Ұлы жынданған әке – тамырынан айырылған бәйтерек секілді
(Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесіндегі өмір шындығы мен көркемдік шешім арақатынасы)
Желтоқсанның жаны бар, жара басқан,
Желтоқсанның мәні бар – қара дастан.
Құрал КӨМЕКҰЛЫ
Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» атты әңгімесі – өмір шындығын терең ашып көрсеткен көркем туындылардың бірі. Шығармада бір адамның емес, тұтас бір ұрпақтың жоғалған үміті, тапталған арман-мақсаты бейнеленеді. Басты кейіпкер Қонақбай ұстаздың және оның ұлы Жұрнақтың тағдырын трагедиялық сипатта суреттелуі оқырманның жан-дүниесіне тараң әсер етеді. Шынайы өмір шындығынан туындаған бұл туынды адамдардың басынан өткен қиындықтар мен әлеуметтік әділетсіздікті ашады. Шығармадағы кейіпкер Қонақбай – білімді, ұлттың болашағы үшін қызмет ететін азамат, бірақ оны жандарынан қиып кеткен қасіретті қоғамның жүйесі мен биліктің қатігездігі. М. Байғұт өз шығармасында мұғалімнің бейнесі арқылы жалпы қоғамның рухани күйреуін, адам құқықтарының бұзылуын көркем тілде жеткізеді. «Жұрнақ көке жынданып кетіпті...» деп басталатын әңгіме бірден оқырман көңілін өзіне аударады.
«Жұрнақ деген кім? Ол неге жынданды?» деген сұрақтар әрбір оқырманды елең етері анық. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Қонақбай ағайдың жалғыз ұлының жағдайы бір ғана отбасының басындағы жағдай емес, күллі қазақ халқының басына түскен ауыр қасірет еді. Әңгіменің «Жоғалған Жұрнақ» деп аталуының өз тегін емес. Қазақ тілінде жұрнақ сөзі «бұрынғыдан қалған тұяқ, ұрпақ» мағынасын береді. Сонда жынданған Жұрнақ бір ғана жігіттің тағдыры емес, атадан өрбіп жалғасқан үрім-бұтақ, ұрпағының тағдыры. Қонақбайдың өмірінің жалғасы, бар үміті мен тіршілігінің мәні – жалғыз ұлы Жұрнақ еді. Ол ұлының бойынан өзінің арманын, ұлтына деген сенімін, жарық болашағын көретін. Бірақ сол арманға айналған Жұрнақ жынданып, ақылынан айырылғанда, Қонақбайдың да ішкі әлемі ойран болып, өмірдің өзегі үзіліп түскендей күй кешеді. Ұлы жынданған әке – тамырынан айырылған бәйтерек секілді. Қайғылы оқиғадан кейін ол көзге көрінбес азаптың, көңілсіз күндердің, қайғының тұңғиығына батып кетеді. Қоғамнан да, өзінен де жауап таппай, жүрегімен жылаған, үмітінің оты сөніп, рухани күйреуге ұшыраған әке – Желтоқсан трагедиясының екінші бір қасіретті кейіпкеріне айналады.
Інжу ШӘРІП,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенті