Авдеевканы алды

Oinet.kz 22-02-2024 267

Өткен апта соңында Украина Қарулы күштерінің жаңа бас қолбасшысы Александр Сырский Донецк облысындағы Авдеевка қаласынан украиналық әскерлердің шығарылғанын жариялады.

Screenshot_3.jpg

Авдеевка Украинаның болашақ контршабуылдары үшін аса маңызды, стратегиялық бекініс ретінде қабылданды. Соғысқа дейін 30 мыңдай тұрғыны болған аудандық маңызы бар шаһарды қорғауға бар күшін салды. Ал Ресей армиясы былтырғы қазан айынан бері Авдеевкаға шабуылдарды күрт арттырды. Өткен жылдың соңында АҚШ Киевке көмегін доғарғаннан кейін украиналық армияда снаряд тапшылығы басталды. Олардың гаубицалары негізінен үнсіз тұрады. Соғысты зерттеу институтының (ISW) дерегінше, РФ армиясының әрбір 10 атысына УҚК 1 ғана атыспен жауап бере алды. Украиналықтар FPV дрондармен қорғанып бақты. Сарапшылардың дерегінше, Авдеевкада 700-дей ғана жауынгер қалған, олар Ресейдің 40 мыңнан астам солдатына қарсы тұрды, қоршауда қала бастады. Ресей орнында тек терең шұңқыр қалдыратын 1,5 тонналық алып авиабомбалармен Авдеевка қаласын үстемеле бомбалаған. Қоршаудан шыға алғандар қаладағы ғимараттарда, үйлерде жасырынған украиналық жауынгерлердің жапырылған қабырғалар астында қалғанын, оларды аршып, құтқарып алу мүмкін болмағанын егіле жеткізді. Содан Украинаның жаңа бас қолбасшысы Александр Сырский Авдеевканы тастап шығудан басқа амал қалмағанын мәлімдеді. «Біздің Отан қорғаушылар өздеріне жүктелген әскери борышын лайықты атқарды, ресейлік үздік әскери бөлімдерді жоюға бар күшін салды. Дұшпанның жауынгерлері мен техникасына айтарлықтай шығын келтірді. Ахуалды тұрақтандыру, жаңа позицияларды ұстап қалу үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Әскерилеріміздің өмірі – ең жоғарғы құндылық. Біз Авдеевканы бәрібір қайтарып аламыз», – деді өз мәлімдемесінде А.Сырский. Дегенмен украиналық әскери сарапшы Роман Свитан Авдеевканы қайтару енді қиын болатынын айтады. Өйткені украиналық әскерилер шегінген жаңа бекіністер қаладан төмен жатыр. Яғни, жау оны алақанға салғандай көреді, еркін атқылайды. Оның пікірінше, Авдеевканы қайтару оны ұстап қалудан да көп құрбанға соқтырады. 

The Washington Post басылымының хабарлауынша, Авдеевкадан әскерді әкетуге украиналық армия ақпанның ортасына таман кіріскен. Америкалық басылымның байламынша, бұл қаланы басып алса, Ресей армиясы 2022 жылғы шілдеде Лисичанск, 2023 жылғы қаңтарда Соледар, сол жылғы мамырда Бахмут қалаларын оккупациялағалы бергі майдан даласындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізбек. Ал Ресей басшысы Владимир Путин ресейлік әскерилерді Авдеевка қаласын толық бақылауға алуларымен құттықтады. Путин бұған дейін Авдеевканы әәскери іс-қимылдардың ең бір маңызды бағытыә деп жариялаған болатын. Демек, оны орыс әскерінің басып алуы – биылғы наурыздағы президенттік сайлауда және ұлықтау салтанатында мақтана айтатын жетістігіне айналғалы тұр.

Ресейді «алаяқтар мен ұрылар» билейді деген Навальный түрмеде өлді
Дамыған елдер «қартайып» барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу