Педофилия – дерт пе? Қылмыс па?

Oinet.kz 06-02-2023 1026

Screenshot_5.jpg

Қазір азғындықтың түр-түрі пайда болғаны соншалықты, кейбіріне қалыпты деңгейде қарай бастадық. 

Дегенмен, ең қорқынышты, ең қауіпті азғындық – педофилия болса керек. Бүгінде бұқара беттерінде  «зорлап кетіпті, өлтіріп қойыпты» дейтін ақпараттар өріп жүреді. Сондай ақпараттарды көз шалған сайын бойымызды бір үрей билеп алады. Сол бітпейтін педофилдер қайдан шығып жатыр? Қазақстан 2019 жылы балаларға қарсы зорлық-зомбылық жағынан ТМД елдерінің ішінен бірінші орын иеленген еді... Әлі күнге дейін педофилдерден жәбір көрген балалар статистикасы көңіл көншітпей тұр. Айта кететін жайт, елімізде мұндай жағдай басына туған күннің өзінде полицияға шағымданбайтын азаматтар көп. Бәлкім бұйығы менталитетімізге салатын шығар... Сондықтан педофилдің құрбаны болған балалардың нақты статистикасын келтіру мүмкін емес. 

Жалпы «педофил» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді. Нақтырақ айтсақ, балаларға жыныстық құмарлығы артатын психикалық ауытқушылығы бар адамға тағылған сой. Дегенмен, ол адамның бойындағы психикалық ауытқушылық көзге ұрып тұрмайтыны анық. Және педофилдердің жасы 16-дан төмен болмайды. Ал оның көздеген объектісі 14 жастан жоғары болмайды. 

Психологиялық ауытқушылығы бар екен деп адамның сыртқы мүсінінен, өзін-өзі ұстауынан, сөйлеуінен, не қоғамнан оңаша жүретіндігенен күмәндануға болмайды. Себебі, педофилдер толық қанды отбасылы, өзінің де ұл-қызы бар, тұрақты жұмысы бар адамдар болуы әбден мүмкін. 

Әдетте педофилдер өзіне мүлдем бейтаныс балаға көп жақындай бермейді. Көп жағдайда педофил жәбірленуші баланың не оның ата-анасының алыс-жақын таныстыры болып келеді.  Қазақшылыққа салсақ, «жау алыстан келмейді». Әлемдегі көптеген ғалымдар, психологтар да бұл деректі растап отыр.

Педофил өз құрбанына ең кемі жарты жыл уақыт қызығушылық танытып, онымен жақындасуға тырысады. Олар таңдаған құрбанын басында тек сылап-сипап, одан кейін сыйлықтар беріп, балалармен эмоционалды түрде байланыс орнатады.

Содан кейін ғана арам ойын іске асырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және т.б. Ал 16 пайызы – бөтен адамдар. Бірақ олар өз құрбанын жақсы таниды. Отбасымен тығыз араласып, жылдар бойы балаға қамқорлық танытқансып, сенімге кіргендер.

5 жыл ұрын Qamshy.kz порталы жариялаған мақалада: «Мамандардың айтуынша, педофилдер әдетте үйінде ата-ана жылуын сезінбейтін, эмоционалды қолдауға зәру балаларды таңдайды.

Ал кейбірі толық емес отбасыларды нысанаға алады. Себебі ондай үйлерде балаға толық бақылау болмайды. Педофилдер анасы немесе әкесі жұмыста болған уақытта баласына қарайтынын айтып, қамқор адам секілді көрінгісі келеді.

Сондай жақын таныстардың немесе отбасы мүшесінің баланы қорқытып-үркітіп, біраз уақыт бойы зорлап келген мысалдар да кездеседі.

Мамандардың айтуынша, бейкүнә балаларға жыныстық қорлық көрсететін адамдардың көбі – өздері де кішкентай кезінде зорлыққа ұшырағандар.

Кейбірінде психикалық ауытқу болады. Күйзеліске түсіп, рухани дертінен арыла алмай жүргендер де осындай пасық қадамға барады. Педофилдердің арасында гомосексуалистердің де үлесі көп екен»,- деп жазады. 

Сондай-ақ, педофилдерді қалай анықтауға болады деген сұраққа Германияның бес ғылыми-зерттеу институты зерттеу жүргізіп көрген. Мамандар қоғамға белгілі мыңдаған педофилді зерттей келе, олардың көбіне ортақ белгілері барын айтады. Әйткенмен ол белгілер қалыпты адамда да кездесуі мүмкін екенін ескертеді.

Зерттеу барысында балаларды зорлағандардың көбі аласа бойлы екені анықталған. 

Бойдың аласылығы ана жатырында мидың дұрыс жетілмеуінен болуы ықтимал. Сондықтан ақыл-есі кем адамдардың көбінің бойы аласа болып келеді.

Көптеген педофилге тән екінші белгі – солақайлық. Оңқайларға қарағанда солақайлардың арасында педофилдер үш есе көп кездеседі.

Педофил неше жаста болса да, өзін жас сезінеді. Ал балаларға, керісінше, ересек адам сияқты қарайды.

Сарапшылардың сөзінше, педофилдер әйелдермен дұрыс қарым-қатынас орната алмағандықтан, әуестігі балаға қарай ойысады екен. Зерттеу барысында педофилдердің көбінің әйелдермен тұрақты қарым-қатынасы жоқ екені анықталған.

Мамандар МРТ арқылы педофилдерден сексуалды патологияны анықтады. Педофилдердің кейбірінде психосоматикалық ерекшелік кездесетінін айтады. Олардың ақыл-ой даму коэффициенті орташа көрсеткіштен сегіз сатыға төмен болады. Зерттеушілердің мәліметінше, педофилдің интеллектуалдық деңгейі оның құрбанының жасымен байланысты болады. Педофилдің интелектуалдық деңгейі төмен болған сайын оның құрбандары да жасара береді.

Бірақ біздің бір білетініміз бүгінгі таңда педофилдер де, жәбірленуші бала, бүлдіршіндер де өршімесе, азайып жатқан жоқ. Олар қайдан шығып жатыр? Психологиялық ауытқушылықтың түп-тамыры қайда жатыр? Балаларға деген әуестік қайдан пайда болады деген сұрақтарға Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушысы Ғалия Құдиярова: «Педофилдердің көбінің миы органикалық зақымданған. Қазір көп әйелдер айына толмай ерте босанып қалып жатады. Ондай жағдайда баланың орталық жүйке жүйесі бұзылып туады. Мұның барлығы баланың ойлау қабілетіне, ақылына нұқсан келтірмей қоймайды. Осылайша адамда балаға деген әуестік пайда болады.

Психиатрияда «инфантилизм» деген термин бар. Инфантильді адамның ойлау қабілеті өз жасынан төмен болады. Мәселен 15, 17 жастағы баланың ойлау қабілеті 12, 13 жастағы баланікіндей болуы мүмкін.

Пубертаттық кезеңде жасөспірім бала мен қыздың арасында ұнату сезімі болса, ол – қалыпты жағдай. Ал балада кішкентай балаларға әуестігі оянса ол – патология.

Баяғыда педофилдер туралы көп естімейтінбіз. Себебі бұрын қазіргідей ажырасу, ерте жастан жүкті болу секілді жағдай көп болмайтын. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ашық-шашық жүретіндердің көбейгені адам психикасына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар қазір ұялы телефоны жоқ адам кемде-кем. Қалаған уақытта ұятсыз сайттарға кіруге болады. Мұның барлығы адамның азғындауына алып келеді.»,- деп жауап береді.

Жалпы педофилия дерт пе, қылмыс па? Педофилдерді жазалау керек пе әлде емдеу керек пе деген мәселе бүгінде ел арасында дау тудырып отыр. 2021 жылы сәуір айында абақтыда отырған 1861 педофилдің 50-і бостандыққа шыққан болатын. Осы кезде ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының басшысы Бибігүл Мұңайтпасова: «Жаза мерзімінің аяқталуына 6 ай қалғанда, айыпталушыға санитарлық-психологиялық талдау жүргізіліп нәтижесі сотқа жіберіледі. Сот шешімі шыққан соң сотталғандарға химиялық кастрация жасалады. Оған психиатрлар да қатысады. Егер шешім оң болса, онда сот барлық тармақтарды ескере отырып, мұндай адамдарға қатысты химиялық кастрация жасау туралы шешім шығарады»,- дейді. Яғни, қанша жерден педофилдердің психологиялық ауытқушылығы болады дегенімізбен, олардың ісі ауыр қылмысқа жатады. 

Сексолог-психолог Ирина Ким педофилді емдеу, ниетін өзгерту тіптен мүмкін емес деп есептейді. Ол: «Шынайы және жалған педофилия бар. Жалған педофилия ешқандай жолмен емделмейді, оны шектеу мүмкін емес, өйткені бұл ситуациялық жағдай. Зорлық-зомбылыққа бейім адамдар әсіресе қорғансыз балаларға қол жеткізе алатындар емделмейді. Өйткені ол – психопаталогия. Химиялық кастрация – адамдарды мұндай парафилиядан қорғаудың жалғыз жолы»,- дейді.

2022 жылдың қаңтарынан бастап түрмеден босап шыққан педофилдерге арнайы электронды білезіктер тағып бастады. Білезік арқылы пробация қызметкерлері бостандыққа шыққан педофилдердің қайда жүргенін 24 сағат бойы бақылап отыра алады. Білезікті өз бетінше алып тастау мүмкін емес. Егер, өз бетінше шешуге тырысқан жағдайда құқық қорғау органдарына автоматты түрде сигнал түседі. 2022 жылдың сәуір айында Түркістан облысында электронды білезікпен 2 педофил босап шыққан болатын. Әзірге басқа статистикалар белгісіз.

Бәрін айт та, бірін айт. Біздің мемлекетте баланың ең негізгі қорғаушысы билік те, тәрбиеші ұстаздары да, ата-анасы да емес. Алдымен баланың өзі. Содан соң барып қана қалған үшеуі көмек көрсете алады. Сол үшін балаларға бөтен адаммен сөйлесуге, ұсынған дүниесін алмауға, көлігіне мінбеуге болмайтынын жақсылап түсіндіру керек. Күш көрсеткен жағдайда айналадағы адамдардан айғайлап көмек сұраудан қорықпауға үйрету керек. Педофилдің құрбаны болған балаларың көбі ата-анасымен ашық әңгімеле алмағандықтан да, болған жайдың бәрін жылдар бойы жасырып жүре береді. Бүлдіршіндермен жыныстық қатынас туралы ата-ананың ашық әңгіме айта алмайтыны рас. Сондықтан бүлдіршіндерге ешкімнің бетін сүюге, шашын ұстауға, денесін сипауға, киімін шешуге болмайтынын, хақы жоқ екенін түсіндіру керек. Егер ондай жағдай бола қалған күннің өзінде ең бірінші мүмкіндікте ата-анасына бәрін айтып беру қажет екендігін ұқтыра білу қажет.

Ал есін біліп қалған баламен мейлінше ашық сөйлескен жөн. Кейде бала бәрін ата-анасына айтқан күннің өзінде, оған сенбей жататын ситуациялар кездеседі. Не сенген күннің өзінде, педофил баланың өгей әкесі, не ағасы, не жездесі әйтеуір бір жақыны болып шыққан жағдайда ата-ана мұны жылы-жауып қойып жатады. Ағайын-жұрағаттығынан ұялып, жақ ашпай, арыз жазбай жүре береді. Сонда мүлдем жауапкершілік арқаламаған қанша азғын бостандықта емін-еркін жүр екен деңізші. Біз ел-жұрттан ұялып жүрген кезде, олар талай бүлдіршіннің, талай баланың, талай жасөспірімнің тағдырына, психологиясына, физикалық денсаулығына қап-қара таңба қалдырып кетіп жатыр. 

Басқасы-басқа бала психологиясына түскен сызат бір күні болмаса, бір күні шытынамай қоймайды. Ал жапа шеккен баланың көбеюі, «болашақ» дейтін мезгіл үстеуінің архаизмге айналып кетуіне апарып соқпасына кім кепіл?!.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Күйеуін көңілдесінен айламен қайтып тартып алған әйелдің әңгімесі
Пәниден күліп озғандар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу