Сапарбек Сахов: «Білім саласында еңбек көп те, өнбек аз болып тұр»

Oinet.kz 13-07-2019 1126

Screenshot_13.jpg

Бүгін, 1 қыркүйек—Білім күні. Міне, тағы бір жаңа оқу жылы келді. Данышпан Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»,-- дегені осындайда еріксіз ойға оралады екен. Ал Жүсіп Баласағұни  «Жас кезінде білім берсең қалайда, Өсе келе қолы жетер талайға» депті. Білім саласының білікті маманы, Жоғарғы жаңа технологиялар колледжі директорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сапарбек САХОВҚА қойған сауалдарымыз да осы ойлардың төңірегінде өрбіді.

РЕЙТИНГ: Бүгінде  білім саласында кезек күттірмес ретінде қандай-қандай проблемаларға көңіл бөлу қажет деп есептейсіз?

Сапарбек Сахов: Бірі бірімен тығыз байланыстағы үш проблема. Біріншісі – оқыту сапасын жылдамдата мақсатқа сәйкес көтеру. Екіншісі – оқыту үдерісінде үш тілділікті ретімен, бірақ созбай, сөзбұйдалыққа салмай енгізу. Үшіншісі – техникалық және кәсіби оқыту жүйесін толыққанды дуальдік үрдіске өткізу арқылы оларды өндіріске мейлінше жақындату.

РЕЙТИНГ: Оқыту сапасын талапқа сай көтеру бүгінде ең бір көкейтесті мәселе екені белгілі. Десек те бұған дейін бұл салада атқарылған қыруар тірлік қаншалықты нақты нәтиже берді?

Сапарбек Сахов: Білім саласының базалық кұрылымын дамытуға бағытталған қаржылық көлем, оны материалдық жабдықтау көрсеткіші ерте кездермен салыстырғанда ұшан-теңіз деп  әсірелеуге лайықты. Оның үстіне білім беру, мамандыққа тәрбиелеу үдерісінде көптеген әрекеттер мен ұмтылыстардың, яғни бітпейтін реформалардың  ішінде жүзіп жүрміз десек те болады. Шетел тәжірибесін игеруден де кенде емеспіз. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан министрлеріміздің қайсысы болса да өзімен бірге жаңа идеялар, жаңа  ұйымдастыру үрдістерін, әдістері мен ойларын тықпалайды. Соңғылары алдыңғыларын теріске шығарып жатқан жоқ. Тек өздерінің жаңалығын енгізуге, бұрын жоқты, не жетіспегенді толтыруға әрекет етеді. Нәтижесінде әрекет те ұшан-теңіз, оны орындауды бағдарлаған құжаттар да соған сәйкес. Түпкі мақсат біреу: заман талабына сәйкес жаңғырту арқылы білім саласының тиімділігін әлемдік стандартқа сай қамтамасыз ету!

РЕЙТИНГ: Айтқандарыңыздың бәрі де рас. Солай бола тұра білім сапасы  проблемасы қоғамда ауыр жүк күйінде қалып отырған жоқ па?

Сапарбек Сахов: Иә. Бұл жерде парадокстық құбылыс қалыптасқандай болып тұр. «Еңбегі аздың өнбегі аз» деуші еді ғой. Мұнда еңбек көп те, өнбек аз боп тұр.

РЕЙТИНГ: Себебі неде деп ойлайсыз?

Сапарбек Сахов: Қай министр қандай реформа енгізсе де білім сапасының көрсеткіші іспеттес түпкі нәтиже үшін күрес те, жауапкершілік те байқалмайды. Бұл жерде мен білім саласын  жайлаған коррупцияны, протекционизмді, солардың салдарынан белең алған біліксіздікті, бейкәсібилікті, тіптен, кейде орын алатын ашықтан-ашық қабілетсіздікті айтып отырған жоқпын. Бұл келеңсіздіктер бәріне белгілі. Мен сонша қаржыны, сонша іс-әрекетті, сонша еңбекті бағаламай түпкі нәтиже, түпкі мақсатқа қол жеткізу жолындағы күрестің жоқтығы, не оның мардымсыздығы туралы айтып отырмын. Егер еңбекке, шығынға сәйкес өнбекті іс жүзінде талап еткен жағдайда, жаңағы айтылған қоғамдық мерездер өздері-ақ шегінуге мәжбүр болар еді.

Ойланып қараңызшы. Егер білім министрлігі, әкімдіктер сатылмайтын да, шағылмайтын да азаматтардан топтастырылған мамандар арқылы оқу объектілерін бітірушілерді қайта сынау арқылы тексеріп, іс-шараның жариялылығын қамтамасыз ете отырып, қайта бағаласа, онда қандай көріністер орын алар еді?! Сонан соң топалаң тиген қойдай қырылған  «бітірушілердің» тізімін жариялап, олардың жалған баға қойғыш «ағай-апайлары» мен оларға жұмыс берушілердің, аймақ-өңірдегі аталмыш сала басшыларының, оларды қызметке қойған сюзерендерінің нәтижесіне қарай жауапкершілігін қарап, сазайын міндетті түрде беретін болса, онда олардың протекционистік «аяулы сезімі» қайда кетер еді? Бүткіл жер бетіндегі тәртіпті, заңаялаушы деген қоғамдарыңыз өзі талаптың міндетті де, толыққанды болуының арқасында сондай имидждің иесі болып отыр.

Мемлекеттің, басқарушы органдардың тарапынан келетін қаржылық, материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік және басқа да қамтамасыз ету түрлері қаншалықты жоғары болғанымен жекелеген қатысы тікелей басшылар, педагог кадрлар өз міндеттерін «кітаптағыдай» атқармаса бәрібір сол, баяғы жартас сол жартас.

- РЕЙТИНГ: Бірінші проблема түсінікті де толыққанды ашылды деп ойлаймын. Ал, екіншісі – жаңа да полемикалық мазмұны кең проблема болып тұр. Шынымды айтсам мен Сізді оқу үдерісіне үштілділік бағдарламалар легін енгізу мәселесін толығынан қолдайды деп ойламап едім. Не себепті көптілділікті көп созбай тездете енгізу жағын қолдадыңыз?

- С.С.: Біріншіден, толығынан дегеннен гөрі негізінен қолдаймын деп есептеймін. Екіншіден, алғашында мен де қатты ойланып қалдым. Ана тілдің болашағы ойландырмай қоя ма! Мен екі – қазақ және орыс – тілдерін өзіме қажетті дәрежеде меңгердім деп есептеймін. Ғылыми, публицистикалық мақалалар, ресми-іскерлік құжаттар жобасы, кезінде жазған көптеген баяндамалар екі тілде бірдей мен үшін құнды. Сүйте тұра соңғы онжылдықтарда халықаралық тілде де ақпарат ала білу қажеттілігін сезіне бастаған сияқтымыні. Бірақ, әттең...! Сол себепті де кейінгілердің оны да өздеріне қажетті деңгейде білгенін құптай бастадым. Үшіншіден, мектепте оқыған кездерден бастап тап осы күнге дейінгі шет тілін оқыту жағдайы, орыс сыныптарында қазақ тілін, қазақ сыныптарында орыс тілін оқыту жағдайы көзге елестей бастады. Өз басым бұл істі жаман деп те айта алмаймын. Жақсы деп қанағат тұтуға да аузым бармайды. Бірақ жеткіліксіз, толымды нәтижеге қол жеткізе алмай жатқанымызға сенімдімін. Қанша дарылдағанымызбен қазақ тілінде оқығандарымыз шетел тілін былай қойғанда орыс тілін жарытып жүрген жоқ. Орыс тілінде оқитындар қазақ тілін тәуелсіздікке дейін бір ауыз сөз білмей-ақ бітірсе, енді бір сөйлемді дұрыстап игермей-ақ мақсатына жетуде. Заман болса мынау. Күннен күнге жаhандану үдерісі өз дегеніне қарай жылжуда. Болашақ түгілі қазірдің өзінде кім көп біледі, көп еңбектенеді, басқалармен сәтті бәсекелеседі сол ұтады. Патшадан қарапайым еңбеккерге дейін. Біз қашан қолданыстағы бүгінге дейін өзімізді қанағаттандырмайтын орыс тілділерді жаппай қазақша сөйлетеміз, барша қазақты орысша сайратамыз, ағылшыншаны кімге керек өзі біліп алсын дейтін әдістермен әрі қарай да жүре берсек, -- әлемдік өркениет көші мұнан да ұзап кетеді. Сондықтан да, көп негізсіз созбай, сөзбұйдаға салмай мүмкіндігінше тезірек білім саласын шын мәнінде РЕФОРМАЛАУ керек. Мен оның ұйымдастыру түрін өзгертуіміз, жаңашалауымыз керек деп түсінемін. Бүгінге дейінгідей пәндер легін реттеуді, бағдарламаларды жаңартуды және басқа да жағдай талап еткен өзгерістерді реформа деп масаттанып шатаспағанымыз абзал.

Менің түсінігімше қоғамға ұсынылып отырған білім саласын реформалау негізінде мектепті қазақ, орыс, немесе басқа тілде оқытатын мектеп деген ұғымнан кетуіміз керек. Бізде бір ғана мектеп болуы керек. Ол – Қазақстан республикасының ұлттық мектебі болуы керек. Меншіктігі жөнінен мемлекеттік, жеке, немесе мемлекеттік-жеке серіктестік нысанында бола береді. Оқу жоспары бір, бағдарламасы бір. Оқыту тілі пәндер топтамасы ерекшелігіне қарай қазақ, орыс және ағылшын тілінде. Елімізді мекендеген басқа ұлттар қалауынша қосымша, факультативтік, сыныптан тыс жағдайда ана тілдері мен мәдениетін меңгергені құпталады. Тек мемлекеттік білім стандарты және оны оқыту тілдері бәріне бірдей. Мұндай оқыту үрдісіне өту бұрын ерекшелігімізге орай ерте еді. Қазіргі кездегі саяси-психологиялық жағдайымыз толық мүмкіндік беріп отыр. Осыны тиімді, уақтылы пайдалануымыз ұтымды іс.

Бұрынғы кездерде өзге тілдерді тек олардың грамматикасы арқылы оқыттық. Оны қайталап айтудың қажеті шамалы. Нәтижесі белгілі. Қазақ мектептерінде, әсіресе ауылдық жағдайда, орыс грамматикасымен қосып, орыс әдебиетін орыс тілінде оқытқанның өзінде көксегенімізге толық жете алмадық. Бүгінгі әдіспен орыс тілділерге ана тілімізді ешқашан толық үйрете алмайтынымызға көзі қарақтылардың баяғыда-ақ көзі жеткен. Ал енді, ойдағы бұрмаланбай іске асқан жағдайда, бірінші сыныптан бастап, жоғарғы білім алғанша тіл, рух, мәдениет, парасат қалыптастыратын пәндер легін мемлекеттік тілде оқыса үйренбей қайда кетеді. Техникалық, кәсіби, өндірістік мәдениетке қол жеткізетін пәндерді тек орыс, ағылшын тілдерінде оқыса, --  «жалқау» қазақ қайда барып тығылады!

Әрине, аталмыш реформаға өту барысында да, оны тереңдету барысында да өте көп мәселелер, кедергілер, түсінбеушіліктер алдан шығады. Қазақ тілінен гөрі шет тілін тезірек үйренуге құлықты небір азаматтар алдан шығады. Бірақ, мұның бәрі түбінде шешуін табатын қиындықтар. Көш жүре түзелетінін басшылыққа алып, темірді қызған кезінде соғу керек...

- РЕЙТИНГ: Екінші проблеманың да қысқаша мазмұны негізінен ашылған сияқты. Ал енді сұхбатымыздың соңындағы техникалық және кәсіби білім саласындағы реформа соңғы жылдары тұрақты түрде тілге тиек болып тұр...

- С.С.: Дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, герман, түрік тәжірибесімен жұмысшы маман даярлау үдерісінде дуальдік жүйеге өту арқылы орта техникалық оқу орындарын өндіріске мейлінше жақындату мәселесі қолға алынғалы бірнеше жыл болып қалды. Әзірге атқарылғаннан атқарылуы алда тұрған өзекті мәселелер көп боп тұр. Бұл істе оқу жоспарлары мен бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізумен мақсат орындала қоймайды. Рапорттауға және оның мазмұнына жауап бермей дағдыланған, кейбіреулері типті дуальдік үрдістің қыры мен сырын терең түсіне де қоймағандар «дуальдік жүйеге толық өттік» деп шуылдап та жүр. Іс жүзіне келгенде біріккен қабылдау комиссиялары да, біріккен диплом қорғау комиссиялары да, төртжақты (ата-ана, оқушы, оқу орны, өндіріс орны) келісім-шарттары да, біріккен оқу үдерісінің графигі және басқа да дуальдіктің( қосжақтылықтың) талаптарына сәйкес тіршілік көзге көрінбей тұр. Әрі кеткенде бұрынғы әлеуметтік серіктестікпен шектелуде. Мен бұл істің шешілуі созылып бара жатқанына оқу орын басшылары мен белсенділеріне күнә артудан аулақпын. Тек кейбіреулерінің босқа мақтана шулағанын қабылдай алмаймын. Себебі, проблеманың ең шешуші мәселесі – меншіктік қатынас – шешілмей дуальдік жүйемен маман даярлауға толыққанды қол жетпейді. Техникалық колледждер біржақты мемлекет меншігінде тұрған жағдайда әлеуметтік серіктестіктен әрі кету мүмкін емес. Сондықтанда проблеманы көп созбай осы типтегі оқу орындарын ерекшеліктеріне, мамандықтарына, басқа да жағдайына қарай өндіріс орындарына, немесе, олардың топтарына басқаруға, кейіннен меншігіне беру қажет деп есептеймін. Толық мемлекет меншігінде орта және кіші бизнес орындарына маман даярлайтындар әзірге қала бергені абзал.

- РЕЙТИНГ: Сұхбатыңызға үлкет рахмет! Өзіңізді де, Сіз өкілі болып отырған Жоғарғы Жаңа технологиялар колледжінің ұжымын Жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтап, алда әрі қарай жетістіктен жетістіктерге жете берулеріңізге газетіміздің ұжымы атынан тілеулестігімді білдіремін.

Мұрағаттан, 2016 ж

Мақсат Айтжанов: «Вечеріміздің» шырқын бұзылды...»
Гүлмәрия Барманбекова: «Екі баланы жеті қыз жабылып ұратынбыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу