Әйел қуанса әлем қуанады

Oinet.kz 06-09-2020 1674

Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып бара жатқанда Алла Тағала оны тоқтатып:

-Әй, Адам, енді Хауа саған аманат. Әйелің үш намысыңның бірі болады. Бірінші намысың - иманың. Маған қайтып келгенше иманың кәміл болсын. Екінші намысың - әйелің. Оны бөтеннің сұғынан сақтайсың. Сен босасаң әйелің де құбылады, себебі ол сенің қабырғаңнан жаралған. Үшінші намысың - құтты мекенің. Оны дұшпандардан қорғайсың. Бейбітшілік пен тыныштық жолында шаршадым деме!,- деді. Адам Ата бұл өсиетті көкірегіне құйды да, пейішпен қош айтысып кете берді.

«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан оқыған осы әпсана есімде қалыпты. Міндет пен парыз, сосын жауапкершілік.

Бәріміз жақсы көретін сөздің бірі «Отбасы - шағын мемлекет». Әрбір мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты , өзіне ғана тән ішкі заңдылықтары мен ережесі, қалыптасқан дәстүрі бар. Өткен ғасырларда бәрі түсінікті, оңай болғандай көрінетіні бар. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың мығым кезі. Мұханбет пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық ештеңе бере алмайды» деген хадисін күллі мұсылман мығым ұстанатын. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі - өзім, екіншісі - халқым»  дейді. Өз ұлтының қадірін білген азаматтың бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» -дейді. Тарихтағы белгілі тұлғалардың сөздерін тәмпіштеп отырған себебіміз, мұның бәрі қазақ даласында бұлжымас заңдылық ретінде қолданыста болып еді. Еркек еркектік намысы мен жауапкершілігіне, әйел әйелдік нәзіктігі мен ар-ұятына бекем еді. Қазақта «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман»деген нақыл сөз бар. Бейнеті қалың әйел затына берілген әділ бағаның бірі.

Қазір отбасы құндылығы, отбасы институтының ішкі қарым-қатынасы күрделі өзгерістерге ұшырады. Тек қазақ қоғамы ғана емес, бүкіл әлемде өзгеріп жатыр. Өркениет дамыған уақытта отбасылық проблемалар неге көбейіп кетті? Оған не әсер етті? Бұл – қоғамның ала-құлалығының көрінісі. Уақыт өткен сайын жұрт бір-бірін түсінуден қалып барады. Ақпараттық тасқын өте көп, оны әркім өзінше қабылдайды. Отбасылық проблемалардың ең бастысы - әлеуметтік сұрақтар, жоқшылық пен тұрмыстық қиындықтар деп ойлайтындар көп. Ия, бұл негізгі проблемалардың бірі. Бірақ, отбасылық дағдарыс пен ажырасу мөлшері көйлегі көк, тамағы тоқ елдерде де, бақуатты тұратын әулеттерде де жоғары деңгейде.

Әзірбайжан миллионері, атақты меценат, 101 жыл өмір сүрген Зейнелғабиден Тагиев (1823-1924) білім мен денсаулық саласына миллиондап қаржы салған адам. Қыздарды оқытатын ондаған мұғалімдік мектептер ашып, бүкіл шығынын төлеп отырған. «Үйде ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін - анасы. Ол сауатсыз болса кімді тәрбиелеп қарық қылады? Бір ұлға білім берсең, бір білімді азамат аласың. Бір қызға білім берсең, білімді отбасы аласың. Қыздарыңды тұмшалай бермей, оқытыңдар. Олардың бақытты болуына көмектесіңдер» деген екен. Сингапурды мемлекет қылған Ли Куан Юдің «Әлеуметтік инженерия» еңбегінде де осы ой айтылады. Мысалды өзге ұлттардан келтіргеніміз болмаса, қазақтың ойы да осыған жақын. «Ертең барған жерінде қор болмасын» деп қызды оқытуға тырысады.

Отбасы болғаннан кейін үйдің түтіні түзу шықсын дейсің. Ұсақ-түйекті тере берсең жағдай қиындай береді. Келіні бар адамның бір көзі көріп, бір көзі көрмеуі керек дейді. Бір құлағы естіп, бір құлағы естімеу керек. О не деген сөз? Орта ғасыр заманындай ененің қолында монополия жоқ. Тәтті-дәмдінің бәрін сандыққа салып, кілтін шашбауына байлап жүре алмайды. Төркініне жібермей қоямын деп қорқыта алмайды. «Төркіні жақынның төсегі жиылмайды, төркіні алыстың онлайн байланысы тиылмайды» деген заман. Әрбір отбасында не жаңалық, қандай өзгеріс, тіпті кешкі асқа дастарханға не қойғанына дейін сол сәтте біліп отырады. Алдыңғы қатарға ата-ананың тәрбиесі, үлкенді сыйлау, ізет-ибаның шығатын кезегі. Отбасының берекесі мен емін-жарқын өмірі үшін адами қарым-қатынас пен сабыр керек. Ене мен келін анасы мен қызы, апасы мен сіңлісі, тіпті сырлас құрбылардай байланыста болса ұтылмайтыны анық. Енеге қатты қытымырлық жараса қоймас. Тәжірибелі отанасы жас келінді бауырына тартып, айналып-толғанып, жақсы өнегені гүлге су құйғандай қылып шым-шымдап сіңіре бергені абзал.

Үйдегі ұрыс-керіс пен өкпе көбіне редукционизмнен шығады. Адамға зат тәрізді қарау. Рухани болмыс иесі екенін көзге ілмеу. «Жаман үйге келген келін - келсап» деген осы. Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты: - Бауке айтыңызшы, өзі жер бетінде ең батыр адам кім? -деп. Сонда Баукең ойланбастан: - Жер бетіндегі ең батыр адам... ол - қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмейді. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан  ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, - деген екен.

Батырдың келіні, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап жүрген Зейнеп Ахметова «Бүгінгі келін ертең ене болады. Ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам. Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек» дейді.

Әрбір бақытты отбасы өзінше бақытты. Қазақы болмысты қатты сақтайтын, ерекше қастерлейтін ағамыз болды. Өтеген достың әкесі. Үмбетырза аға келіндерін өте жақсы көретін. «Өз балам өз үйінде жүр. Келіндердің қабағын кірлетпеу керек. Көңіл-күйі жақсы, мейірімге бөленген келіннен туған ұрпақ мықты болады» деп отыратын. Өз әулетіне де, қонақтардың алдында да ылғи келіндерін көтермелеп, орнымен мақтап отыратын. Немерелердің бәрі ата-әжесінің бауырында өсті. Әулетін жұбайына аманаттап, ол кісі де бақиға кетті. «Жақсы әкенің аты ұрпағына қырық жыл азық» дейді. Әжесінің қойнына жатуға таласқан немерелер, еншісі бөлінбеген екі баласы, апа-сіңлідей жайраңдап жүретін екі келіннің тату-тәтті тіршілігі, бәрі де Үмекең салып кеткен сара жол. Баяғы қонақжай, бауырмал әулет Зоя шешеміздің қас-қабағына қарап өмір сүріп жатыр. Қалыптасқан дәстүр, өзара сый-құрмет. Қанекей, барлық ата-енелер осылай пайымдаса.

Отбасылық бизнесін дөңгелетіп отырған аға-жеңешеміз бар. Баласы үйленді, немере сүйді. Күні бойы қарбалас шабыспен жүрген отбасы мүшелері кеште үйіне жиналады. Үйге келетін қонақтары да көп. Енесі мен келіні бір-бірін ыммен ұғысып барлық шаруасына үлгереді. Аптасына бір-екі күн өзара келісіммен кезек қыдырады. Достарымен киноға бару немесе паркте серуендеу деген сияқты. Бір күн ата-енесі, келесі күні баласы мен келіні. Немере де бағулы, әке-шешесі де, жастар да разы. Ешқандай санасу жоқ, дәстүр бойынша ата-ананың әмірі басымдау. Ең бастысы, ішінен тынып жүрген ешкім жоқ. Сыйластық пен жарасымды еркелік бар. «Менің балам да жаман емес қой. Бірақ келіннен жолымыз болды. Жас күнімдегі өзімді көргендей боламын. Баламды тастайтын адам болмай, жұмысқа ертіп барушы едім. Ата-енеміз ауылда болды. Немерелер көбейіп жатса қыдырыс онсыз да азаяды. Әр нәрсе уақытында» дейді түсінігі мол жеңешеміз.

Қалай десеңіз де, адамға зат емес, көкірек көзі ашық ақылды адам деп қарау - ең тиімді модель. Себебі кісіге зат сияқты қатынасты ұстану өкпе-ренішті өршітеді. Кез келген адам өзінің құнсызданып, құр затқа теңелгенін ұғынғанда өзін де, айналасын да жек көру басталады. Мұндай өмірден жеріну мен ажырасуды ойлай бастайды. Ерлі-зайыптылардың біреуі ақша табатын, екіншісі кір жуатын машинаға айналғанын түсінгенде рухани тірі өлікке айналады. Жағдай мүлде ушыққанда ұрыс-керіс, тіпті ажырасуға жетеді.

Ене - тиран емес, ұрпағының бақытты болғанын, өсіп-өнгенін қалайтын мейірімді ана. Келін үй қызметшісі емес, отбасының саны мен сапасын көтеруші, жақсы дәстүрін жалғаушы жаңа буын өкілі. Яғни, ене мен келін ежелгі рим аңызындағы Янус құдай сияқты бір айнаның екі беті. Өмірлік тәжірибе мен жастық жалын. Әйел табиғатынан жасампаздық күш. Ене мен келіннің әдемі үндестігі - әулет болашағының берік іргетасы.

Бірнеше жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығатын кітаптарды насихаттап жүрміз. Тұнып тұрған қазына. Мұнда бәрі де бар: мифология, салт-дәстүр, тыйым сөздер, діннің тәрбиелік аспектілері, фольклор, бесік жырынан бастап барлық әдет-ғұрыптардың шығу негіздері жинақталған. Балабақшадан бастап университетке дейін, бестегі баладан тоқсандағы ақсақалға дейін оқи беретін кітаптар. «Бір жылын ойлаған ел бидай егеді. Он жылын ойлаған ел жеміс ағашын егеді. Мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деп, қолдан келгенше отбасы құндылығын, адамға ой салатын мән-мағыналы оқиғаларды, өмір бойы кемелдікке ұмтылып рухани ізденісте болуға шақыратын кітаптар. Сол кітаптардан әйел тақырыбына қатысты бір-екі мысал тыңдаңыз.

Миғраж сапарынан қайтып келе жатқанда Жебірейіл періште:

- Үмбетім өркениетке жалғанып, мәдениетті ел болсын десең үмбетіңе айт. Үш қыз тапқан әйелді төрге шығарып сыйласын, - деді. Пайғамбарым:

- Үш қыз таппаса ше?- деді.

- Онда екі қыз тапқан ананы төрге оздырыңдар, — деді Жебірейіл.

- Екі қыз таппаса ше?

- Онда бір қыз тапқан әйелді құрметтеңдер!

- Қыз тумаған әйел болса ше?

- Онда ұл тапқан келіншекті төбелеріңе тұтыңдар!

- Құрсақ көтермеген әйел болса ше?

- Онда ерін күткен әйелді!

- Бойдақ яки жесір болса ше?

- Онда ар-намысын күзеткен әйелді әлпештеңдер! Әйел баласын ардақтамай  ислам көгермейді. Осыны үмбетіңе ұғындыр, - деді. Пайғамбар миғраждан оралған соң ер азаматты түгел жинап: «Бауырлар, бүгіннен бастап, әйел затын кемсіткенді, қорлағанды доғарыңдар. Қыз-келіншектің жағдайын жасамай ел болмаймыз» деді. Содан бастап әйел затын ардақтайтын мұсылмандық өркендеді.

Қожахмет Яссауи бабамыздан мынадай әңгіме жеткен. «Ұлық Алла Ер мен Әйелді мынадай хикметпен жаратты. Тәңірі тағала күллі ғаламның сырын ең бірінші Адам атаға үйретті. Жүрек өзін ашып, одан тұңғыш ғалым жасады. Ғылым сипатын адамға дарытып, қияметке дейін ұрпағына мирас етті. Содан бастап еркекке ғылым игеріп, ілім тарату парыз болды. Мұғалімдік міндет жүктелді. Сол себепті ер азаматқа ұстаздық еткен жарасады. Тәңірі тағала ең бірінші Адамды балшықтан илеп сомдады. Хауа ана жаралған соң дүниеге сәби әкелетін міндетті әйел затына жүктеді. Осыдан бастап, адам ұрпағы Құдайдың құдіретті қолында емес, ананың құтты құрсағында жасалатын болды. Тәңірдің мұндай құдіретті сүндетін жалғастырушы әйел затын сабау барып тұрған ұят қылық. Одан да бибіңнің бабын жасап, көңілін тап. Бөпелі болса қалжасынан қаржыны аямаңдар. Балаң өскенде би болмаса да, би түсетін берекелі үйдің иесі болады. «Ақылды келіншекке үйленген еркек иманның жартысын тегін алады. Қалған жартысын еңбектеніп таппаса меннен ұялсын» деген Алла Тағала. Ақылды әйелдің ішінде алтын айдарлы ұл жатады. Әйелдің өркендеуіне жағдай жасасаң, елдігіңді сақтап қалу мүмкіндігің ұзара түседі. Ұлың ұятты, қызың инабатты болса екі дүниең абат, екі тойың қабат болады. Жүрек көзі ашылған ер қараңғыда нұрын төккен ай сияқты жұртына ілімнің сәулесін төгеді. Ердің көкірегі жүкті болмай, әйелі әулие тумайды».

Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл сөздердің мән-мағынасы өте терең. Әрбір шаңырақта үлкендер үнемі айтып отырса тыңдар құлақ табылар. Оң нәтиже міндетті түрде болады.

Айшуақ Дәрменұлы

Бабалар өсиеті
Жұма күні туралы тақпақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу