Қызыр атаның қиссасы (қисса)

Oinet.kz 14-01-2020 768

Қызыр ата.jpg

Қызыр атаның есімі «жасыл» деген мағынаны білдіреді. Басқан жері гүлденіп, жасыл желекке бөленетін болғандықтан, оны осылай атаған. Ата-бабаларымыз жолаушыны аттандырып тұрып: «Ойда Ілияс пайғамбар, Қырда Қызыр пайғамбар, Қарағыма көз сал-ау» деп тілек тілеген. Төрт құбыласы сай кісілерді «Бақ қонып, Қызыр дарыған» дейді. Ғұмырында бір рет Қызырға кездесіп, оның батасын алған адам бақытты болады. Ол әр күн сайын жер жүзін түгел шарлап өтеді. Оның табаны тиген жерге береке дарып, мамыражай тіршілік орнайды екен.

Татар дәмі, жұтар суы таусылған соң, Әзірейіл періште Алланың әмірімен Қызырдың жанын алмақ болды. Сонда Қызырдың екі көзінен алты тарам жас ағып, жылайды.

– Ей, Қызыр! Неге жыладың? Өлімнен қорқасың ба? – деп сұрады періште. Қызыр:

– Жоқ, қорықпаймын. Өлсем, Құдайды мақтаудан тыйылып, адамдарға жақсылық жасаудан мәңгілікке айрыламын, – деді. Ұлық Алла:

– Қызыр рас айтады. Оның осы адал ниеті үшін оған ақырға дейін ғұмыр бердім, – деді. Ұлық Алла оған шексіз ілім берді. Ол Құдайдың рұқсатымен әулие-әнбиелерге ілім үйретті.

Қызыр бірде Қожа Ахмет Ясауиге қонаққа келеді. Ясауи шәкірттерін отынға жұмсады. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болды. Бықсып жанбады. Сүлеймен есімді шәкірттің ғана отыны құрғақ екен. Асты соның отынымен пісірді. Қызыр:

– Ұлым, сенің шөпшегің неге құрғақ? – деді. Бала:

– Мен отынды шапаныммен орап, су тигізбей әкелдім, – деді. Баланың зеректігіне риза болған Қызыр:

– Балам, сенің атың «Хакім» болсын. Алла саған хикмет берсін, – деп бата беріп, оның аузына түкірді. Содан бастап Сүлеймен хикметке жүйрік болды. Құранның мағыналы сырларын өлеңге қосып, жырлады. Ел-жұрт оның хикметтерін жаттап, Құранға сауаты ашылды.

Содан бері сыйлы қонақтарға сәбидің аузына түкірту дәстүрі пайда болды. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген сөз осыдан қалыпты.

«Отбасы хрестоматиясы»

Патшаның екі қызы (ертегі)
Ақпақұлақ, тасқұлақ, құймақұлақ (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу