Қазақ хандығы (реферат)

Oinet.kz 14-12-2019 2193

Алдым жалын, артым өрт ...

                                 Жәңгір хан

Жәнібек және Керей сұлтандар басқарған қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында жаңа қазақ мемлекетінің негізін қалай бастады.

Қазақтың алғашқы Бас ханы болып Керей сайланды. Ол Жәнібек хан екеуі Қазақ хандығының аумағын ұлғайтуға барынша атсалысты. Қазақ хандығының тарихы XV ғасырдың ортасынан басталады.

Сол күрделі заманда Өзбек, Сібір, Ноғай хандықтарының құрамындағы әртүрлі көшпенді ру-тайпаларды бір тудың астына біріктіріп, қазақтың дербес мемлекетін құру осы Ұлы хандарға оңайға түскен жоқ. Қазақ хандығын құруда Керей және Жәнібек хандармен қатар, елді бірлікке шақырып, ұлттық идеямыздың негізін салған рухани жетекшілер - ноғайлыдан шыққан Асанқайғы, кердері Қазтуған және т.б. ақын-жыраулардың маңызы зор болды. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі сол кезде қалыптасқан еді. Қазақтың хандығын құрып, мемлекеттің іргетасын қалаған осындай Ұлы тұлғалар әлі күнге тарихи бағасын ала-алмай келеді. Көптеген елдерде мемлекеттің негізін салған ұлы тұлғаларға қалалардың, университеттердің аттарын беріп, ескерткіштер орнатып жатады. Себебі, мемлекеттің негізі сол тұлғалардың есімімен байланысты. Мысалы, АҚШ астанасы осы елдің негізін салған Дж.Вашингтонның есімімен аталады. Біз де қазақ хандығының негізін салған ұлы қайраткерлерге Петропавл, Павлодар сияқты қалалар мен университеттердің аттарын беріп жатсақ – ол мемлекеттің беріктігін қамтамасыз етуге және төл тарихымызды түсінуге үлкен көмек болар еді.

Қазақ хандығының шекарасын ұлғайтып, іргесін бекітуде Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның орыны ерекше болды. Оның маңына  бір миллионнан астам адам жиналып, сарбаздарының саны 300 мыңға жетті. Ол ел басқарған тұс қазақ даласындағы хан билігі берік, ең беделді және жер көлемі кеңейген кез еді. Қасым хан Қазақ хандығының жерін солтүстік-батыста, солтүстікте және оңтүстікте кеңейте түсіп, мықты көрші мемлекеттермен тең байланыс орнатты. Хайдар Дулати оның Дешті Қыпшақта толық билік жүргізіп, Жошы ханнан кейінгі ең беделді және айбынды хан болғанын жазады143.

Сонымен қатар, ол “Қасым ханның қасқа жолы” деп аталатын дала заңдарын шығаруымен тарихта қалды.

Хандық билікті күшейтіп, қазақтың жерін кеңейту жолында хан Қасымның ісін жалғастырған оның ұлы Хақназар болды. Хақназар ханның саяси күші қазақ қоғамын біріктіруге және оны сыртқы жаулардан сақтауға бағытталды. Ол Ембі мен Жайық бойын қазақтарға қайтарып, батыстағы шегараны ұлғайтып, көрші ноғай және қырғыз халықтарына  өз билігін жүргізді. Сондықтан да оны әр кезде “қазақ пен ноғайдың ханы” 77  және “қазақ пен қырғыздың ханы”143 деп атады. Ол Мәскеуге өз елшілерін жіберіп, Ресеймен тұрақты дипломатиялық қатынастар орнатты және Бұхараның ханы Абдулла-ханмен “достық одаққа” қол қойып, онымен де әскери одақта болды74. 

XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының саяси тұрақтылығын күшейтудегі және Сырдария бойындағы қалаларды қазақ жеріне кіргізудегі жетістіктер Тәуекел ханның атымен байланысты. Ол шайбанидтермен соғысып аз уақытта Сайрам, Ташкент, Түркістан, Андижан, Самарқан қалаларын басып алды. Соңынан олардың алдыңғы үшеуі қазақ хандығының құрамында қалды. Тәуекел хан өзінің бір баласын қарақалпақ елін басқаруға қойса, інісіне қалмақтарды басқартты2. Сонымен қатар, Тәуекел хан Үндістан жеріндегі Ұлы Моғол мемлекетінің ішкі істеріне араласып, онда мемлекет басқару ісіне өз адамдарын қоя білді106. Бұхар хандығындағы тарихшы Хафиз-и Таныш Тәуекел хан туралы, “ол дүниедегі ең батыр, батыл және ер, сонымен қатар, Дешті Қыпшақа даңқты болды” деді143.

Қазақ хандарының ішінде тарихта өшпес із қалдырған хандардың бірегейі Жәнібек ханның шөбересі Есім хан болды. Ол Бұхарды билеген Аштарханидтермен және ойраттармен Сырдария бойындағы қалалар мен оазистер үшін шайқасып Түркістан қаласы мен қала маңын қазақ хандығына қаратты. Содан кейін екі жүз жыл бойы Түркістан қаласы қазақ хандығының астанасы болып, басты саяси орталыққа айналды. Соғыстағы ерліктерімен қатар, Есім хан халық жады мен жалпы тарихта “Есім ханның ескі жолы” деп аталған дала заңымен әйгілі.

Есім ханның немересі Тәуке хан жоңғарға қарсы көрсеткен ерлігі мен талантты қолбасшылығы үшін қазақтың бас ханы болып сайланды. Әскери күшінен гөрі ақылы мен шешендігі және күрделі дауларды әділ шешкені үшін оның беделі үш жүзді біріктіре алды97. Үш жүзді біріктіру жолында ол әртүрлі тактикалық әдісті тиімді пайдалана білді, оның ішінде елді басқаруда Орта жүзде Қазыбек биге, Кіші жүзде Әйтеке биге, Ұлы жүзде Төле биге сүйенді. Тәуке ханның отыз жыл хандық құрған кезі халықтың есінде “алтын ғасыр” немесе “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” кезең болып сақталды. Тәуке хан көшпенді қазақ халқы құқықтарының жинағы, атақты “Жеті жарғының”авторы154. 

Әбілқайырбилік басына қолбасылық дарыны мен басқа да ерекше қасиеттерінің арқасында 1710 жылы, “ел басына күн туған” қазақтың жоңғармен, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен және жайық казактарымен соғыс жағдайында  тұрған кезінде Кіші жүздің көптеген рулары мен Орта жүздің бір бөлігінің ханы болса, соңынан қазақтың бас ханы болып сайланды70. Ол жанына Есет, Бөгембай, Жәнібек батырларды топтастырып, қазақ жүздерінің ішінде беделді ханға айналды.

Қазақ халқының тарихындағы 1723 жылдан басталған ең қайғылы “Ақтабан шұбырынды” кезінде хандар мен билердің ішінде Әбілхайыр хан ғана аз уақытта әртүрлі рулар мен тайпаларды біріктіріп, жоңғар әскеріне тойтарыс бере алды. Сүйтіп ол ұлт азаттық қозғалысының жетекшісіне айналды. Ордабасыдағы үш жүздің басшылары жиналған халықтық жиын Әбілқайырды қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ол басқарған үш жүздің әскері Аңырақай мен Бұлаңты шайқастарында жоңғармен болған екі жүз жылдық  соғыстағы ең ірі шешуші жеңістерге жетіп, қазақ жерін қалмақтардан тазартып шықты. Оның ішінде Аңырақай шайқасының орыны бөлек. Әр халықтың тарихында оның мақтан тұтатын жеңістері болады. Ол ағылшындарда - Ватерлоо, орыстарда – Бородино алаңы болса, біз үшін Аңырақайдың да маңызы ерекше. Әбілқайыр хан қолбасы ретінде Шыңғыс тұқымдарының ішінде Батый, Жошылармен қатар тұрады. Балқаш көлінің оңтүстігінде, Алакөл шығанағы тұсындағы таудың “Әбілқайыр-Сұңғайты” және Тараз қаласының шығысындағы үлкен сайдың “Әбілқайыр” аталуы оның халық есінде мәңгі қалғанының белгісі. Бірақ, Аңырақайдағы жеңістен кейін қазақтың ханын сайлау кезінде осы ұлы қолбасшы Шыңғысханның кезінен келе жатқан “дала дәстүрінен” Ақсақ Темір сияқты асып кете алмады. Қорытындысында елдің қамы емес, әрбір жүздің қамын ойлаған билердің айтқаны болып, жігерсіз Сәмекені хан сайлады. Одан кейін басшыдан айырылған қазақтың әскері ыдырап, қалмақтар Еділге дейінгі бұрынғы билігін қалпына келтірді. Ел тағдыры қыл ұшында тұрған кезде қазақ хандығының тізгіні ру-жүздің мүддесін елдікінен жоғары қойған билердің қолында кетуі біртұтас халық пен оның мемлекеттік институттарының қалыптаспағанын көрсетеді. “Алтау ала болғанның” күні осы. Содан бері біздің ұлттық санамызда не өзгерді?

Әбілқайыр хан қазақ жерін жоңғардан азат етумен бірге, қазақ елінің іргесін солтүстік-батысқа және солтүстік бағытқа кеңейтіп, оған Жайық, Елек, Есіл және Тобыл өзендері аймақтарын қосты. Ол сонымен қатар, башқұрт, қалмақ және жайық казактарының қарулы шабуылдарына тойтарыс беріп, Даладағы көшпенді рулар арасындағы алауыздықты тоқтатты.

Әбілқайыр хан мықты қолбасы ғана емес, сонымен қатар, алыстан ойлайтын саясаткер де. Жоңғарлармен және солтүстіктегі көршілермен жүріп жатқан көп жылдық қанды шайқастар Даладағы билік жүйесін реформалауға, көшпенді қоғамды модернизациялауға және қорғаныс күшін нығайтуға мәжбүр етті. Қазақ қоғамында Бас ханның институтын бекітіп, оны көшпенділер қоғамындағы интеграциялық процесстердің тиімді құралына айналдыру қажет болды. Оның билік жүйесін өзгертуде өзара байланысты үш ұстанымы бар еді.

1). Хан атағы қазақ қоғамындағы Жошы тұқымына жататындардың біреуіне ғана беріледі.

2). Бас ханға толық билік құқы беріледі.

3). Жоғарғы атақтар Бас хан мен оның отбасы мүшелеріне ғана берілуді жүзеге асыру70.

Әбілқайырдың бұл ұсынысы (инициатива) көшпенділер қоғамына екі мың жылдай кешігіп келген жаңа жүйе еді. Хан бақилық болғаннан кейін оның бірнеше әйелінен туған ұлдары билікке таласып, амалын тапқаны қарсылас бауырларын өлтіріп тынатын. Атилладан қалған 168 ұлдың арасындағы билікке талас, ол құрған империяның ыдырауына себеп болса, бұл теріс үрдіс әсіресе Алтын Орданың соңғы кезеңінде шарықтау шегіне жетіп, бір жылда билік басына бірнеше хан келген уақыттар да болды. Ұлы далада “қан сасыған хан сарайы” деген осыдан қалған.

Қазақ хандығын дамыту жолындағы ішкі саяси жағдайды жан-жақты ұғынған және сол кездегі күрделі геосаяси жағдайды ескерген Әбілқайыр хан қазақтың Ресей құрамына өз еркімен кіруінің (протекторат) инициаторы болды. 

ХХ ғасырдағы соғыс кезеңіндегі мемлекеттердің жағдайы (реферат)
Абай Құнанбаев. Шығарма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу