Тұрсынбек Кешубай - Жамал апай (Әңгіме)

Oinet.kz 16-08-2020

Снимок.JPG

Біздің шағын ауыл қаладан да, аудан орталығынан да шалғай орналасқан. Жан басы шағын, елу шақты отбасы ірге тепкен бұл елді мекеннің жері шөлейт, жан-жағы құмды адыр болып келеді. Мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да аса қолайлы деп айтуға келе бермейді. Қысы – қытымырлау, жазы – аптап ыстық. Сондықтан да болар, ырысы шалқып жатқан жан кемде-кем. 

Бұл елді мекенде ғаламтор туралы ауыз ашу мүмкін емес. Электр жарығының өзі де жиі сөнеді. Жарық жүйесі құрылғыларының әбден тозығы жеткен. Теледидар да дұрыс тартпайды. Жолдары қырық тесік, жөндеу былай тұрсын, жамау көрмегеніне де ширек ғасыр өткен. Құбыр су жүйесі де құрдымға жақын. Ауыз суды арнадан тасып ішетіндердің қарасы мол. Қала, аудан орталықтарына бару да тым қиын. Қалаға арнайы әлеуметтік көлік қатынамайды. Мұнда әкімге қарағанда, электрик пен таксистер беделдірек. Әкімге ісіңіз түсе бермейді. Түссе де оның қолынан келер қайыр аз... 

Көшеге шыға қалсаңыз, қай мезгілде де үштен-төрттен топтасып тұрған адамдар шоғырына ұшырасасыз. Бейне кезекпен тұрған көше күзеті іспетті. Бәрі де жұмыссыздар. Жоқшылықтың жырын бастап берсеңіз, кез-келгені жағы талмай жалғастыра береді. Бірақ, ешкім де бұл ауылды тастап кетуге құлықты емес. Жұмыс іздеп қала жағалауды жөн санайтындар жоқтың қасы. Қыстақтың тұрғындары осы ауылды мақтаса мақтар, жамандамайды. Әсіресе, мектептің үлгерімін, соңғы жылдардағы жаңаша бет-бейнесін айтысса бірінен-бірі асып, есіп кетеді. 

Көше күзетіндегілердің әңгімесі кейінгі кездері көбінесе Жамал апай төңірегінде өрбиді. Жамал апай – жұрт балалар тілімен «Жамал апа» атап қоятыны болмаса, ол кісі қатты қартайып та тұрған жоқ. Жасы елуге әлі аяқ баспаған адам. Күйеуінен жастай қалған екен. Сүйіп қосылған жары өзге ұлт өкілі болса керек. Жастықтың желігімен Жамал аруды жағалап, қазақ ауылын паналап қалыпты. Араға екі-үш жыл салып сүп-сүйкімді ұлдары да дүниеге келеді. «Өзге елінде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» десе керек, бір мерекеде ата-анасына сәлем беріп қайтуға туған ауылына жол тартқан күйеуі – ххх содан қайтып оралмапты. Ол немерелерін ата-апасына көрсетемін деген желеумен екі жасқа енді ғана толып, тілі шыға бастаған баласын да өзімен бірге ала кетіпті. Жамал апай бірге бармақ болған екен, ата-анасына өзге ұлт өкілінің қызына үйленгенін айтпағанын алға тартып, алдымен немерелерін көрсетіп, жүректерін жылтпақ екендігін, келесі кезекте жол-жосынымен ертіп апаратынын айтып, қалдырып кетіпті. Содан бері еш хабарсыз. Баласының да, күйеуінің де өлі, иә тірі екеніне көз жеткізе алмай дал. Алайда Жамал апай олардан еш күдер үзбеген көрінеді. Шешесі көзі тірісінде:

- Болды қызым, сол бейбақты енді күтпей-ақ қой. Кезінде діні басқа, ділі басқа соған тұрмысқа шығуыңа әкең екеуіміз көп қарсы болып едік. Көнбедің. Өзіміздің ауылдың небір алтын асықтай азаматтары артыңнан жүгіріп көрді. Бірін де көзге ілмедің. Осыдан өзге жігіт жер бетінен құрып кеткендей, оқу бітіргеніңде мұрынынан жетелей келдің. Ол аздай, біздің бетімізді жерге қаратып отырып соған тұрмысқа шықтың. Нәтижесі мынау болды. «Қайтып келген қыз жаман» деуші еді бұрынғылар. Сенің қайтып келгенің отбасымызға құт болмады, жұт болды. Арыстай әкең, артыңнан ерген інің іркес-тіркес дүниеден озды. Жарайды, жазмыш солай болған шығар дедік те қойдық. Міне, бір үйде екі әйел отырған түріміз мынау. Десе де, әлі кеш емес. Мен өлген соң қу басың сопиып жалғыз қаласың, біреудің етегінен ұста, шамаң келсе ұрпақ сүйіп қал, - деп көп кеңес беріпті. Мектепте мұғалім болып, үкіметтен аздап айлық алып жүрген Жамал: 

- Тиген байымның түрі анау болса, еркекке болайын. Басым аман, денім сау болса, өз айлығым өзіме жетіп артылады. Ешкімнен кем-қор болмаймын. Жаным тірі тұрғанда сізді де тұрмыстан тарылтпаспын, - деп шешесінің айтқанына құлақ аспаған екен. 

Қойбағар да Жамал апайға сөз салып, біраз уақыт артынан жүгіріпті. Қойбағардың сүйіп алған әйелі туыттан қайтыс болған екен. Осы соққыны жүрегіне ауыр алған жігіт ағасы, бірнеше жыл ішімдікке салынып жүріп қалады. Бір мекеменің білдей бухгалтері болатын. Ол қызметі де құмыраның түбінде тұншығып жоқ болған. Кейін арағын қойып, адам бола бастағанда дос-жаран, көрші-қолаңның көрсетуімен Жамал апайды жағалап көріпті. Жамал болса:

- Менің теңім – алқаш па екен! Ит боқ жегенін қойған ба, бәрібір үйренген боғын тағы бір күні жеп шығады. Оның үстіне, өз жанымды зорға бағып жүргенде, тағы бір жұмысы жоқ, масыл еркекті қосып бағуым қалған екен! - деп  Қойбағарды бойына мүлдем тоғытпапты. Анасы марқұм:

- Қызым, аспа! «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген, өзгені қорласаң да, еркекті қорлама. Киесіне жолығасың! Ақылыңа кел. Қойбағар – тепсе темір үзетін атпалдай азамат. Түсі де жылы. Оның үстіне текті жердің баласы.  Қолындағы байлығына, мансабына қарап адамды бағалама. Ер жігітті кебенек ішінен тани біл. Дүние мәңгі бір қалыпта тұрмайды, бүгін бар боқшылық ертең кімге қонары белгісіз. Істеймін деген адам екі қолына қайдан болса да бір күрек табады... Көресің әлі, мына Қойбағар бақ қонатын азамат. Әлі-ақ оңалып кетеді. Бүгін арақ ішті дегенің болмаса, кеше ғана оқыған, тоқыған ел алдындағы азамат болатын. Оған да тіл-көз болған шығар. Екі жарты бір бүтін болыңдар, - деп көп қолқалапты. Сол сәтте Жамал апай екі қолын төбесіне қойып:

- Мама, енді сол сүмелектің атын атар болсаң, мені көрмейтін боласың. Көз алдыңнан жоғаламын да кетемін. Қойбағарың маған мүлдем ұнамайды! Қойбағар деген атының өзі қандай жабайы. Оны тек желкемнің шұңқыры көрсін, - деп азар да, безер болған екен. Көне көз қариялар қатты сұңғыла болады ғой. Жамал апайдың шешесінің айтқаны келді. Қойбағар содан көп өтпей арағын қойып, аудан орталығына барып, шағын кәсіп орын ашты да, аз уақыт ішінде байлыққа белшесінен батып шыға келді. Бас құрауы да қиынға соққан жоқ. Жоғары оқу орынын енді ғана бітіріп келген жап-жас қызға үйленді. Қазір атағын ат көтере алмайтын азаматтардың бірі. Үш ұл, бір қыздың әкесі. Ауылға келе қалса үлкен-кішіміз қоғадай жапырыламыз. Ол кеткен соң мінген көлігін, киген киімін, жүріс-тұрысын біраз уақытқа дейін тамсана әңгіме етеміз...

Жастық желік жүрегін жаулаған Жамал апай гүл көктемнің алдамшы екенін қайдан білсін?! Гүлге қонған көбелектей болып осы көркіммен жүре беремін деді ме екен, әйтеуір басына келіп тұрған, құдай беріп тұрған бағы – Қойбағарды көзге ілмеген соң не жоқ. 

Шешесі құлақ етін жей берген соң, жасы ұлғайған шағында ғана жар іздей бастапты. Бірақ, ол кісіге сөз салған жігіттердің бірде бірі сұлудың талабына толмайды да, өзінің көңілі қалаған азаматтардың басы бос болмай мысын құртады. Міне, осылайша ер таңдап жүргенде жасы қырықты алқамдап кеткен көрінеді.

Жамал апайдың шешесі осыдан төрт-бес жыл бұрын дүние салды. Айтып айтпай, ол кісі даңғазадай үйде жападан-жалғыз өзі ғана сопиып қалды. Жалғыздықтың жанына бататыны шешесі дүниеден өткен соң анық сезілген сыңайлы. Оңашадағы ойын жұрттан жасырмапты. Көңілі жақын жандарға айтып, жылап та алыпты...  

Қырсыққанда, бір күні Жамал апай жұмыстан босап қалды. Оған себеп – бұрынғы мектеп директоры, өзіміздің ауылдасымыз жүрек талмасынан көз жұмып, оның орнына аудан орталығынан тағайындалған басшының келуі еді. Жаңа келген басшы таныс-тамырлықты көп елемейтін, мамандарды тек біліміне қарап қызметке тағайындайтын бір мойын адам екен. Келген бойда өзі сынақ өткізіп, ілініп-салынып зорға жүрген біршама көне көз мұғалімдерді сүріндіріп кетті. Орындарына жоғары оқу орындарын тәмамдаған қыз-жігіттерді шақыртты. Сол көштің басын Жамал апай бастап, бұрынғы директордың орынбасары қостап, бір тобы жұмыстан шығып қалды. Жаңа басшыны орынынан жұлып алып, өздеріне ыңғайлы, кемшіліктеріне көз жұма қарайтын адам тағайындамақ болып Жамал апайлар көп жүгірді. Мектеп директорына қарсы адам топтап, аяқтары жеткен жерге дейін шағымданды. Алайда, жаңа басшының еш айыбы анықталған жоқ... 

Аудан орталығынан келген басшының бұл бастамасы көп өтпей оң нәтижесін берді де, ауылдағылар Жамал апайларды жақтауын доғара қойды. Сөйтіп, Жамал апай да жұмыссыздар қатарын толықтырды. 

Жамал апай бұрын да ұрлап-жырлап аздап ішетін көрінеді, жалғыздық, оған қоса жұмыссыздық жанына батқан ол ашуын ащы сумен жиі қайтаратын болып алған еді. Соңғы уақыттарда көшеде құлап жатқанын да көзіміз көбірек шалатын болған. Бұрын кішкентай балалар ол кісіні көрген жерде алдынан жүгіріп шығып сәлем беретін, именіп бой тасалайтын, құрмет көзімен қарайтын. Кейінгі кездері сенделе басып, бір жығылып, бір тұрып келе жатқан оның төңірегіне топтасып «Жамал апай, жаман апай! Жамал апай, жаман апай!!!» деп әндетіп, мазақ ететін болып алған. Ауылдың ұсақ-түйек балалары артынан шулап ілесіп, кейбірі тас қиыршықтарын лақтырып масқаралағанын көргенде, ауыл адамдарының кейбірі «бейшара-ай!», - деп мүсіркей қараса, көбісі «өзіне де обал жоқ, алтын басын қор қылған өзі-ғой!», - десіп айызы қана қарайды. 

- Кезінде адам баласын менсінбейтін тәкаппар еді, құдайдың құдіреті күшті ғой, бүгін, міне, мына Жамалды ешкім көзге ілмейтін күн туды, - деген сөзді ел аузынан жиі естиміз. 

Кеше ғана аппақ сазандай болып жылтырап тұратын ажарын әжім торлап, секпілі көбейе бастапты, көзінің асты көлкілдеп ісініп тұратын болған. Тал-тал болып жылтырап, әртүрлі түске боялып, жиі құбылып тұратын шашына да ақ кіріп, бояу көрмей ала-құла болып кеткен. Кей күндері жуылмай, таралмай ұйпа-тұйпа болып жүреді. Көбінде артынан ерген балаларға қарауға да шамасы болмайды. Үнсіз үйіне қарай аяғын шалыс басып, ілби береді. Кей күндері балалардың ортасына тұрып алып, бет-аузын быржитып-тыржитып лекция сөйлейді: 

- Балалар, не сендер мені мазақ етейін дедіңдер ме?! Менің кім екенімді білемісіңдер?! Мен – бір байдың еркелеткен жалғыз қызы болғам. Менің «тфу!» дегенде түкірігім жерге түспейтін... Ей, боқ мұрындар, осы тұрғандарыңның көбіңнің әкең маған қол жеткізе алмаған. Талайыңның шешең маған бақталас, бәсекелес болуға жарамаған. Әкелеріңді, шешелеріңді бойыма тоғытпағанда, мен сендерді көзге іледі деп тұрмысыңдар!.. Біле білсеңдер, мен - білдей мұғаліммін. Сендердің аға-әпкелеріңді мен оқытқам, ұқтыңдар ма?! Мені жалғыз деп басынбаңдар. Менің күйеуім, алтын асықтай ұлым да бар. Ұлым үйленіп те алған шығар, немерелерім келетін болса сендердің мойындарыңды шылша бұратам әлі. Жандарыңның барында құрыңдар! - деп сөз соңы сандырықтап кететін. Балалар ду күледі. Жамал апай қолын бір сермеп, әдетінше қиралаңдап жүре жөнеледі.

Бір күні кеуде жағы тыр жалаңаш, көшеде мас болып келе жатқан Жамал апайды көрген ауылдың адамдары жағасын ұстады. Бұл күні балалар да артынан ілескен жоқ. Көрген жан бетін басып, теріс айналды. Бұл – келесі ауылдағы аты шулы алқаштармен дастарқандас болып келе жатқан беті екенін артынан естідік. Кейін келе барар жері, басар тауы жоқ араққа құмар қаңғыбастар Жамал апайдың үйін паналай бастады. Әке-шешесінің көзін көрген ауыл адамдары «Жамалдың әке-шешесі жақсы адамдар еді, қара шаңырағын жын ойнаққа айналдырмайық» десіп неше мәрте қонақтарын қуалап та, Жамал апайға ақыл-кеңес айтып та көрді. Еш нәтижесі болған жоқ. 

- Үйдегі қолға ілігетін заттың барлығын араққа айырбастап болыпты, - десіп жүрді ауылдағылар. Күн өткен сайын Жамал апайдың үйіндегі қонақтардың саны молықпаса, кемігені шамалы. 

Біздің ауылда қораға мал қамау деген кейін пайда болды. Бұрын далада қала беретін. Сарайдың есігіне ағаш қыстырып қойсаңыз күндіз, мейлі, түн болсын бөгде адамдар басын да сұқпаушы еді. Кейігі кездері біздің ауылда да «ұры» дейтін үрей пайда болды. Олар алыстан келген жоқ, Жамал апайдың үйіндегі ашыққан қонақтар. Ауылдағылардың картошка-сәбізі, тауығы, жұмыртқасы, кептері, қозы-лағы жиі жоғалатын болды. Жұрттың Жамал апайдың қонақтарынан да, өзінен де әбден ығыры шықты...

Бір күні таңертең ерте Жамал апайдың үйіне үш-төрт сақшы машинасы келе қалды. Көшедегілердің сыбысына қарағанда араққа сылқия тойып алған сол үйдің қонақтары өзара жаңжалдасыпты. Сойқан соңы пышақтасуға апарып, екі адамның өлімімен аяқтаған екен. Өлгендердің бірі – Жамал апай. Ағайындарына арашашы болып жүргенде біреуге сілтеген қол Жамал апайға дарыпты. Бейбақтың кеуде тұсынан кірген пышақ, бұл дүниенің азабы мен мазағынан бір жолата арылуына түрткі болып, тіл тартпай кетіпті...

Жамал апайға жаназа шығарылмады. Ешкім құран да бағыштаған жоқ. Жылап-сықтап жоқтау айтқан жанды да көрмедік. Жетісін, қырқын да ешкім атап өтпеді. Жамал апайдың жақын туыстары болған десті білетіндер. Басқа ауылда болса керек, ешқайсысы бұл өлімде төбе көрсетпеді. Иесіз өлім елеусіз жерленді...

                                                                      

Тұрсынбек Кешубай


Даңғазаның дүрмегі һәм Абай тағылымы
Абылай Есімбай. Кедей қызы повесі (үзінді)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×