Қуат Әуесбай: «Өзім туралы диплом қорғадым»

Oinet.kz 01-03-2024 890

2003-2007 жылдары Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде оқыдым. Мектепте оқып жүргенде баспасөзбен тығыз байланыс орнатқан дағдымыз студент кезінде де жалғасын тауып, 1 курстан бастап республикалық «Ана тілі» газетіне жазып тұрдым. 

Screenshot_10.jpg

Бірде газетке тақырып іздеп кітапханада отырсам, курстасым Бейсен Сұлтан (қазір «Қазақпарат» агенттігінің редакторы) «Қаршыға Ахмедияров орталық стадионға 20 мың домбырашыны жинап, «Адай» күйін тартқызбақ екен, сол туралы сұхбат алайық» деді. Қуанып, құптай кеттім де, сол жерден Қаршыға аға жұмыс істейтін консерваторияға тарттық. Бірақ ол кісі жұмыс орнында болмай шықты да ертеңіне қайта барып, тағы таппадық. Оқу орнының деканатындағы кісі Қаршыға Ахмедияровты неге іздеп жүргенімізді сұрады, біз өзімізді студент емес, «Ана тілінің» тілшісіміз деп таныстырып, газетке сұхбат алайық деп жүргенімізді айттық. 

– «Ана тілі» газетіненбіз дейсіңдер ме?» деп сенімсіздеу қарады, деканат қызметкері. 

– «Иә» деймін, сенбей тұрсыз ба?» деп қоямыз. 

– Кеше шықты емес пе, «Ана тіліне» Қаршыға ағайдың сұхбаты? 

– Тағы керек болып қалды...

Сөйтсек, расында «Ана тілі» апталығының жаңа санында Қаршыға Ахмедияровтың көлемді сұхбаты айқара бетке жарияланыпты. Газеттің бұл нөмірін әрине, әлі оқып үлгермеген едік. Біз ойланып-толғанып жүргенде, замандасымыз, газет тілшісі Мақпал Жұмабай едел-жедел сұхбат ала қойыпты. Бейсен досымның саспай, сөз тауып кетіп «тағы керек болып қалды» деген жауабына бір жағы риза болып, бір жағы өтірігіміз шығып қала жаздағанына ыңғайсызданып әбден күліп алдық. Екі күн бойы іздеген Қаршыға Ахмедияровты таппағанымыз қандай жақсы болған, әйтпесе, күйші ағамызды тік мінезді кісі деп естуші едік, оңдырмай сыбап алар ма еді деп қоямыз.

Screenshot_11.jpg

2 курста оқып жүргенде «Ана тілі» газетінде «Орысша білмесең, оқымай-ақ қой» деген тақырыппен шағын мақалам жарық көрді. Ол кезде әскери кафедрада сабақ орысша жүреді, пәрмендердің барлығы ресми тілде беріледі. Бірде бірнеше факультеттің жігіттері тізіліп сапта тұрмыз, келген-келмеген студенттерді түгендеп жатыр. «Пәленшеев! Я. Түгеншееев! Я» деп келе жатып, біздің факультет студенттерінің тізімінде бірінші тұрған менің фамилиямды атағанда, «Мен» деп қазақша айттым. Ары қарай бәрі «мен, мен» деп жалғап әкетті. Біраздан соң, әскерилердің бірі «Әуесбай, сен не ұлтшылсың ба?» демесі бар ма. «Мен Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасында оқып жатырмын ғой, сабақтың қазақ тілінде жүргенін, пәрмендердің мемлекеттік тілде берілгенін қалаймын» дедім қасқайып. «Орысша білмейсің бе? Мұнда сабақ орыс тілінде жүретінін біліп келдің ғой»...

Қысқасы, осы оқиға туралы «Ана тіліне» жазған мақалам сол күні жарық көрді. Бас редактор Мереке Құлкенов бірден «басуға» деп қолын қойып, баспаханаға кетіп бара жатқан газетке бергізіп жіберіпті. Газет шыққан күні факультет деканы шақырды, ұрыспады, бірақ осы үшін ректоратта, одан жоғары жақта үлкен әңгіме болғанын айтты. Содан бері, әскери кафедрамыз қазақша оқыта бастады. «Түзел! Оңға бұрыл!Солға бұрыл!» деген сияқты пәрмендер қазақ тілінде берілді. Тілдерін бұрап, қиналса да, негізінен өзге ұлт өкілдерінен құралған әскери-оқытушылық құрам өздері де қазақ тілінде сөйлеуге дағдыланды.  

Ең алғашқы материалым мектепте 3 сыныпта оқып жүргенде жарық көрді. Содан мектеп бітіргенше, жазған-сызғанымыз республикалық, облыстық газет-журналдарда жиі жарияланып тұрды. Университетке, журналистика факультетіне түсер кезде 100-ден аса материалым болды. Әрине, студент кезде де жазып тұрдым. Содан университетті бітірер жылы дипломдық жұмысымның тақырыбын «Студент Қуат Әуесбайдың шығармашылығы» деп алғым келді. Ондағы мақсат, әрине, өзімді өзім мақтау емес, журналистика мамандығын таңдап, осы факультетке түсуді ойлап жүрген өзім сияқты жастарға бағыт-бағдар беру, жөн сілтеу ниетінен туған идея еді бұл. Содан факультет басшылығы бұл ойымды құптап, тақырыбымды бекітіп берді. Бұл тақырып менің шығармашылымның мысалында жазылғанмен, жалпы осы факультетке, мамандыққа қаншалықты дайындықпен келу керек екенін және адамда құдай берген талант, жазу қабілеті болмаса, ешбір оқу орны ол қабілетті бере алмайтынын жеткізгім келді.  

...Сол 20 жасымда, балаңдау кезде жазған дипломымды, жақында қайта оқып шықтым. Әрине, қазіргі пайым, ой биігінен қарасаң, балаңдық байқалмай тұрмайды. Десе де, сол балаңдығымен, жастық максимализмімен құнды ғой деп ойлаймын, сондықтан қазір «өңдер ме едіңіз?» десе біреу, бір де бір үтір-нүктесін өзгертпес едім. Ал жас журналистерге көмекші құрал ретінде басып шығару туралы идеяны іске асыруға болады деп ойлаймын. 

Есуас қатын көбейді
Как покупать криптовалюту с минимум рисков?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу