Тағылымы терең тектілік жолы
Ғылым тарихы – тек жаңалықтар мен ғылыми еңбектердің тарихы емес, сол жаңалықтарды өмірге әкелген тұлғалардың да тарихы.

Әрбір ғылыми тұжырымның артында ізденіс, әрбір ғылыми мектептің негізінде ұстаздық дәстүр, ал әрбір үлкен жетістіктің бастауында адамның өмірлік ұстанымы мен дүниетанымы жатады. Сондықтан ғалымды тану үшін оның еңбектерін ғана емес, сол еңбектерді дүниеге әкелген интеллектуалдық ортаны, қалыптасу жолын, ұстаздарын, шәкірттерін және өмірлік құндылықтарын зерделеу қажет.
Қазіргі тұлғатану ғылымында бұл ұстаным ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда тұлғаның ғылыми көзқарасының қалыптасуы, қоғамдық ортамен қарым-қатынасы, өзге адамдардың кәсіби және рухани дамуына ықпалы зерттеудің маңызды өлшеміне айналып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекованың ғылыми-педагогикалық қызметі қазақ тіл білімінің дамуы, ұлттық лингводидактиканың қалыптасуы және жоғары педагогикалық білім беру тарихымен сабақтасқан тағылымды жол ретінде назар аудартады.
Тыныштық Ермекова – қазақ тілінің грамматикасы мен синтаксисін зерттеген ғалым, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы, ғылыми кадрлар даярлаған ұстаз, академиялық орта қалыптастыруға үлес қосқан ұйымдастырушы. Оның ғылыми ізденістері дәстүрлі синтаксис мәселелерінен функционалдық-коммуникативтік грамматикаға, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесінен цифрлық лингвистика мен жасанды интеллект мәселелеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұл көпқырлы қызметтің негізінде қандай тұлғалық қасиеттер жатыр? Ғалымның интеллектуалдық дербестігі мен ізденімпаздығы қалай қалыптасты? Оның ұстаздық және басқарушылық қызметіндегі адамға бағдарланған ұстанымдарының қайнар көзін қайдан іздеген жөн? Осы сұрақтарға жауап іздеу ғалымның балалық шағына ғана емес, өзі дүниеге келген әулеттің тарихына жетелейді.
Тыныштық Нұрдәулетқызының атасы Ермек Қожамжаровтың отбасы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының ең ауыр кезеңдерінің бірі – саяси қуғын-сүргін дүрбелеңін бастан кешкендігі Т. Әбіловтің 2006 жылғы «Әкелер өмірінің жалғасы» мақаласында сипатталады. Атасы Ермек саяси айыппен сотталып, жазасын өтеу барысында қайтыс болады. Бұл жағдай оның ұлы Нұрдәулеттің әке қамқорлығынсыз өсуіне себеп болды. Сүттей ұйып отырған шаңырақтың еріксізден басиесіне айналған әжесі ауыр тұрмыс жағдайында балаларын тәрбиелеп, әулетті сақтап қалуға күш салды. Ол кісінің өмір жолын отбасы деңгейіндегі төзім мен күш-қайрат иесі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Өйткені әжесінің саяси қуғын-сүргін салдарынан ер азаматынан айырылған әйелдерге қолдау көрсетіп, демеу болғаны отбасылық естеліктерде айтылады. Бұл – қиын тарихи кезеңді бастан кешкен қазақ әйелінің бейресми әлеуметтік көшбасшылығын танытатын маңызды дерек. Бүгінгі ғылым тілімен айтқанда, әжесінің әрекетін әлеуметтік жауапкершілік пен қауымдық қолдауға негізделген көшбасшылықтың көрінісі ретінде тануға болады.
Ғалымның әжесінің тұлғалық болмысында ұл бала тәрбиесіне деген ықыласы ерекше орын алғандығына естеліктер арқылы көз жеткізуге болады. Ұл немерелерінің бірін «Құдай берген», екіншісін «Жаратқан сыйлаған», үшіншісін «Алланың бергені» деп дәріптеп отыруы әженің оларды әулеттің жалғасы, болашақтың тірегі ретінде қабылдағанын аңғартады. Оның бұл қарым-қатынасында қазақы тәрбиенің дәстүрлі сипаты ғана емес, өмірдің ауыр сынақтарын бастан өткерген адамның ұрпақ жалғастығына деген ерекше ризашылығы мен үміті де көрініс тапқан деп пайымдауға болады. Әженің ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымын ұл немерелерін әулет жалғастығының символы ретінде ерекше құрметтеуімен шектеудің қиянат болатындығын тағы да отбасылық естеліктер дәлелдейді. Үйелмелі-сүйелмелі немерелерін үй тіршілігін жайғауға жұмсап, бала Тыныштықты «сабақ оқиды» деп ерекшелегенін әкесі Нұрдәулет Ермекұлы анасының адам бойындағы қабілетті тани білетін сұңғылалығы ретінде таныған. Оның пайымдауынша, әжесі Тыныштықтың білімге деген ынтасын ғана емес, болашақта интеллектуалдық тұрғыдан өсу мүмкіндігін де ерте сезінген. Әжесінің бұл сипаты Т. Ермекованың бүгінгі педагогикалық қызметінде көрініс табатын жеке тұлғаның ерекшелігін ескеру, дарындылық белгілерін байқау және білім алуға қолайлы орта қалыптастыру қағидаларымен мазмұндық тұрғыдан байланыстыруға болады.
Нұрдәулет Ермекұлының білім сапары да тұлғатанулық тұрғыдан маңызды. Жарқамыс орта мектебінің пансионына қабылдануы кезінде әкесінің саяси айыппен сотталғаны белгілі болған баланың білім алуына мектеп басшылығы мүмкіндік беріп, пансионға қабылдауға ықпал еткені Ниетжан Берікұлының естелігінде баяндалады. Бұл оқиға білім беру институтының жеке адам тағдырындағы әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтетін қызметін сипаттайды. Нұрдәулет Ермекұлы кейін кәсіби білім алып, инженер-механик мамандығын меңгереді. Еңбек жолында механиктен бас инженерге, совхоз директорына және аудандық басқару жүйесіндегі жауапты лауазымдарға дейін көтеріледі. Нұрдәулет Ермекұлының тұлғалық болмысын танытатын басты ерекшеліктің бірі – басқарушылық қызметте адамдарды кәсіби тұрғыдан өсіруге мән беруі. И. Сұлтановтың «Коммунизм жолы» газетінде жарияланған «Инженер» мақаласында әкесінің шаруашылықтағы техникалық мамандар тапшылығын шешу үшін жергілікті тұрғындарды оқытуға, тракторшылар мен механиктер даярлауға бастамашылық жасағаны, жұмысшылардың қабілетін байқап, оларды жаңа мамандық игеруге, білімін жетілдіруге ынталандырғаны, нәтижесінде қарапайым жүргізушілер мен тракторшылардың кәсіби механиктер мен өндіріс ұйымдастырушылары деңгейіне көтерілгені баяндалады. Назар аударатын мәселе – Нұрдәулет Ермекұлының қызметкерге тек бүгінгі мүмкіндігі деңгейінде емес, оның болашақта қандай маман бола алатыны тұрғысынан қарауы. Адамның бойындағы қабілетті тани білу, оған сенім білдіру, жаңа міндет жүктеу, білім алуына жағдай жасау – басқарушылық мәдениеттің маңызды белгілері. Осы ұстанымның профессор Тыныштық Ермекованың академиялық қызметімен мазмұндық үндестік табуы – тұлғатанулық зерттеуге нысан болатын мәселе.
Тыныштық Нұрдәулетқызының интеллектуал тұлға ретінде қалыптасуына ықпал еткен маңызды орта – әкесінің кітапқа, білімге және рухани ізденіске негізделген тәрбиесі. Нұрдәулет Ермекұлының мамандығы инженер болғанымен, қызығушылығы техникамен ғана шектелмеген. Тарих, география, қазақ және әлем әдебиеті, ауыл шаруашылығы, табиғаттану мен күнделікті тұрмысқа қажетті ғылыми-техникалық жаңалықтар оның тұрақты назарында болған. Тыныштық Ермекова «Әке: таным мен тағылым» кітабында әкесінің жеке кітапханасында әртүрлі саладағы еңбектердің болғанын, олардың тек оқылып қана қоймай, тәжірибеде де қолданылғанын ерекше ықыласпен еске алады. Нұрдәулет Ермекұлының жаңа технологияларды меңгеруге, ауыл шаруашылығында тиімді тәсілдерді қолдануға және тәжірибе жасауға ұмтылысы оның ізденімпаздық қасиетін көрсетеді. Әкенің бұл танымдық кеңдігі балаларының тәрбиесіне, тұлғалық келбетіне де ықпал етті.
Қызы ғылым докторы атанғаннан кейін де әкесінің оның интеллектуалдық дамуына бағыт-бағдар беруді жалғастыруы – ерекше назар аударатын жайт. Тыныштық Нұрдәулетқызының естелігінде әкесінің оған Хасен Оралтай, Ермұхан Бекмаханов, Тұрсын Жұртбай, Қажығали Мұханбетқалиев сияқты авторлардың еңбектерін оқуды ұсынып отырғаны айтылады. Әке ұстанымының тереңдігі мынада: ғалым қызы өз мамандығының шеңберінде ғана қалмай, тарихты, әдебиетті, ұлттық руханиятты терең тануы тиіс.
Нұрдәулет Ермекұлының өмірінің соңғы кезеңінде «Назар Есентүгел шежіресі» атты көлемді еңбек жазып қалдыруы оның ел мен жердің тарихына деген жауапкершілігін көрсетеді. Бұл еңбекте әулет шежіресімен қатар, туған өлкенің тарихы, адамдардың тағдыры, қоғамдық өзгерістер мен ұрпақтар сабақтастығы қамтылған. Шежіренің алғысөзінде автор ата текті білудің адамдарды жік-жікке бөлу емес, оларды жақындастыратын байланысты сақтау үшін қажет екенін түсіндіреді. Осы ұстанымнан тарихи жадының бөлуші емес, біріктіруші қызметіне мән берген көзқарасты байқаймыз. Профессор Тыныштық Ермекованың ұлттық тілдің этномәдени мазмұнын, қазақ дүниетанымындағы тілдік бірліктерді, ұлттық құндылықтардың тілдегі көрінісін зерттеуі әкесінің тарихи-мәдени танымымен мазмұндық тұрғыда үндесіп жатыр дей аламыз.
Тыныштық Нұрдәулетқызының тұлғалық қалыптасуына ықпал еткен факторларды зерделегенде анасының рөліне арнайы тоқталу қажет. Отбасылық естеліктерде Тыныштық Нұрдәулетқызының анасы сыртқы сұлулық пен ішкі жан дүниенің үйлесімін бойына жинаған, ісімен тәлім беретін жан ретінде сипатталады. Қоғамдық еңбекке белсене араласа жүріп, отбасының бар тіршілігінің тегершігін қолына ұстаған. Ұстамдылық пен сабырды серік еткен жанның басшылық қызметтегі жұбайының абыройы үшін еткен қызметінің бір қыры – шаңырағына толассыз келетін қонақты қабақ шытпай күтуі. Тек келіп-кететін қонақ қана емес, ағайын-туыстарымен, көршілерімен, ауылдастарымен сыйласып, жан баласымен сөзге келмей, көңілдерге қаяу түсірмей тіршілік кешуі – ғалымның анасының биік мәдениетінің, еңбекқорлығының көрсеткіші.
Ал өмірімен қош айтысар тұста перзенттеріне өзі өмір бойы алдарынан қия басып өтпеген қос қайын апасына, сол қайын апаларының екі қызына, өз әулетінің керегесін керіп отырған қос келінінің аналары – құдағиларына, есігінен қонақ үзілмеген күндерінде қолын ұзартқан абысындары мен келіндеріне көрсетілер сый-құрметті атап-атап көрсетуі – туыстық қатынасты қадірлеумен қатар әулеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан адамдардың еңбегін бағалай білетін, оны ұрпақ санасына сіңіруді мақсат тұтқан парасаты биік, ақылы кемел қазақ әйелінің әрекеті танылады. Бұл қасиеттерден профессор Тыныштық Ермекованың ғалымдық-ұстаздық қызметіндегі тынымсыз еңбектену, шәкіртке қамқорлық жасау, әріптестермен ынтымақтастық орнату, жас мамандарға қолдау көрсету және ұжымдық шығармашылықты ұйымдастыру ұстанымдарымен мазмұндық үндестік байқалады.
Ғалым бойындағы интеллектуалдық дербестіктің алғашқы белгілерін балалық және жастық шақтағы шығармашылық жолынан көруге болады. Оның орта мектепті аяқтайтын сәтте барлық пән бойынша бағасы «үздік» болып, тек қазақ тілі пәнінен «төрт» алуына байланысты Алтын медаль алмауы – елең еткізерлік жайт. Мектеп бітіру емтиханында «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбында Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы туралы жазған шығармасында Ұлпанның бейнесін терең ашып қана қоймай, оның қоғамдық деңгейге көтерілуіне Есенейдің байлығының да әсері болғанын пайымдай алуы – зерделілік һәм батылдық. Сол заманның идеологиялық қалыбына сыймайтын дербес ойы үшін «бес» бағасын ала алмағанымен, бұл оның қасаң қағидаларға бағынбайтын еркін ойлы екенін, көркем шығарманы дайын тұжырымдар арқылы ғана түсіндірумен шектелмей, өзіндік пікір айтуға ұмтылғанын аңғартады.
Болашақ ғалымның Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсу жолы да ерекше. Университетке түскен кезде жазған шығармасының мазмұндылығы мен тілінің шеберлігі соншалық, қабылдау комиссиясы мүшелерінің өзі бұл жұмысқа қайран қалады. Алайда сол кездегі тәртіп бойынша (егер бірінші емтиханнан «5», келесісінен «4» алса, соңғы емтихандарды тапсырмай-ақ оқуға қабылданатын эксперимент талаптарына сәйкес) бұл жоғары деңгейлі жұмыс «үздік» деп бағаланбай, «төрт» қойылады. Бұл жайт оның білімінің әлсіздігінен емес, сол кездегі қабылдау жүйесінің тәртібіне байланысты туындаған ерекшелік болатын. Бұл фактор да білімге ұмтылған жастың мінезін шыңдауға ықпал етті, ал шыңдалған мінез оның кейінгі ғылым жолындағы табандылығына жол салды. Осы екі оқиғада ортақ сипат байқалады: ғалымның жас кезінен бастап жаттанды пікірді қайталаудан гөрі, өзіндік ой айтуға және тілдік мүмкіндіктерін шығармашылықпен пайдалануға бейімдігі. Кейін бұл қасиеттер оның ғылыми зерттеулеріндегі қалыптасқан теориялық ұстанымдарды қайта зерделеуге, синтаксистік категорияларды жаңаша түсіндіруге ұмтылуымен мазмұндық тұрғыдан сабақтасады.
Тыныштық Нұрдәулетқызының өмір жолында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының орны ерекше. Ол 1988 жылы осы оқу орнының филология факультетін үздік бітірді. Институт қабырғасында Сейілбек Исаев, Әбжаппар Әблақов, Әбжан Құрышжанұлы, Зәмзәмия Бейсенбайқызы және басқа да белгілі ғалымдардың дәрістерін тыңдап, тіл білімінің теориялық мәселелеріне қызығушылық танытты. Алғашында әдеби шығармашылыққа бейім болғандықтан, ақын болуды мақсат тұтып, сонау Ақтөбеден Қазақ Ұлттық университетіне ат басын тірегенімен, Қыздар университетіне түсу нәсіп болған студент Тыныштықтың біртіндеп лингвистикалық зерттеулерге ден қоюы оның интеллектуалдық ізденістеріндегі маңызды бетбұрыс болды. 1990 жылы институтта ашылған аспирантураға алғашқылардың бірі болып қабылдануы ғылыми қызметке жол ашты. 1995 жылы Әбжаппар Әблақовтың ғылыми жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ал 2007 жылы профессор Рақыш Әмірдің ғылыми кеңесшілігімен «Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің семантика-грамматикалық сипатына қатысы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғады. Осы екі ғылыми еңбек ғалымның қазақ синтаксисін зерттеудегі негізгі бағытын айқындады. Алғашқы зерттеуінде есім баяндауыштардың грамматикалық табиғатын, тарихи қалыптасуын және түркі тілдері жүйесіндегі ерекшеліктерін қарастырса, докторлық еңбегінде құрмалас сөйлем компоненттерінің құрылымы мен семантикалық қатынастарына назар аударды. Ғалымның маңызды ғылыми ізденістерінің бірі – қазақ синтаксисіндегі қалыптасқан жіктеу ұстанымдарын қайта қарастырып, құрмалас сөйлемдерді функционалдық-семантикалық тұрғыдан жүйелеу мәселесін көтеруі. Бұл бағытта А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев сияқты ғалымдардың теориялық мұрасын қайта зерделеп, ұлттық синтаксистік дәстүрдің сабақтастығына мән берді. Т. Ермекованың ғылым жолындағы ерекшелігі – бұрынғы ғылыми тұжырымдарды қайталаумен шектелмей, оларды жаңа зерттеу мәселелерімен байланыстыра қарастыруға ұмтылуы. Бұл – интеллектуалдық дербестіктің маңызды белгілерінің бірі.
Профессор Тыныштық Ермекованың ғылымдағы еңбегін тек синтаксис саласы аясында тану оның интеллектуалдық деңгейінің ауқымын толық ашпайды. Ғалымның зерттеулерінде тілдік құрылым, мағына және коммуникативтік қызмет мәселелері өзара сабақтасады. «Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар», «Құрмалас сөйлемдер жүйесі», «Коммуникация үдерісіндегі тілдік бірліктер», «Коммуникация үдерісіндегі сөйлем және тілдік экономия» сияқты еңбектерінде тілдік бірліктердің құрылымдық және қатысымдық табиғаты қарастырылады. Бұл зерттеулердің лингводидактикалық маңызы ерекше. Тілді оқыту тек грамматикалық ережелерді меңгертумен шектелмеуі тиіс. Оқушы немесе студент тілдік бірліктің құрылымын білумен қатар, оның қандай жағдайда, қандай мақсатпен және қандай мағынада қолданылатынын түсінуі қажет. Функционалдық-коммуникативтік грамматика ғалымға осы міндетті ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік берді.
Т.Ермекованың ғылыми-педагогикалық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – теориялық тілтанымдық білімді мектеп пен жоғары оқу орындарының оқыту мазмұнымен байланыстыру. Ғалым 2001 жылдан бастап мектеп оқулықтарын әзірлеу ісіне белсенді қатысып келеді. Оның жетекші авторлығымен әртүрлі білім беру бағдарламаларына арналған «Қазақ тілі» оқулықтары, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулар, дидактикалық материалдар және оқу-әдістемелік кешендер дайындалған. Бұл қызметтің маңызы тек оқулық жазумен өлшенбейді. Оқулық – білім мен оқушы танымының арасын жалғайтын маңызды құрал. Сондықтан оны әзірлеу тіл білімінің теориялық мәселелерін оқушының жас ерекшелігіне, білім деңгейіне және оқу мақсатына сәйкес жүйелеуді талап етеді. Ғалымның жетекшілігімен жүзеге асырылған «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі (деңгейлері мен сатылары)» ғылыми жобасы осы бағыттағы ізденістердің маңызды жалғасы болды. Бұл зерттеу қазақ тілін оқытуды жеке пән мен білім беру деңгейінің жиынтығы ретінде емес, үздіксіз дамитын біртұтас жүйе ретінде қарастыруға бағытталған. Осы тұрғыдан Т. Ермекованың ғылымдағы қызметінде теория мен тәжірибе бірін-бірі өзара толықтыратын екі бағыт ретінде көрінеді.
Ғылыми тұлғаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – ғылымдағы жаңа бағыттарға бейімделе білуі. Т.Ермекованың соңғы жылдардағы зерттеулерінде қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қызметі, ұлттық корпус, семантикалық синтаксис және жасанды интеллект жүйелеріндегі этномәдени бірліктер мәселелері маңызды орын ала бастады. Ғалым қазақ тілін цифрлық ресурстар арқылы меңгерту, латын графикасына көшуге байланысты интерактивті оқыту бағдарламаларын әзірлеу және тілдік деректерді компьютерлік өңдеу мәселелеріне арналған ғылыми жобаларға қатысты. Қазіргі зерттеу бағыттарының бірі – қазақ тіліндегі этномәдени бірліктердің жасанды интеллект жүйелерінде дұрыс берілуін қамтамасыз ету. Бұл мәселе қазақ тілінің сөз байлығын машина жүйесіне енгізумен шектелмейді. Ұлт мәдениет танытатын сөздер мен тұрақты тіркестердің мағынасын, олардың тарихи-мәдени астарын және контекстік ерекшеліктерін дұрыс түсіндіруді талап етеді. Сонымен бірге ғалымның «Семантикалық синтаксис: рөлдер, қатынастар, модельдер» атты зерттеуі қазақ тіліндегі сөйлем құрылымын семантикалық тұрғыдан модельдеу мәселелеріне бағытталған. Бұл ізденістер дәстүрлі синтаксистік зерттеулер мен қазіргі цифрлық технологиялар арасындағы байланысты көрсетеді.
Профессор Тыныштық Ермекованың тұлғалық феноменін ашуда оның басқарушылық қызметіне ерекше назар аудару қажет. Ғалым әр жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, Филология институтының директоры, Жобалық кеңсе үйлестірушісі және университет Ғылыми кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта университеттің филология бағыты бойынша диссертациялық кеңес төрағасы. Алайда оның басқарушылық қызметінің маңызы атқарған лауазымдарының санымен немесе мәртебесімен өлшенбейді. Нағыз академиялық көшбасшылықтың мәні – басқару жүйесін ұйымдастыруымен қатар, сол ортадағы адамдардың кәсіби және интеллектуалдық дамуына жағдай жасауы.
Профессор Т. Ермекованың жоғары білім беру жүйесінің мәселелеріне жауапкершілікпен қарағанын көрсететін ірі еңбегінің бірі – кафедра меңгерушісі қызметін атқарған жылдарында 1990-жылдардағы қоғамдық-экономикалық өзгерістерге байланысты үзіліп қалған студенттердің пәндік олимпиадасын қайта жаңғырту мәселесін ҚР БҒМ деңгейінде көтеріп, жүзеге асуына ықпал етуі. Студенттердің кәсіби қабілетін шыңдауға, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға, ЖОО арасындағы академиялық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін шараның маңыздылығын тап басып тануы – Т. Ермекованың ұстаздық ұстанымының бекемдігінің көрінісі.
Сондай-ақ, ғалымның кафедра мүшелерінің кәсіби әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ғылыми-педагогикалық тәжірибені біріктіріп, білім беру бағдарламаларының сабақтастығын түзіп, филология мамандығы бойынша үш сатылы білім беру жүйесін (бакалавриат, магитстратура, докторантура) құру бағытында атқарған қызметін кафедра ұжымының бірлескен еңбегімен жүзеге асқан академиялық жаңару үдерісі ретінде тануға болады. Бұл – оның басқарушылық ұстанымындағы ұжымдық жауапкершілік пен әріптестікке негізделген көшбасшылықтың көрінісі. Аталған екі бағытта да ғалымның ұйымдастырушылық қызметінің негізінде білім алушылар мен әріптестердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ұстаным жатыр.
Ғалымның басқарушылық тәжірибесіндегі маңызды қырлардың бірі – ұжымдық ғылыми шығармашылықты ұйымдастыруы. Мектеп оқулықтарын әзірлеу барысында профессорлар, әдіскерлер және мектеп мұғалімдерінен тұратын жиырмадан астам маманды біріктірген авторлық ұжым қалыптастыруы – осының бір мысалы. Мұндай жұмыс әріптестердің кәсіби тәжірибесін ортақ мақсатқа жұмылдырумен қатар, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасайды. Т. Ермекованың академиялық көшбасшылығын қарастырғанда әкесі Нұрдәулет Ермекұлының басқарушылық тәжірибесімен мазмұндық үндестік байқалады. Әкесі өндірістік ортада қарапайым жұмысшылардың білім алуына, жаңа мамандық игеруіне және кәсіби өсуіне жағдай жасаған болса, қызы академиялық ортада оқытушылардың, әдіскерлердің және жас зерттеушілердің ғылыми-педагогикалық дамуын жіті назарда ұстайды.
Т. Ермекованың ғылыми жетекшілік тәжірибесі, магистранттар мен PhD докторларын даярлауы және ғылыми кадрларды аттестаттау жұмыстарына қатысуы оның ұстаздық миссиясының институционалдық деңгейде жалғасып отырғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан ғалымның тұлғалық феноменін өзінің ғылыми жетістігімен қатар, өзге мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етуге ұмтылған академиялық көшбасшы ретінде түсіндіруге болады.
Тыныштық Нұрдәулетқызының ғылыми-педагогикалық өмірбаянында ерекше символдық мәні бар сабақтастық байқалады. Ол – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының түлегі. Кейін осы оқу орнына оқытушы ретінде оралып, профессор, кафедра меңгерушісі, институт директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Бір кездері өзі дәріс тыңдаған университет қабырғасында жаңа буын мамандарды даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және академиялық ортаны қалыптастыруға қызмет етуі оның кәсіби өмірбаянына тұтастық береді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы әйелдердің жоғары білім алуы, кәсіби маман ретінде қалыптасуы және педагогикалық қызметке келуімен тығыз байланысты. Т. Ермекованың ұзақ жылдар бойғы ұстаздық қызметін осы тарихи миссияның жалғасы ретінде танимыз.
Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметінің тағы бір маңызды қыры – жас ұрпаққа әлеуметтік және рухани қолдау көрсетуі. Ол әкесі Нұрдәулет Ермекұлының және ғылыми ұстаздары Ә. Әблақов пен Р. Әмірдің есімдеріне байланысты студенттерге атаулы стипендиялар мен сыйлықтар тағайындап, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастардың білім алуына жәрдемдесуінің астарында тарихи жадыны сақтау, ұстазға құрмет көрсету және білім алуға мүмкіндік жасау құндылықтары жатыр. Әулет тарихына қайта үңілсек, бір кездері саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының баласы Нұрдәулеттің білім алуына мектеп ұстаздары мүмкіндік жасаған еді. Кейін Нұрдәулет өзі басшылық еткен өндірісте мамандардың білімін жетілдіруге жағдай жасады. Ал оның қызы Тыныштық Ермекова ғылыми-педагогикалық ортада жас мамандардың қалыптасуына және студенттердің білім алуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл үш түрлі кезеңдегі әртүрлі әлеуметтік тәжірибе болғанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ идея бар: адамға жасалған ең маңызды жақсылықтардың бірі – оның білім алуына және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Бұл – өзінен кейінгі буынның өсуіне ықпал етіп отырған Тұлғаның биіктігі деген сөз.
Профессор Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекованың ғылыми-педагогикалық жолын зерделеу тұлғаның қалыптасуы мен ортаның қоғамдық ықпалын бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайтынын көрсетті. Оның өмір жолында әулеттік тарихи жады, білімге ұмтылу дәстүрі, интеллектуалдық дербестік, ғылыми ізденіс, ұстаздық қызмет және академиялық көшбасшылық өзара сабақтасады. 1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргінді бастан өткерген әулеттің тарихы, әжесінің отбасын сақтаудағы қажыр-қайраты, әкесінің білім арқылы кәсіби қалыптасуы мен өзгелердің өсуіне жағдай жасауы – ғалымның тұлғалық болмысын түсіндіруге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік-мәдени алғышарттар. Ал ғалымның мектеп қабырғасынан байқалған шығармашылық ізденісі, Қыздар институтында тұлға ретінде қалыптасуы және ғылыми ортаны қалыптастыруы, синтаксис пен лингводидактика саласындағы зерттеулері, цифрлық тілтанымға қатысты жаңа ізденістері –оның интеллектуалдық тұлғалық көрсеткіштерінің негізі.
Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметінің маңызды ерекшелігі – тіл білімінің теориялық мәселелерін оқыту тәжірибесімен байланыстыруға ұмтылуы. Оның синтаксистік зерттеулері, коммуникативтік грамматикаға қатысты тұжырымдары және оқу-әдістемелік еңбектері қазақ лингводидактикасының даму үдерісімен сабақтасады.
Т.Ермекованың тұлғалық феномені жеке ғылыми жетістіктерімен ғана шектелмейді. Оның академиялық басқарушылық қызметі, ғылыми кадрлар даярлауы, авторлық ұжым қалыптастыруы және студенттердің білім алуына қолдау көрсетуі ғылыми тұлғаның өзгелердің дамуына ықпал ету арқылы да танылатынын көрсетеді. Тұлғатану тұрғысынан алғанда бұл маңызды қорытындыға жетелейді: ғалымның тарихи орны тек өзі қалдырған ғылыми еңбектермен емес, сол еңбектерді жалғастыратын шәкірттерімен, өзі дамытуға қатысқан академиялық ортамен және кейінгі буынға жеткізген құндылықтарымен де айқындалады. Тыныштық Ермекованың ұстаздық-ғалымдық жолының тағылымы да осында: өзі білім алған университеттің білім-ғылым жолындағы дәстүрін жалғастырып қана қоймай, сол дәстүрдің жаңа буын арқылы дамуына қызмет етуінде. Ал бұл қызметтің тарихи-әлеуметтік тамырын әулет тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығынан, ең алдымен, адам бойындағы қабілетті танып, оның дамуына жол ашуды өмірлік ұстанымға айналдырған әже мен әке өнегесінен, отбасының отын жағып қана қоймай, адамгершілік құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірген анасының еңбегінен көруге болады.
Әлия Елшібай,
Қазақстан – Британ техникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты


