Шеттен кадр әкелу шекемізге тиген жоқ па?

Oinet.kz 13-08-2020 1149

«Рейтинг» газетінің өткен номерінде біз денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген шымкенттік бір топ дәрігерлердің қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысын тағайындауға қатысты ой-пікірлерін жариялаған болатынбыз. Мақалада ақ халаттылар сырттан кадр әкелуді тоқтатып, Денсаулық сақтау басқармасының басшысын тек жергілікті жерден шыққан бас дәрігерлердің ішінен тағайындау туралы ұсыныс білдірді. Тіпті осы мәселеге бастамашы болып жүрген “Оңтүстік” медицина қызметкерлері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Икрам Төлеев егер басшылар дәрігерлердің ұсынысына  құлақ аспаса, митингіге дейін шығатынын айтқан болатын.

Screenshot_2.jpg

«Рейтинг» газетіне Икрам Төлеевтің бастамасына қолдау білдірген бас дәрігерлердің хаттары әлі де келіп жатыр. Солардың бірі Шымкентте бас дәрігер қызметін ұзақ жылдар атқарған Қобланбек Оңалбековтен түсті.  

«Икрам Төлеев көпшіліктің  ойында жүрген өте өзекті маңызды мәселені қозғап отыр. Халыққа адал қызмет істеген осындай азаматтардың  арқасында жарық жоқ, жылу жоқ, бюджеттің қаржысы жеткіліксіз қиын замандарда медицина саласының жұмысы аброймен атқарылды.

Басқармаға жаңа басшы тағайындау пандемия кезінде шұғыл шешуін қажет ететін мәселе. Мемлекет тарапынан медицинаға бөлінген қаржы жеткілікті кезде оны адал, тиянақты, орнымен және қарапайым халыққа үлкен жауапкершілікпен қызмет істейтін, тәжірбиесі бар, талап қоя білетін, керек кезінде қызметкерлерінің мүдесін қорғайтын іскер  мықты ұйымдастырушы басшы керек. Жұмысын аудан деңгейінде бастаған басшы  болса тіпті жақсы. Өйткені Шымкент қаласына аудандардан қосылған елді мекендердегі  медициналық қызмет талаптарға сай келмейді. Жергілікті жағдайды жақсы білетін  басшы келсе ғана жағдай дұрысталады деген үміттеміз»,-делінген хатта.

Ал Икрам Төлеев дәрігерлердің талап-тілегі жазылған хатты  Шымкент қалалық әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясына, Шымкент қалалық мәслихатына табыс еткенін мәлім етті.

– Жаңа басшының жергілікті жерден шыққан болуы тиіс. Бұл біздің ең басты талабымыз.  Өйткені жергілікті жерден шыққан кадр ешқайда кетпейді, қызметінен алынғаннан кейін де осында жұмыс істей береді. Яғни, ол әріптестерінің алдында ұятқа қалмау үшін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысады. Ал сырттан келген кадр бүгін келеді, ертең кетеді, – дейді ол.

– Сіз өз тарапыңызды басқарманың басшысына болуға лайық деп кімдерді атар едіңіз? – деген сауалға  бірлестік төрағасы:

– Мұндай сауал маған көп қойылып жатыр. Әрине, басқарманың басшысы болуға лайықты бас дәрігерлер көп. Бірақ аты-жөндерін атағым келіп отырған жоқ. Себебі олардың өздері басқарма басшысы болуға ықылас таныта ма? Кейбір тәжірибелі бас дәрігерлер конкурсқа қатысады, алайда өтпей қалады. Конкурста бәсекелес болған сырттан келген кадр басқарманың басшысы болған соң оның соңынан шырақ алып түсіп, жұмыс істетпеуі әбден мүмкін ғой. Міне, бізде жергілікті кадрлардың алға ұмтылуына осындай психологиялық кедергі бар, – деді Икрам Төлеев.

Икрам Төлеевтің өзі де тәуелсіздік алғашқы жылдарында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ол бұл қызметке үш рет шақырғанын, тек үшіншісінде ғана келісімін бергенін, қызметке тағайындалар кезде қалалық әкімдікте қатаң сүзгіден өткенін айтып отыр.  Дәл осы сияқты басқарманың басшысы болуға үміткер қалалық әкімдіктің немесе Денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылатын қоғамдық кеңес мүшелерінің әңгімелесуінен өтуі тиіс. Бұл екінші талап.

Әзірге Шымкент қалалық әкімдігі дәрігерлердің талап-тілегіне қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.    

"Рейтинг" газеті, №32 (583), 13 тамыз, 2020 ж

Шөкеев пен Әйтенов ортадан жоғары, ал Әбдіқалықова ортадан төмен
Тоқаев Түркістанға не үшін келді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу