Бас мүжитін бе едіңіз?

5fdc0d7afa627f289cc0c7a2abee74dd.jpg

Қытайдан көшіп келіп, Семей жаққа қоныстанған қандасымызға жиенім қызын ұзатты да, көп ұзатпай қылауы бұзылмаған құдаларын сән-салтанатымен құдалыққа шақырды. Дастархан басында жасы жетпісті алқымдаған үлкен құдамен табақтас болып қалдым. Құдалық енді қыза бастағанда қызмет көрсетіп жүрген жігіттер ішке табақ тартатын болды. Алдымен қара қазанда былқып піскен қойдың басы кірді. Осы тұста жанымда отырған құда әлденеге көңілі толмағандай басын шайқап қалды. Бас ортада отырған 70-тен асқан ауыл қариясының алдына барды. Бұл тұста да сыйлы қонағым келіспеген кейіп танытып таңдайын қақты. Қарт кісі бастың шекесінен тіліп алып дәм татты да, ескі әдетпен оны жанында отырған кісіге ұзатты. «Ойпырай, ә!» деп күрсініс білдірді төзімі тауысылған қонағым. Сосын мен де шыдай алмадым: 

- Құдеке, мұныңыз қалай? Бірдеңеге риза болмай отырған сияқтысыз ғой? - дедім. 

- Рас, – деді ол. - Ана бала бастың тұмсығын есіктен теріс қарата кіргізді. Сосын сыйлы асты келген мейманға ұсынбай, ауылдарыңызда күнде бас мүжіп жүрген ана замандасымның алдына қойды. Басты менің ғана мүжуім керек деген сөзім емес бұл. Өзің ойлап қарашы, мына мал кімнің құрметіне бауыздалды? Сыйлы мейманға арнап соймадыңдар ма? Ендеше, алтыдағы бала болса да, бас осындағы ерекше күтіліп жатқан ең қадірлі мейманға ұсынылуы тиіс еді. Екіншіден, басқа бата сұралған жоқ. Білмесеңдер айтайын, бас ұстаған адам алдымен оң жақ езуін кесіп алып, осы үйдің ырысы басқа жаққа кетпесін деп табақтың ернеуіне қояды. Екінші езуін өзі жейді. Құлағын кесіп, құйма құлақ болсын деп осы үйдегі ең кішкентай баланың алдына лақтырады. Екінші құлағын кеспейтіні, айтылған сөз бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетпесін дегені. Қадірлі дәмге пышақты бір тигізіп алып, көршісіне ұзату дұрыс емес. Өзі турап, осындағы адамдардың бәріне ауыз тигізуі тиіс. Әрқайсысы жекелеп жесе, басымыз қосылмай қала ма деп қауіп қылған. Басымыз түгел болсын, берекеміз бұзылмасын деген ырым. Шүйде етін дастархандағы елге тіреу болып жүрген ең беделді адамға, тілін шешен адамға, таңдайын өнерпаз жанға, не болмаса, бұрымды қызға ұсынған. Бір-біріне алакөз болып қалмасын деп екі көзін бір ғана адамның жегені де дұрыс. Дым көрмегендей сүйекті жалаңдап мүжімей, бір бөлігін алып қалған дұрыс. Оны кейін қонақтар кеткен соң үй иесі мал-жаным аман болсын деп өзі жейді. 

Осы тұста сөзін бөліп: 

- Біз жақта әкесі тірі адам бас мүжімейді деген тәмсіл бар, бұған не дейсіз? - деп қалдым. 

«Әкесі тірі адамның бас мүжімейтіні рас. Асыраушымыздан айрылып қаламыз деп ырымдаған»

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Көлігіңіз ескірсе утилизацияға беріңіз
  • Қалың мал туралы бірер сөз...
  • Қожалар қазаққа жата ма?
  • Бас мүжитін бе едіңіз?
  • Арзан пәтер, арзан көлік сататын алаяқтардың құпиясы
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика