Шымкентте кадрлық былық-шылық көп

Oinet.kz 10-03-2022 4101

«Рейтинг» газетінде зейнет жасына әлдеқашан жетсе де қызметінен кетпей жүрген Наталья Романова туралы бұған дейін де сын мақала жазып едік. Ол кезде Наталья ханым Шымкенттегі Оқушылар сарайына басшылық жасайтын.  Кейіпкеріміз әлі де аттан түспей келеді. Оның бірер ай бұрын ғана қаладағы білдей бір мекемеге жаңадан  басшы болып тағы тағайындалғаны осының айғағы. Шымкент қалалық әкімдігінің осыдан жеті жыл бұрын зейнеткерлікке кетуі тиіс кадрға күні қарап қалған соң, одан арғы жағдайды сұрамай-ақ қойса да болатын шығар. Мұрат Әйтеновтің командасында ел естімеген, жұрт күтпеген  кадрлық тағайындаулар көбейіп барады. 

Screenshot_2.jpg

"Рейтингтің" коллажы

Шеттен шақырған кадрлар кетіп жатыр 

Өткен атада Әйтеновтің ең сенімді кадрларының бірі, құрылыс, коммуналдық шаруашылық салаларына бақылау жасайтын орынбасары Мәулен Айманбетовтің қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды. Мұны экс-орынбасардың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Әйтенов-Айманбетов бір-біріне алыс емес. Айманбетов бір кездері М.Әйтенов лауазымды қызмет атқарған Президенттің Іс басқармасында еңбек еткен. Бірақ Әйтеновтің ең сенімді кадры елдің сенімін ақтай алмады.  Соңғы кездері қаланың құрылыс, коммуналдық саласынан көп шу шықты. Оның бәріне енді тоқталудың қажеті жоқ шығар. Экс-орынбасар қаланың дамуына көп еңбек сіңірді. Бірақ ең үлкен еңбегі «көтере алмас шоқпарды беліне байлағанын» кеш те болса түсініп, креслосын босатып бергені шығар, сірә. Енді қаланың коммуналдық саласына кім жетекшілік жасайды? Бірде  кеденшіге, енді бірде заңгерге, бірде механикке бұйырып жүрген салаға нағыз кәсіби маман келе ме? Әліптің артын бағайық... 

Осы жерде айта кетейік, қаланың денсаулық сақтау басқармасына Мұрат Әйтенов 2020 жылдың сәуірінде өзімен бірге Президенттің Іс басқармасында жұмыс істеген Рүстем Албаев деген азаматты басшы етіп әкелген. Алайда Албаевтың тұсында түрі жаман індет болып, Шымкенттің әкімі сол үшін Президенттен тәртіптік жаза алды. Ақыр аяғында Албаев қызметінен кетіп тынған еді. Енді міне, аттай қалап шеттен шақырған кадрлар арасынан   кеше  Албаев, бүгін Айманбетов кетті. Әйтеновті өзі әкелген кадрлары ұятқа қалдырды.

Шотанов туралы неге ресми ақпарат жоқ?

Кадрлық сапырылыстардың көбісі әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жетекшілік ететін салалардан шығып жатыр. Шымкенттегі «Түркістан» сарайына басшылық жасауға шақырылған  атақты әнші Сәкен Майғазиев бюджет қаражатын оңды-солды шашуға байланысты басы шатаққа ілігіп, бәрін тастай келген жағына  қашты. Өзі қашып кеткенмен онымен бір ұжымда еңбек еткен өзгелер құқық қорғау органдарының құрығына ілігіп жатыр. Алдағы уақытта бұл жөнінде бөлек мақала жазармыз. 

Screenshot_3.jpg

Ал былтыр тамызда қалалық ішкі саясат басқармасының басшылығынан Мәди Манатбектің абыройсыз жағдайда атынан ауып түскені, өзі келген Астанаға қайта кетіп қалғаны, оның кетуін кейбіреулер жазушы қыздың өлімімен байланыстырылғаны белгілі. 

Ішкі саясат басқармасы содан бергі аралықта басшысыз тұрған.  Кейбіреулер мықты идеологтардың тізімін түзіп көріп еді, алайда Әйтенов пен Мұқанға олардың бірі де жақпаған сыңайлы. Енді міне, араға жеті ай салып, қалалық ішкі саясат басқармасының басшылығына  2020 жылдан бергі аралықта басқармада басшының орынбасары, ал оған дейін рас болса, құзырлы органдарда қызмет еткен Мұратжан Шотанов деген азаматтың тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Сенбейін десеңіз, басқарма басшысының есігіне Шотановтың аты-жөні бадырайып жазылып қойғанын елдің бәрі айтып жүр. Біз мәселенің мән-жайын қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтан сұрап білмек болған едік. Алайда аппарат басшысымен байланысу мүмкін болмады. Ал аталған басқармада БАҚ-пен жұмыс істейтін бөлімнің басшысы Мұхтар Сейітжапбар Мұратжан Шотановтың осыдан бір ай бұрын бұйрық алып қойғанын мәлім етті.  

Бірақ біз Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының бос тұрған орнына жарияланған конкурстан Шотановтың өткендігі туралы ешқандай ақпаратты таба алмадық. Жуырда қала әкімі аталған басқарманың жылдық есебін алды. Осы жиыннан ақпарат таратқан қалалық әкімдік Шотановтың аты-жөнін ғана атады, қызметін көрсеткен жоқ. Неге? Аталған басқарманың ресми сайтында да басқарма басшысының аты-жөні жазылатын орын «бос» тұр. Шотановтың басқарманың басшысы қызметіне тағайындалғаны туралы ресми ақпарат да бұған дейін еш жерде жарияланған жоқ.  Әлде Мұрат Әйтенов пен Шыңғыс Мұқан басқарманың басшысын ауызша тағайындап алып,  кандидатты конкурстан енді өткізіп жатыр ма? Бұл жерде қандай «сценарий» жүзеге асып жатыр? Елден жасырып, жабатындай нендей құпия бар? Шотанов бұрынғыдай қызметін құпия ұстайтын жерде жұмыс істемейді ғой, керісінше қазір ішкі саясат саласының тізгінін ұстаған шенеунік елден ештеңе жасырмай ашық диалогқа, біте қайнасқан байланысқа түсетін кезең болып тұр емес пе?   

Зейнеткер Романова қызметтен кетсе, күн шықпай қала ма?   

Енді Наталья ханымға қайта оралсақ. «Рейтинг» газетінде бірер жыл бұрын редакцияға хабарласқан оқырманымыз  Жандос Әділханның пікірін беріп, Шымкентте білім беру басқармасына қарасты «Оқушылар сарайы» мекемесін зейнеткерлікке осыдан бірнеше жыл бұрын шығып кетуі тиіс Наталья Романова деген азаматшаның басқарып отырғанын жазған екенбіз. Мақала «Жастарға орын беріңіз, Наталья ханым» деген тақырыппен жарияланған болатын. 

Screenshot_4.jpg

«Жастарға орын беріңіз»  дегелі жеті жыл өтті

 – Оған «орныңызды босатыңыз, «Жастар жылында» жастарға орын беріңіз» деп жатқан ешкімді көрмейсіз. Өзге директорды зейнет жасына толған күні жүмыстан босатып жібереді, ал Наталья ханым ешкімнің назарына ілікпейді. Аталған мекеменің ауласындағы Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне қарап қарныңыз ашады. Мен өз басым Романованың Ғани Мұратбаевтың кім екендігін білетініне күмәнім бар. Әйтпесе, тым құрыса «Жастар жылында» қазақ жастарының көшбасшысының ескерткішіне күтім жасап, айналасын ретке келтіріп қояр еді ғой. Мекемеде «Жастар жылына» немесе Ғани Мұратбаевты еске алуға арналған шаралардың өтіп жатқанынан хабарымыз жоқ. Мекеменің ішіндегі көрнекі құралдар да реттеуді сұранып тұр. Қысқасы, орталықтың жұмысына сілкініс, серпін қажет. Ал зейнет жасындағы Романованың сілкініс жасауға құлшынысы жоқ сияқты. Олай болса, мұндай кадрды құрметті демалысқа жібермеудің артында қандай құпия бар? – деген екен  оқырманымыз.  

Мақаланың жарияланған уақыты –  2019 жылдың тамызы. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Наталья ханым бір жылдан кейін 2020 жылдың қарашасында, 63 жасында (бұл кезде әйелдерге зейнетке шығу жасы–58)  орнынан босатылған. Бірақ зейнеткерлікке кетпеген. Мегаполистегі «Өнер» мектебіне жетекшілік еткен көрінеді. Ал енді  оның былтыр қазан айында қаладағы тарихы терең, қалалық мекеме болып қайта құрылған Пушкин кітапханасының директоры болып тағайындалғанын естіп, аң-таң қалдық. Мұны Наталья Романованың өзі «фейсбуктегі» парақшасында жариялады. Жергілікті «Панорама Шымкента» басылымына берген сұхбатына қарағанда, ол директорлық қызметке қызу кірісіп кеткен сияқты. Қайта жасақталып жатқан кітапхананың бірінші қабатынан кофехана ашуды жоспарлапты. Келген қонақтар кітап оқумен қатар, музыка тыңдайды екен. Қысқасы кітапхананы зиялы қауым өкілдерінің басын қосатын орталыққа айналдыру көзделіпті. Бірақ бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Романова ханымды кітапханаға директор етіп әкелудегі көзделген мақсаттар бұдан да көп сияқты. Кітапхананы биылдан бастап жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Бұл үшін бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінгенге ұқсайды. Аталған мекемеде соңғы уақытта басшының тұрақтамауы осы жаңғыртумен, оған бөлінген қаражатпен байланысты көрінеді. Зейнеткерлікке осыдан жеті жыл бұрын шығып кетуі тиіс, оның үстіне өмірінде бұл салада еңбек етіп көрмеген Романованың дәл осындай үлкен өзгерістердің алдында  кітапханаға басшы болып сап ете қалуының арғы жағында күдікті-күмәнді жайттар қылаң береді.   

Айтпақшы, «жастарға орын беріңіз» дегелі жеті жыл өткен Романова ханымды қызметінен бүгін-ертең босатып тастасаңыз да үйінде қол қусырып отырып қалмайды. Қоғамдық жұмысы бір басына жетіп артылады. Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшесі, Шымкент қалалық славян мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқарады. 

Ал енді кадр саласында осындай жүріс жасап отырған қалалық әкімдіктегі басшылардың әрекетіне не айтуға болады? Әлеуметтік желідегі парақшасында кітап оқу туралы көп ақыл айтатын, бұған дейін кітап шығарумен айналысады, сол үшін мемлекеттен тапсырыстар алады деген «Мазмұндама» қорының төрағасы әрі құрылтайшысы ретінде танылған Шыңғыс Мұқан бұған не дейді?  Бірінші орынбасардың сөзі басқа, тірлігі басқа ма?  Бір миллион халықтың ішінен кітапхананы басқара алатын бір кадр табылмады ма? Зейнет жасындағы мамандарға таңдау жасайтындай кітапханадан қадір кетті ме, әлде кадрлардан қадір кетті ме, Шыңғыс мырза?   

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті, 10 наурыз, 2022 ж

Шөкеев шапан кисе, несі айып?
Путиннің диагнозы белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу