Өтін алдыруға ота жасатамын деп барған келіншек, мүлде басқа жағдайға тап болды

Oinet.kz 10-04-2023 7408

Күңгірт бөлме. Алакөлеңкеде бүкшиген қатынның сұлбасы, терезеден қиғаштай түскен жарықты сындырып, қоңырқай көлеңкені арқасына лақтырып тастапты. Кеудесінде жаны бар, жоғы белгісіз.

Screenshot_13.jpg

Мелшиген бейне, бейуақытта қарайған қара тастай состияды. Патшалық құрып алған тыныштықтың зәресін алып, мүжіліп кеткен ескі тоспасы бетін жыртып шыңғырған албастыдай, қиқая ашылған есіктің арғы жағынан арбайған біреу көрінді. Құдды, түнекке жарық нұр шашып келген періштедей. Сұрқы келіспесе де, сұлбасы біртүрлі жылы ұшырайды. Бөлменің қақ ортасында қалшия қатып қалған қатынды көріп, ұнжырғасы түсіп кетті. Онысы, мойын бұрып та қарамады. Сол мелшиген күйі, күйіс қайтарған сиырдай басын сәл ғана көтеріп, кемсеңдеп тұрды да, бауырына баса, құшақтап отырған табағына төніп, лоқсыды-ай келіп. — Күрік тауық құсап, төсіңмен табағыңды басып отырсың ба, тағы? — деді, сырттан келген серісі. Жауап жоқ! Мен саған айттым, отаға келіс деп. Құсып жүріп, өлесің де қаласың. Кімнің несі кетеді? Кеудесі бөлектің, жаны бөлек. Ешкім, ешкім үшін өмір сүрмейді... Ұзын-сонар өкпесі өзегін өртеп тұрғандай. Дауысында зіл жоқ. Аяқ киімін шешіп, босағаға қатарластыра қойып болғанша-ақ, мүңкіген шуаш иісі қоңырқай әлемді жайлап үлгерді. Шайқалақтап барып, әлгі немесі, басын тағы табағына тығып, лоқылдатып құса бастады. Жүрегі айнып кеткенін біле қойып, жер бауырлай құсып жатқан қатынына обал қылғанына ұялғандай, лып етіп жуынатын бөлмеге сүңгіп кетті, күйеуі. 

...Шекесі шып-шып терлеп отырып, күйеуі қайнатқан шайды ішіп, ес тапқан келіншек, тілге келіп: — Жаным-ау! Кешірші! Сенің де күйің қашты. Қатын болып, тамағыңды дайындап, күтіп аларға дәрменім қалмады. Қайдан ғана жабысты, осы дерт. Өт деген құрғыр, толып кетсе, өкпеңді өртейді де тұрады екен. Отасына келіспесем болмас. Құсып жүріп өлермін. Жаңа, жұмыстан қайтқан қатындармен қуырдақ жеп едік, үйге жеткенше өңешіме кептеліп, төртаяқтап қалдым,-деді, томсырайып. Жарының жуасып қалғанына жаны ашып кеткен күйеуі: — Міне, мұның дұрыс болды. Қиын ота емес қой. Таң атысымен ауруханаға барамыз! Мен, қасыңда боламын! Қорықпа! — деп, күректей алақанымен, бір айда-ақ еті ағып, шөгіп калған шөкімдей қатынынының қолдарын көмкеріп алып, шөлпілдетіп, сүйе бастады. Таң атысымен ауруханаға тартып отыратын болып келіскен ерлі-қатын, құшақтасып жатып, ұзақ сырласты. Шаңырақ көтергендеріне аттай он бес жыл болыпты. Жүріп қалып, орда бұзар отыз жасында тапқан сұлуына есі кете ғашық болған сәттерін айтып, өткен күндердің парағын ақтарып жатты ері. Қатынына да ұнап барады, жастық шақтың жарқын естелігі. Күйеуінің құшағына тығыла түсіп, көзінен еріксіз аққан жасымен күйеуінің көкірегін сулап, күрсініп қалды. Қорқатынындай бар. Жеңіл ота дегенімен, тұп-тура өзінің қазіргі жасында анасы ота стөлінде, осы аурудан көз жұмды. Дәрігерлерден кеткен қателік пе, талқаны таусылып тұрған соң өлді ме, белгісіз. Аяқ астынан, сүйреп жүріп өсірген анасынан қас пен көздің арасында айырылып қалды ғой. Қырық беске келгенше пұшпағы қанамаған сорлының шері, жанын жеп болды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады, екеуінің. Дәрігерлердің бергенін ішіп, жардай болып ісініп, емші-домшының айтқанын істеп, иттей жалықты. «Көтересің!» — деп, шегелеп тұрып айтқан татар кемпірдің сөзі де ақталмады. Үмітайым көңілдері пәсейіп, жүндері жығылып, бала аңсауды біржола доғарған, екеуі. Тумаған қатынның табиғаты, әйелдік заңдылықтан тез ауытқып, климакс басталып кеткенде, үміттің жіңішке жібі біржола үзіліп тынған. Байына, разы! Ұл десе ұлын, қыз десе қызын тауып жатқан қатындар, байынан таяқ жеп, пұшайман күн кешіп жүр. Ойнас жасап, көрінген етектің соңынан сөлпеңдеп, өзегін жарған балаларын тастап кетіп жатқандары қаншама?!... Еркек болып, шекесінен шерткен жоқ! Қол көтеру былай тұрсын, дауысын қатайтқан емес, жарықтық. Жүрегінің астында бүлкілдетіп, тоғыз ай, он күн көтеріп, бел сүйегін қақ айырып шыққан шаранасын қоқысқа тастап кеткен ұрғашылар жайлы естігенде, бұл екеуі жағасын ұстап, өмірден баз кешіп кететін. Құдай, тілегенде бермей, тексізге берсе, өзіне жөн де. Қылаулап атқан таңды кірпік ілмей қарсы алған ерлі-зайыптылар, жұрттан бұрын тұрып, ауруханаға жиналды. Үш ай бұрын тексеріліп:

«Өтіңізді алдыру керек!» — дегенде, азар да безер болған қатынын әрең жөнге келтірген күйеуі, айнып қалмасын деп қорықатындай. Ширақ қозғалып, тез киініп, есіктің көзінде тұр. Сәуірдің саумал салқыны, сарайыңды ашып, көкірегіңді кереді. Таңғы тірліктерін, жұмысқа асыққан елді тасудан бастап, нәпәқа тауып күн көретін таксишілер көп күттірмеді. Сау етіп жетіп келді де, екі жарты, бір бүтін ерлі-қатынды салып алып, зулай жөнелді. Алдымен дәрігерге кіріп, анализге жолдама алған келіншек, ұзын сонар шұбатылып үлгерген кезектің соңына келіп тұрды. Қасындағы орындыққа жайғасқан күйеуі, жарының қас-қабағына қарап, бәйек. Кезек, тез жылжыды. Өз кезегі келгенде, келіншек, күйеуіне жеңіл жамылғысын беріп, ішке кіріп кетті. Екі сағаттан соң анализ қорытындысы дайын болса, түсте жатады. Бүгін дайындап, ертең отаға алады. Дәрігердің түсіндіргені-солай. Ашқұрсақ анализ тапсыратын болған соң, оразаларын ашпай шыққан екеуі, жақын маңдағы асханаға барып, таңғы ас ішті. Құса беретінінен қорынып, бір тостақ салқын компот пен үлпілдеген булочка ғана алған келіншектің, осы арада қуырдаққа әуесі ауып, ұртына сілекейі тола қалды. Қорықса да, алдырып жеді. Сүйсініп жеді. Асханадан шықпай-ақ, жүрегі лобып, құсқысы келді. Елден де ұялуға мұршасы келмей, отыра қалып, лоқылдатып құсып тастады. Ішек-қарны аузынан шығып кетердей төңкеріліп, асқазыны босағанша тұрып кете алмады. Боп-боз болып бозарып, жүзінен қаны қашып кеткен қатынының бетін сүртіп, аузын шаярға су құйып шыр-пыр болған күйеуіне әрлі-берлі өткен жұрт риза жүзбен қарайтындай. — Мед бикенің өз атын атап шақырғанын естіген келіншек, ұшып түрегелді де, желдей есіп, жетіп барды. — Мен! — деді, әлсіреп тұрса да, бар күшін жиып. Қанша күннен бері асқазанына тамақ тұрмай, әл-дәрмені құрып, азып кеткен келіншектің бетіне үңіле қарап алып: —Сіз, дәрігерге жолығыңыз! — деді сосын, қағаздарын қолына беріп тұрып. Астарлы көрінді, бұл сөз, келіншекке. — Іші бір сұмдықты сезгендей, үрейленгеннен, сұрақ қоюға да қорықты. Ілби басып кірген ерлі-қатынды көзімен шолып алып: — Отырыңыздар! — деді, кекселеу келген дәрігер, мұрнына қойып...

Қорқып тұрғандарын көзінен оқитын сияқты. Алдына қойған қағаздарды аударып-төңкеріп қарай бастаған дәрігер: — Етеккіріңіз соңғы рет қашан болып еді? —деді, — Мм... Есіне түсіре алмады. Әйтеуір, соңғы жылы бір тұрақталмады ғой. Жалпы, етеккірім тоқтаған. Екі айда, үш айда бір... Бірде бар, бірде жоқ... Келіншектің мардымсыз жауабына қанағаттанбаған дәрігер: — Қанша балаларың бар? — деді, жұлып алғандай. Екеуі, жер шұқып, отырып қалды. Дәл осы сұрақ, екеуінің жүрегіне қанжар сұғып алғандай әсер етті. Үнсіз қалғанын екеуіне тесіле қараған дәрігер: — Сендерден басқа да ауруларым бар ғой. Жауап берсеңдерші, уақытты алмай! — деді, зіркілдей сөйлеп. — Жоқ! Біздің, баламыз жоқ! — деді, келіншегінің бұл сұрақтан жылап тынатынын білетін күйеуі, қатқыл дауыспен. Дәрігерді, жүрексіз пендедей жек көре түсіп: — Оның, отаға қандай қатысы бар? — деді сосын, сұрланып. Ендеше, балаларың болады! — деді, дәрігер, қағыта жауап беріп. Біріне-бірі тесіле қараған ерлі-зайыптылардың құлағы шулап, бастары айналып кеткендей. Екеуі де бірдей әсер кешіп отыр. Аяғының астынан жер қашқандай, қалбалақтай тұрған келіншек, күйеуінің қолтығына жармаса сүйеніп, әзер басып, сыртқа беттеді. Бұл күйдің, қандай күй екенін түсіне алар емес. Кенет, әлдебір күш көтеріп алғандай, жеп-жеңіл қадамдай, сыртқы есікке қарай беталды. Көбелектей ұша жөнелген келіншегін қуып жетіп, қолынан тарта: — Қатты жүрмесеңші! Баламыздың миын шайқасың! — деді, күйеуі, қатынын құшағына қатты қысып. Еркек болып, көзінен жас шықпаған екен. Әкесі марқұм: «Еркек, көзімен емес, көкірегімен жылайды» — дейтін. Сол сөзді жадында мықтап сақтаған ба, өмірінде жасы ағып, жыламапты. Жоқ! Жылап тұр! Дерт дегені-жерік екен. Ып-ыстық көз жасы бетінен сырғанап, сүйікті жарының сүмбіл қара шашына сіңіп жатыр... Күйеуінің бауырына тығыла түсіп, үнсіз қалғанымен, келіншегі де жылап тұрған сияқты... Біреу шипа іздеп, біреу жақынынан айырылып, біреу бөпелі болып мың түрлі тағдыр, сан түрлі көңіл-күймен кіріп-шығып жатқан жұрт, аурухананың алдында құшақтасқан екі мұңлыққа бұйырған бұл күннің бақытты күн екенін білмейді.

Самал Зікірияызы

Еркек болу оңай емес
Ұрпағым қазақ болмай қала ма деп қорықтым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу