев: «Оны Камилжан Қалтаевтан (ауыл биі) сұраңдар» дейді екен. Ал ол электрикке сілтейді. Электриктің айтуынша, жаңа деп қойылған трансформатордың ішіндегі бөлшектері жоқ көрінеді. Оның неге жоқ екендігін ешкім білмейді. Бұдан қандай байлам жасауға болады. Ауыл тұрғындарының ойынша, трансформатор мен электр бағаналары құжат жүзінде әлдеқашан пайдалануға беріліп қойылған болуы мүмкін. Бұл күдікті негізсіз деуге болмайды. Өйткені мемлекет қаржысына алынған әрбір мүліктің сұрауы бар. Әрбір жұмыстың орындалу мерзімі бар. Олай болса, сайрамдық шенділердің екі жыл бойы осы жағын қадағаламауы мүмкін бе? Әлде көзбояушылық жасап, құжаттарға қол қоя берген бе? Бұл жағын Сайрам аудандық прокуратурасы, әкімдігі зерделеп, бір жауабын берер деген үміттеміз.
Айтпақшы, осы трансформаторды барып өз көзімізбен көрдік. Басында екі электрик жұмыс істеп жатыр екен. Ахмедованың айтуынша, «журналистер келе жатыр» деген хабар таралысымен электриктер іске кірісіп, трансформаторды екі күннің ішінде қосып беруге уәде етіпті. Сонда жауаптылар екі жыл бойы не қарап жүрген?
Тағы бір мәселе ауыл әкіміне қатысты. Тұрғындардың айтуынша, Қарамұрттың осы аймағында тек бір көше асфальттелген. Жаңа трансформатор қойылған, жарықтандыру мәселесі толық шешілген. Бұл ауыл әкімі Мамыржан Нажиев тұратын көше болып шықты. Иә, іргелес көшеде тұратын ауылдастарының арыз-шағымын тыңдаудан, олармен кездесуден қашқақтап жүретін әкім өз көшесінің мәселесін екі жыл бұрын шешіп қойған болып шықты. Ол тұратын көше асфальттелгеннен бөлек, әр бағанаға жарықтандыру шамдары орнатылған. Түні бойы жап-жарық. Әкім мұны осы көшеде жекеменшік мектептің орналасқанымен байланыстыратын көрінеді. Сол мектептің иесі жасап берген дейді. Ал басқа көшелердің мәселесін бюджеттің көмегімен шешуге неге болмайды? Оған не кедергі? Айтпақшы, арызданушының айтуынша, қайбір жылдары көшелерді жарықтандырамыз деп тұрғындардан ақша жиналған екен. Бұл ақшаның да қайда кеткені белгісіз.
– Енді біз де баратын жерімізге дейін барамыз. Шыдамымыз шегіне жетті, – деді Ахмедова.
Бұл мәселеге енді облыстық әкімдіктегі, Сайрам аудандық әкімдігіндегі жауаптылар не дейді. Әкім Нажиев не дейді?
P.S. Біз дүйсенбіде Қарамұрт ауылының әкімі, жуырда ғана халықтың қолдауымен әкімдік қызметіне екінші қайтара сайланған Мамыржан Нажиевтің (суретте жоғарыда) телефонына хабарластық. Тұтқаны көтермеді. Тұрғындардың айтуынша, арыз-шағым тыңдаудан шаршаған Нажиев телефонына жауап бермейтін көрінеді.
Халықтың талап-тілегін тыңдаудан емес, оны шешуден шаршағанға не жетсін, әрине.
«Рейтинг» газеті, 6 тамыз 2025 жыл.