Әбдіхалық Әбдірайымұлы: «Шымкент-шоудың» жолы ауылдық клубта басталған»

Screenshot_17.jpg

Әбдіхалық Әбдірайымұлы,  ақын-сазгер,  «Шымкент-шоу» театрының директоры:

          Танымал ақын-сазгер Әбдіхалық   (Сәбит) Әбдірайымұлының  елге белгілі «Шымкент -шоу»  театрының  директоры  екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Талантты жастардың басын қосқан әзіл-сықақ театрын алғашында «Сәбит-шоу» деп атау жайлы ұсыныстар болған. Бірақ, Ә.Әбдірайымұлының өзі бұған келіспей, «Шымкент-шоуды» таңдады. Ақынмен сұхбаттасудың сәті түсіп, ұжымның қалыптасу жолдары, ақындық өнердің бүгінгі   жай күйі жайлы пікірлерін тыңдадық.

         - Әбдіхалық Әбдірайымұлы, жұртты күлкіге қарық қылған «Шымкент-шоу» көпшілікке танылғанмен,  сіздің театр директоры екеніңізді көпшілік біле бермейді. Неге?

         - Расында,  «Шаншар» Уәлибектікі, «Нысана» Әбекенікі, «Алдараспан» Туканыікі екенін көрермен біледі де, «Шымкент-шоудың» директоры кім екенін  білмейді екен. Кейбіреулер  театрдың иесі «Күлпаш-Берік» екен  деп  жүр. Мүмкін оның  себебі, мен  сахнада  әртіс  болып  рөл ойнамағаннан  шығар...Жоғарыда аталған әзіл-сықақ театры басшыларының бәрі әртіс,  оларды ел таниды,  сахнаға шығады.  Ал, мен «Шымкент-шоуды» шығардым,  өзім  сахна сыртында басшылық  жасаймын. Алғашында маған оны «Сәбит-шоу» деп ата дегендер де болды. Бірақ,  Сәбитті кім таниды? Керісінше Шымкент десе  ел құлағы елең ете қалады. Сосын  «Шымкент-шоу» деп  атауды жөн  көрдім.

         -Әртіс болмасаңыз да, осындай әзіл-сықақ театрын ашу идеясы сізде  алғаш  қайдан  пайда болды?

         - Менің жаным негізінен, жаңалыққа,  жақсылыққа құштар.  Осы театрды құру идеясы да сол  өнерге қызығушылықтан туған. Айта кетейін, әуелі Құдайды,  сосын  Құдай деген  жаны ізгі азаматтарды ұмытпаймын. Осы істі алғаш  жүзеге асыру кезінде де маған  қол ұшын  созған  ел ағалары болды. Олар  Манап Өтебаев,  марқұм  Қуаныш Төлеметов, Нышан Желдібаев, тағы басқалар. Қарасақ, қазір көптеген  театрлар құрыла сала Астана мен Алматыға жол тартып, алғашқы концерттерін республика  сарайында өткізуге құмар. Ал,  «Шымкент-шоу» шығармашылық  ізденісін  ең алғаш  ауылдарды аралаудан  бастады. Ауылдық клуб көрермендерін күлкіге бөлеп, ризашылықтарына бөленгеннен  соң ғана  үлкен  баспалдақтарға өрлей берді. Өйткені, тәжірибе жинап,  сахна тілін  жетік  меңгеру керек болды. Сол кездегі алғашқы  шығармашылық құрам  да кілең мықты жас әртістерден  құралды.   2000 жылы арнайы іріктеуден  өткен үміткерлердің арасында қазіргі Берік-Күлпаш, Қарлығаш, Арман-тракторист, Гүлзада Шоланбаева  сияқты талантты  жастар  бар  еді. Кейін,  тіпті, театрымыз отбасылық театрға қалай айналып шыға келгенін  уақыт ағымымен  өзіміз де байқамаппыз. «Шымкент-шоудағы» жастар бір-бірімен көңіл жарастырып, үйленіп,  шаңырақ құрды. Режиссер  Медеу Достаев Салтанат деген  қызымызға, Арман-тракторист Алтынайға, Берік Қарлығашқа үйленді.

         -Өзіңіз айтқандай, «Шымкент-шоудың» алғашқы құрамы шынында осал емес еді. Кейінгі кезде театрдың қойылымдары да,  шығармашылық  құрамы да әлсірегендей. Театрда ел күткендей жаңалық бар ма?

         - «Шымкент-шоу» тіршілігін  Шымкентте жасап  жатыр. Қазір  жаңа бағдарламаға дайындалуда. Бұрынғы режиссеріміз, талантты, өз ісін  жетік білетін Медеу Достаевпен  қайта бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сценарийлер  жазылуда, тағы да әртістер қабылдауымыз керек. Рас, кейбір  қаржылай қиындықтар, әртістердің күнкөріс қамымен немесе басқа да мақсаттармен әртүрлі шақыруларға келісім беруі театрдың жұмысын  қожыратып, уақытымызды ұрлап алды. Берік телеарналардағы шоу-бағдарламалардан  көрініп жүрді. Басқа ұл-қыздарымыз  да тұрмыс құрып,  жеке  өмірдің ағымына ілесіп, театр шын  мәнінде ауытқу кезеңін бастан өткерді. Ол біздің жардан құлауымыз емес,  өзімізді-өзіміз сынауымыз болар. Енді «Шымкент-шоуды» өз биігіне көтеру үшін  қайта әрекет етудеміз. Мақсатымыз - желмаядай желу, бұйырғанын көру, еліміздегі ең үздік  театрлардың үштігіне ену...

         - Олай болса, енді сіздің  өзге қырларыңызға қарай ойыссақ. Айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар ақынсыз. Ең алғаш сахнаға шыққан  кезіңіз есіңізде ме?

         - «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Ең алғаш рет ірі додаға Арыста өткен айтыста түсіп, өмірдегі және өнердегі досым Құрманәлі Жылқыбаевпен айтыстым. Сол жылдары Арыс ауданын басқарған Қуаныш  Айтаханов ағамыз мәдениет саласындағы жауапты қызметкерлерге «жас ақындарды іздеп  табыңдар» деп  тапсырған  екен. Сөйтіп,  Көктөбенің  көкжалы Құрманәлімен сөз қағыстырдым. Ол кезде екеуміз де жаспыз, бір-бірімізді танымаймыз. Екеумізде де не ұстаз,  не бағыт-бағдар  беретін  адам жоқ. Әйтеуір  жеті буынмен  төкпелеп  ойға келген  жырды айттық. Бізді тыңдаған  ақын  Көпбай Омаров «Ойпырмай,  мыналарда бірдеңе бар-ей. Бірақ,  көпшіліктің алдында қалай болар  екен ?» - дей бергенде мен  «Көке,  еш  уайымдамаңыз. Сеніміңізді ақтаймыз» деп  едім, бізге риза болып,  батасын  берді.

         - Оңтүстік өңірінің талантты жастары далада қалмасын  деп «Өнер  мектебін» ашып, директоры болдыңыз. Небір  өнерлі жастың бойына үміт отын  жақтыңыз. Бірақ,  ойламаған  жерден  Астанаға жол  тарттыңыз. Ел  ішінде «Сәбитті ол жерге сыйдырмапты, мектебін  тартып  алыпты» деген  қауесет тарады. Шынында солай ма?

         - Бірде Мұхаммед пайғамбардың  хадисін  парақтап  отырып, «жол, көпір  салған  және шәкірт тәрбиелеген» адамға екі дүниенің  есігі ашық деген  сөзді оқыдым. Содан  маған  ақындар  мен  жыршы-термешілерді  даярлайтын  мектеп  ашсам деген  ой келді. Өйткені,  небір  өнерлі жастар бағыт-бағдар  беретін  адам  болмағандықтан, жанбай жатып сөніп  қалатынын  білетінмін. Осылайша, үлкен айтыстан кетіп, ұстаздық жолда бағымды сынамаққа бекіндім. Әйтпесе,  айтысатын күш-қуатым бар еді. Бұл  идеяны сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қолдап, әлгі мектепті аштық. Шүкір, еңбегіміз далаға кетпепті. Қазір байқап отырсақ, сол өнер ордасынан қырыққа жуық  ақын, жыршы-термеші шығыпты.

         Ал, енді ол жерден  мені ешкім қуған жоқ. Қысым да көрсеткен жоқ. Бірде «Шымкент-шоу» сахналаған «Қуғыншылар» қойылымын Елбасымыз да тамашалап, рахаттана күліпті. Өнерпаздарымызға риза болған  үлкен  кісі «Мына театр Астананың мәдениетін көтеруге қабілетті ұжым екен» деген ойын  бідіріпті. Содан жоғарыдан  ұсыныс түскеннен  кейін  аяғынан  тік  тұрған  «Өнер» мектебін  өзгелерге амнаттап,  Астанаға тартып кеттік. Бірақ,  Астанада аяқтан шалушылар  аз болмады. Оның үстіне уәде етілген  баспана мәселесі де шешілмеді. Белді будық та кері қайттық. Осы ретте Ордабасы ауданның түлегі,  менің сыныптасым  Оңғар  Сейдахметов деген  азаматың  мәрттігін  айта кеткім келеді. Астанада театрымызды сол азамат бір  жыл  бойы  қаржыландырып,  қолдан  келген  көмегін  аямады.

         --Дулат Исабеков ағамыз баспасөзге берген  сұхбаттарында айтыс өнеріне деген  теріс пікірін  айтып  қалып жүр. Жас айтыс ақындарының көбейгеніне де наразы. Бұған  не дейсіз?

         -- Біздің әдеби ортада бұрыннан  бері келе жатқан қайшылық бар. Тек Дулат ағамыз емес, жазба ақындар да айтыс өнеріне қарсы шығады. Өзің білесің, айтыста қомақты жүлде тігіледі. Жарты сағат  айтысып,  абыройың аспандап, темір  тұлпарға ие болуың  мүмкін. Сондықтан  кейбір қалам ұстаған  ағайын «біздің өлеңнің қасында түкке тұрмайды» деп кіжінеді. Бұған  сен де келіспейсің,  мен  де келіспеймін. Мысалы,  Мұхамеджан  Тазабековтың  әдемі теңеу суреттері, кезінде айтысқа қатысқан  Бақытжан  Алдиярдың өлеңдері қандай?! Балғымбектің, Ринаттың, Ақмаралдың, Бекарыстың өлеңдері де тұнып  тұрған  поэзия ғой. Мысалы, 2000 жылы республикада алғаш рет дарынды балаларға арналған «Өнер» мектебін аштық.Одан біз не ұтылдық? Қаншама бала қанат қақты. Алғашқы қарлығашымыз Еркебұлан  Қайназаров қазір  Елордадағы президент орталығының ақыны. Мырзатай Жолдасбековтың  ең сенімді ізбасарларының бірі, жақында баспаналы болды. Нұрлан  Есенқұлов деген  шәкіртім  шешендер  сайысынан, республикалық айтыстардан  жүлде әкеліп  жүр. «Өнерден» түлеп ұшқан Қалижан  Білдәшов пен  Нұрлыбек Мейірманов та осал  емес. Ақындардың көбейгеніне  қуануымыз керек. Дулат ағамыз да кезінде болашақта жазушы боламын  деп  армандаған  шығар. Сондықтан,  арман  қуған  балаларға оң көзбен қарап, қуансын. Бағын ашсын,  жол сілтесін,  жұбансын,  жетістігіне қуансын. Алладан  осыларға ұзақ  өмір  сұрасын.

Мұрағаттан, 13.10.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Біржан Байтуов: «Әркім алдымен өзін, одан соң отбасын түзесе, қоғам түзелер еді»
  • Зәуреш Батталова: «Дариға Президент бола алмайды»
  • Нұржан Әлтаев: «Ажырасқан еркек үйінен бір чемоданмен ғана кетуі керек»
  • Уәлихан Қайназаров, мәжіліс депутаты: Бәрін ақшамен өлшесек, ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады
  • Дархан Мыңбай: «Бізде жершілдік, аумақтық емес, мемлекеттік көзқарас қалыптасу керек»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика