Пәниден күліп озғандар

Oinet.kz 03-02-2023 1476

- Ата, сіз Тарым түрмесінде  жатқанда Қажығұмар Шабданұлын кездестірдіңізбе?

- Қайта соттатайын дейсіңбе?

- Құдай сақтасын ата!

Screenshot_14.jpg

- Көрдім ал, оны қайтейін деп едің?

- Қандай кісі еді?

- Өмірімде ондай бірмойын адам көрсем көзім шықсын! 

- Неге олай?

- Түрме күзетшілері сабап-сабап қолдары салдырап қалатын. Бір күн болсын түрме жұмысына шығара алмады. Ақыры қайтты дейсің ғой? Түрме кәзитін шығартып қойды. 

- Сіз не істедіңіз ата?

- Құйрықтан бір шықпыртқанда жер қопарып, әкоп қазып алдарына түсіп жүгіріп кеттім.

- Тарым қандай жер еді өзі?

- Тарым өңкей бір қазақтың игі жақсыларын қалқып алған мәдәни орталық болды ғой. Егер онда дәм тартпаған да, анау Ақай құрдасым секілді “әліпті таяқ деп білмейтін” сауатсыз, надан күйімде қалар едім. Кеңік-кеңік күлетін.

Бұл Тәукен қарт. Ылғида жасыл торғын шытын төбесін бір айналдырып әкеліп, қақ маңдайдан түйіндеп алатын. Қысы-жазы тері шалбары, күпі күрмесін үстінен тастамай киіп жүретін көп ақсақалдың  біреуі. 

Біз ол кезде ешкі-лағымызды тауға беттетіп жіберіп, күні бойына Тәукен шал бастаған бірнеше кәріні айналып-үйріліп жүретінбіз. Ешкі малы ерте көктемде етектегі енді көгеріп келе жатқан бидай атызына өш. Өзі де бір ақпа құм секілді сусылдақ жануар ғой . Қазір көз алдыңда тауға беттеп бара жатса, көзіңді ала бере бұра тартып, егіндікке желіп бара жатады. 

Ол кісінің намаз оқығаны да қызық! Намазын оқып тұрып, көз қырымен ешкісін бағып тұра береді. 

- Әй, кемелек келгір қайт кейін! 

- Өй, шыжың көк серке, ай шек әрмен!

Болмай, бой бермей бара жатса, таяғын құлаштап лақтырып, ешкі бетін бір қайырып тастап, келген түсынан оқи береді жарықтық.

- Әй осы жері қандай боп кетер екен Тәке! -дегендер табылып жатады.

Тәкең болса саспайды.

- Құдай тағалам ертең намазыңнан бұрын, диқанның тапталған маңдай терін сұрайды сенен,- дейтін.

Оразасы да оншалықты бір шариғатқа сай емес-ті. 

Көрші-қолаңның сүт қатқан шайын терлеп-тепшіп ішіп отырып, маңдайын салып қалатын:

- О, жазған басым! Аузым берік еді ғой менің! Атып тұрып, оразасын онан ары жалғастырып жүре беретін.

Ешкімді ренжітпейтін. Кемпірімен балаларына айқайлап дауыс, қол көтергенін бұл ауылда ешкім көрмепті. 

Қатар құрдастары айтатын:

- Осы сен, жаман кемпіріңді артықша өбектейсің?!

- Менің кемпірім адалдықтың пірі ғой тегі. Оның жанында аққу бишара жіп есе алмай қалады. Жиырма жыл қара шаңырағымды иесіз қалдырмай, жиырма жыл қу төсегімді суытпаған кемпірмнің садағасы кетіңдер, - дейтін.

Салдыр-салақ, қалжыңбас адам еді.

Сырқат меңдеп, қайтар күні жақындағанда замандас-тұстас кәрілерді түгел шақырып былай депті:

- Ей, өңкей мылжың, кәрі-құртаң құзғындар ертең мен өлгенде, молда тісін шұқып тұрып: “мына неменің біреуіңде кеткен қарызы бар ма еді?”,- дейді. Сендер сонда ұялғаннан “Жоқ! Жоқ, молдеке, биттей болсын қарыз емес”,- деп, өп-өтірік шулайсыңдар! Дұрысы, кеткен еселерің, қайтпаған берешектерің болса, бетке айтып, алып қалыңдар!

Жиналғандар бірі күліп, бірі жылапты. Ақай құрдасы ғана дауыс салып озандап тұрып:

- Өтірік айта алмаймын,- деп, аузыңнан тауып, жиырма жыл Тарымшылап кеткенің өз алдына. Енді тағы мені тастап, қашып барасың кәрі ит! Сен кеткесін кіммен қағысып, кіммен күлісіп жүрем, а?!,- дейді.

- Мені көмгелі жатып бір күлесің, сүйегіме өзің ғана түс!

Арада екі күн өтпей Тәукен тарих пәни ғаламдағы соңғы бір жұтым ауасын туған даласында, өз шаңырағында жұтты.

Ал өсиет бойынша мәйітке түскен Ақай құрдасы, жылап отырып қарқылдап күлген екен.

Ауру меңдеп жатса да уақыт тауып, қайраты жеткен Тәкең кіндік асты қылшығын қос бұрым етіп өріп, өнегін қылқындыра түйіп кетіпті.

Ғалымбек Елубай

Педофилия – дерт пе? Қылмыс па?
Ауыр қарғыстан бүкіл ішегі шіріп кеткен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу