Ей, наннан өлгір сорлы-ай

Oinet.kz 06-02-2023 2904

Троллейбустың орта шенінде отырмын, алдыңғы жақта бір қазақ анайы сөздің арғы-бергі атасын түгел біледі екен, түк қалдырмай боқтап келеді. Сөзінде тұрмаған біреулерге өкпелеп, соларды сықпыртуда.

Screenshot_8.jpg

Көлікте адам аса көп емес, бірақ көзім жетпей келеді. Дауыстап ескерту айтып, жаман сөзін тоқтату ойымда бар. Бір ойым: ескерткенде тоқтай қойса жақсы, артына бұрылып мені боқтаса, не істей алам?! Танитын студент-магистранттар болса, дәрменсіз жағдайда көрініп қалам-ау деген алаңдаушылық. Көп боқтанған адамда басқалармен айтысар не күш қалды дейсің, тәуекел деп отырмын.

Бір-екі аялдама өткен соң, орта жастаға қазақ азаматы екенін көрдім. "Айналайын, көпшілік орын ғой бұл, боқтамай сөйлей берші, балалардан ұят болды ғой!" дедім. Артына бұрылды да маған тура жүріп келіп, қарама-қарсы отырып алды.

"Иә, білем, мені жөнге салатын - әйелдер. Мамыр айында әйелім қайтыс болды, содан бері жалғызбын. Жалғыз қызым Чикагода тұрады" деп, әңгімесін айтып отырып, "мені үйіңе алып кет, адам ғыл!" деді. Қарағым-ау, арағыңды қоймасаң, сенің қасыңа күшік те жоламайды ғой, - деп біраз ақыл айтқан болдым.

Е, ер-азамат әйелі барда, салауатты шағында ғана сыйлы екен ғой. Басына іс түссе, қайғыны әйел сияқты көтере де алмайды-ау, тым жақсы жігіттің қор болуын-ай, деп ойлап келе жатып, бір езутартар есіме түскені...

Жалғыздықтан жабығып жүрген бір әйел нан алуға дүкенге шығады да қолындағы қоқысты тастауға бұрылса, сол жерде бір мас жатыр екен. Бас-аяғына көз жүгіртсе, тым жақсы, жуындырып-киіндіріп қасына ертіп жүрсе, "менің күйеуім" дейтін-ақ адам. Ойланып тұрып, қазір дүкеннен нан алып келіп, үйге ертіп кетейін деп шешеді.

Дүкенге барып, керек-жарағын алып келсе, әлгі мас орнында жоқ дейді. Тұрып кетіп қалған да...

- Ей, наннан өлген сорлы-ай! - депті өзіне өзі күйініп...

Бір қарағанда күлкілі сияқты болғанымен, қасірет қой.

Әлгі мас жігіттің де өз адамына жолыққанын тілеп қоямын. Қасқа бала заң күшіне енбей тұрып, ес жиса, жақсы болар еді-ау. Әйтпесе, “арық атқа қамшы жау”, айыппұлыңды да көтере алмай құриды ғой...

Е, Алла, қазағымның азаматтарына бедел беріп, өзің жар бола гөр!

Сараш Қоңырбаева

Фейсбуктегі парақшасынан

«Найман» туралы қалжыңды тек Наймандар айта алады
Баланы өлімнен құтқарып қалған жылқылар елді таң қалдырды (Болған оқиға желісімен)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу