Өлім туралы эссе. Соңғы дем

Oinet.kz 05-09-2020 1977

Өлім.jpg

Ол, есін жиғанда басынан біреу балғамен ұрып жатқандай солқылдап ауырып тұрды. "Маған не болған?" Есіне түсер емес. Зорлана көзін ашты. Көз алды қып-қызыл бірдеме. Көзін қайта жұмып өз-өзіне келуге тырысты. Енді байқады көргені қанға боялған айна екен. Есіне көлік апатына ұшырағаны түсті. Жылдамдықты қызыға арттырып, көк тайғақ мұзда көлігі тізгінге көнбей жолдан шығып кеткен еді. Тау жолдары тар. Өзінің, осы жолдан өткен сайын сүйсіне қарайтын Қаратаудың биік жартастары мұны қатты соққымен қарсы алды. Дүние шыр көбелек айналып кетті...

Енді жатысы мынау. Қозғалмаққа әрекет жасап көріп еді жаны мұрнының ұшына келді. Бойын қорқыныш биледі. "Шынымен өлемін бе?" Осы бір ойдың басына келгені сол -ақ екен, бүткіл өткен өмірі көз алдынан тізбектеліп өте берді.

Туған жері, ата-анасы, сүйген жары, ұл-қыздары... бәрі, бәрі...

Ауа жетпей тынысы тарылғандай болды. "Шіркін туған жердің саф алтындай таза ауасын бір жұтармеді"

Басынан біреу сипағандай болды. Ып-ыстық алақан. "Апа" -деп қалды еріксіз. Үні шықпай айтты. Байқаса бастан аққан қан екен. Ып-ыстық қан. Көңілі босап кетті.

Енді, аяулы жары келді көз алдына. Қос перзентін көтеріп алыпты. Көзін төңкеріп бұған ымдағандай болды. Сол, баяғы өздеріне ғана аян, екеуі ғана түсінетін құпия, сырлары... Көкірегі шоқ түскендей ысып кетті.

Тамағы кеуіп жұтынып қалып еді, тамағына жылымшы қанның дәмі келді. "Шіркін, Көк бұлақтың балдай суынан құмарым қанғанша ішермедім"

Осының бәрін қас-қағым сәтте ойлап, аңсап үлгерді.

Мұрнына ащы түтін аралас, күйген еттің иісі келді. Көліктің отқа оранғанын, жансызданған аяқтары жана бастағанын түйсігімен ғана сезінді.

Кенет, тыныс алуы жеңілдегендей болды. Көздері де еріксіз ашылып кетті. Кеңінен ашылды. Басын шалқайта құз басына қарады. Құзар шыңның басынан ұшып бара жатқан қыран бүркітті анық көрді. Бұл да қанатын қомдап, ұшуға оқталды. Енді бір сәтте, демін терең алып, қатты бір сілкініп көкке көтеріле берді... Бұл, оның соңғы демі еді...

Құрметті оқырман: Адам баласы екі нәрсені таңдай алмайды. "Туған жер мен туған ата-ананы"

Екі нәрсені айналып өте алмайды. "Махаббат пен өлім"

Мына бір арпалысқа толы өмірдің нүктесін қоятын да сол, соңғысы. "Өлім"  Кезегі келгенде, қымбаттыларын қимастықпен еске алып, опасыз өмірге лағынет айтып үзіліп кете бермек... Иә, дүние жалған...

Айдар Темірбекұлы


Балалар туралы эссе. Жекпе-жек
Созақ ауданының тарихы. Созақ атауы қайдан шыққан?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу