Мұхтар Шаханов. Әке үкімі

Oinet.kz 05-09-2020 7253


Шомбал жігіт кіріп келді ентелеп,

- Әке, - деді ол кірген бойда

- әке, - деді еркелеп,

Жүруші едің маған ылғи өкпелі

кейүші едің

мал болмайсың деп мені

сол сөзіңді сірә қайтып аласың-ау шамасы,

аты шулы Баймағамбет сұлтанның,

маған берген сыйлығына қарашы?!

Төрде отырған әкесінің алдына,

Маң-маң басып барды да

Алтын жіппен әдіптелген жағасы

Сұр ішікті тастай салды баласы.

- Иә, сөйле, - деді әкесі,

Қандай ерлік көрсеттің,

Екі ай бойы, қане, қайда жол шектің?

- Топ бастадық төрт адам,

Махамбеттың жақыны,

Ықыласты үгіттеп

Мақтап, қағып арқаға

Қосып алдық ортаға,

Бұл түгелдей мына ұлыңның ақылы

еркін жетер әңгіме бұл бір таңға

Қапысызда қармақ салып ,

Махамбетты алдап соғып,

Басын кесіп сыйға тарттық сұлтанға.

- Ой,залым-ай,

жүзіқара залым-ай!

Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай,

Бұдан өткен зор қасырет болар ма?

бұдан өткен зор қасырет болар ма -

деп әкесі жас ұйырды жанарға.

- Қабағыңды жаба қалды неге мұң

әке, сенің , қай сөзіңе сенемін

есіңде ме

менің бала күнімде

Махамбетты жек көремін дегенің?

- Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең,

Бір кезде мен Махамбетты жек көргем,

Әлде, кемшіл шағым ба еді ол ақылға?!

Пенделік қой салған мені тақымға,

Оған себеп -

сенің анаң жасынан

Ғашық болған сол Махамбет ақынға.

Азаппенен атсада асау таңдарым

Қайрағам жоқ қызғаныштың қанжарын,

Іштен тынып жүре бердім төзген боп.

Өзін шексіз құлай сүйген жан барын,

Қайран ақын сезген жоқ.

Анаң марқұм ол дегенде от жалындап көзінен,

Тамсанатын

Нақ бір бақыт табатындай әр сөзінен.

Ұлы ақынға деген іңкар сезімін

Көрге бірге ала кетті өзімен.

Әттең, біздің сормаңдайлы жәйықта,

Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа,

тым кеш ұқтым,

Махамбеттей батырға,

Бүкіл қазақ ғашық болса айып па?

Құдыретті шындығынан таймаған,

Парасатын ізгілікке жалғаған,

Ақын деген киелі аққу самғаған,

ал, ендеше,

Аққуды атқан пендені

Қай атаңнан көріп едің, оңбаған?!!

Бұл салада сен бірінші адамсың,

Адам емес

ең бірінші надансың,

Ел дәстүрін,

Ер дастүрін қорлаған,

Нақ мынадай қасиетсыз оқиға,

бұрын қазақ топырағында болмаған.

Қандай қиын кезеңде де

Туған ел

Ақындарын жанын салып қорғаған...

Ақындарын жанын салып қорғаған...

Түсінбедім..

армандап ең нені, ұлым?

ертең сені қойып желдің өтіне,

Ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе,

Сол қорлықтан құтқарайын сені ,ұлым!

Және ол зар оңайлықпен тыйылмас

Қанымыз бір

жолымызда шыиырлас,

енді сенің кесіріңнен

маған да

туған жердің топырағы бұйырмас...

Жә, не қайыр налы мейлі налыма,

сорлы балам,

туыпсың-ау сорыма,

Өзің түстің өзің қазған орыңа.

Кеттік кәне,

ішігіңді ал қолыңа!

Ұясына күн тұр еді батқалы,

Түксиеді меңіреу құм шатқалы,

Олар үлкен қара жолға тұсып ап,

Бір төбеның қасына кеп тоқтады.

- Мына төбе саған соңғы шығар шың

болатынын ұғарсың,

Сен, әрине, құралайды көзге атқан

атқан оғын маздатқан,

менің мерген екенімді ұмытпаған шығарсың? -

деді әкесі құлазып нар көңілі,

Дір-дыр етіп:

- Ұмытқам жоқ, - деді ұлы

- Балам, үміт, қызығымның өлшемі

өзің едің,

қайғым болдың еңселі,

Басына шық, қане, мына төбенің

Осы арада қалдырамын мен сені.

қараладың қасыиетты мекенді

Жараладың тұрмастай қып әкеңді,

Мына жолмен өткен жұрттың аузынан,

Махамбеттың жырын тыңдап жат енді,

Мүмкін, сонда түсінерсің қатеңді....

Кім аяққа басса заңын даланың,

ұмытқаны қатал тарих сабағын,

Кешір мені.....

таусылды бар амалым

Дала заңы - баба заңы, қарағым,

деп әкесі қолына алды садағын.....

Мұхтар Шаханов

Үкаша ата құдығы туралы өлең
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА. САҒЫНА ТҮССІН ДЕДІҢ БЕ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу