Әлібек Шегебайдың елге сағынышы...

    Screenshot_18.jpg

Әлібек Шегебай

      2016 жылы наурыздың 11-і күні сағат 18.00-де Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда "Асыл мұра" өнер орталығының ұйытқы болуымен ақын Әлібек Шегебайдың шығармашылық кеші өтеді. Шағалалы Шардараның Сүткент ауылында кіндік қаны тамған талантты ақынның дәл туған күніне жоспарланған керемет кеште өміршең  өлеңдеріне жазылған әндерді Сәкен Қалымов, Қадырғали Көбентай, Өктем Алтаев, Саят Медеуов, Бауыржан Өскенбеков және тағы басқа да танымал әншілер орындайды деп күтілуде. Кешке қатысуға асыққан көрерменнің көңілді бір серпілтіп қайтатыны анық. Ендеше «Елге сағыныш» атты шығармашылық кеште елдің ортасында болыңыз. 

     Осы күні сағат 11.00-де "Отырар" кітапханасында Алматыдан ат арылтып келген белгілі ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылып түстен кейін  ОҚО қаламгерлерінің жыл қорытындысы мен "Қазығұрт" альманахының тұсаукесері өтпек. 


Күйбең тірлік

Күйбең тірлік ішсе кейде қаныңды,

Жұбатады болар-болмас ғажаптар.

Мұңнан моншақ таққан менің жанымды

Өліп-өшіп аймалайды азаптар.

Көлеңкеде көкке беріп маңдайды,

Ойға батам кейде бақта жатып-ап.

Бүршік жарған бұтақтарды қарғайды

Былтыр күзден қалып қойған жапырақ.

Жерден өнген заты өсімдік демесең,

Ол да мендей өміріне өкпелі.

Ұзатып сап күндерімді ең әсем

Күзге айналды көңілімнің көктемі.

Қоңыр жүзі мұңданады жаз ұрған,

Еске түсіп көктемдегі жас күні.

Жапырақтар маңдайына жазылған

Биіктіктен құлап өлу - дәстүрі.

Желден ғана көретұғын өр екпін,

Бұтақтардың жоқтауы да қызық ән.

Үн шығармай қалқып барып өлетін

Жапырақтар өліміне қызығам.

Өткен өмір қателігі түзелмес,

Бекершілік және жылап ақталу.

Сарғаю да, қуару да түк емес,

Ең сұмдығы табандарда тапталу!


Ақындық ақиқаты

Сағым күннің сандығында қалған сыр

Сағыныш боп санамда әлі маздап жүр. 

Ең алғашқы мұңым екен, сондағы,

Ең алғашқы махаббатқа жазған жыр.

Сезім – сырын тербеткен бір тереңнен,

Мәжнүн едім махаббатқа бөленген.

Кей сәттерде өкінемін, сол қызға

«Неге ғана хат жаздым?» – деп, өлеңмен.

Қара түннің құшағына топтасқан

Жұлдыздардың шұғыласын төкті аспан.

Қалай ғана байқамадым мен сонда..,

Балалық-ай, ойнап жүріп от басқан!

Өмір менен өлімнің де өртіне.

Өзін-өзі тастау өлең серті ме?

Шынымен-ақ шалдығыппын мен бейбақ

Ақындықтың айықпайтын дертіне!

Жаныңның да жазатұғын жарасын,

Қалай ғана оған айып тағасың.

Өлең екен жалғап тұрар өзек қып

Бесік пенен бейіттің де арасын.

Кей сәттегі қайғы, мұңға көмілген,

Күңгірттікке береді екен көңіл дем.

Өлең болып келгеннен соң өмірге

Өлең болып өту керек өмірден!


Туған жер

Мен жаныммен сүйемін осы ауылды,

Мен қаныммен сүйемін осы ауылды.

Қалай ғана сүймейін, қалай ғана,

Кіндігім мен кессе ол тұсауымды.

Сүйем оның іңірін, ақ таңын да,

Сүйем оның өзен, көл, бақтарын да.

Сүйеніп тұрып талай мұң шаққанмын,

Маңдайыма тас тиген шақтарында.

Сүйем оның құмын да қыраттарын,

Сүйем оның қасиетті бұлақтарын.

Қалай ғана сүймейін,

Осы ауылдың

Бала күнде бір қызын ұнатқанмын!

Осы ауылда тербелген бесігім де,

Осы ауылда қойылған есімім де.

Араздасып қалғанда ара-ағайын

Ақсақалы жүреді кешірімге.

Көріп өстім таң атып, күн батқанын,

Көріп өстім тағдырлы мың қатпарын.

Қалай ғана сүймейін, бейіт болып,

Осы ауылда жатыр ғой қымбаттарым!

Татсам дағы дәмінің қандайынан,

Кеткен емес уызы таңдайымнан.

Атам болып кей-кейде қабақ түйсе,

Әжем болып сипайды маңдайымнан.

Қалай ғана сүймейін, қалай ғана,

Таң шапағын, тарайтын арайлана.

Арман қуып алысқа қанат қақты

Осы ауылдан талай қыз, талай бала.

Қолын бұлғап көк көркі Көктөбенің,

Осы ауылдан мен де ұзап кеткен едім.

Қамысы мен жыңғылын, шеңгелін де

Сенсең досым, түсімде көп көремін.

Нені аңсадым, білмеймін, нені іздедім,

Жан – жарамды ұққандай теңіз менің.

Шағаласы шарқ ұрған,

Шайыр мінез

Осы ауылмен жүрегім егіз менің.

Жанарыңнан нұр көрем жасымаған,

Таңың аман тұрса екен, тасың аман.

Бақыт деген не десе сені айтар ем

Айналайын, Туған Жер, Асыл Анам!

Ауыл және Алапар

Сағынып ауылымды, құлын, тайды,

Жеткенде ойлап балаң күнім жайлы.

Күшігінен сүт беріп асыраған

Алапарым өзіме ырылдайды.

Жүрегі тым нәзік-ау, адамның да,

Таланды табан асты санам мұңға.

Ит міндеті кіргізбеу үйге жатты

Шыныменен жат болып барамын ба?!

Бұл да бір сансыз ойдың сағасы ма,

Құрысын қаламы да қағазы да.

Ит екеш ит те міне сыртын берді

Қаланың сырбазсынған сабазына.

Ойлар-ай, ойда жоқта келетін кей,

Сырлассам сыңайы бар сенетіндей.

Тіксиіп тік қараған иттің көзі

«Тым сирек соғасың» деп, сөгетіндей!

Сол шығар адамды иттің түсінгені,

Шерімді жайып салдым ішімдегі.

Иттікті аз көрмеп ем адамдардан,

Алапар, айналайын, түсін мені!

Аңсаумен балалық шақ, абат түнді,

Жеткен ем сағынышпен санап күнді.

...Сәлден соң ырылдаған Алапарым

Құйрық бұлғап, қолымды жалап тұрды!


Сынақ

Өмір – өлім бөлшегі,

Пенде бар ма жаңылмас.

Тіршіліктің өлшемі

«Кеше – бүгін»,

«Кәрі – жас».

Аспанымның Ай тамған

Ақтығына шүбәм жоқ.

Ертеңімді айта алман,

Кешегімде күнәм көп.

Сөніп жатыр бір-бірлеп,

Күрең күндер. 

Ұғындым.

Бәз біреулер бүлдірмек

Берекесін бүгіннің.

Әжім жүрек – әр тайған,

Қажеті не жасырып.

Армандарды қартайған

Жетелейді жас үміт.

Жауапқа да жарымас

Жауапсыздың сұрағы.

«Кеше – бүгін», 

«Кәрі – жас».

Жаратқанның сынағы.


Көңіл

Адам бейбақ, арманына жеткен бе?!

Алысқанмен тіршілікпен күні-түн.

Талаптарым теуіп тастап кеткенде,

Әлдиледі үмітім.

Естімеймін өзім кейде даусымды,

Құлағымды қала шуы тілімдеп.

Қаңқу сөздер қан қылғанда аузымды,

Сүртіп жатты тілім кеп.

Сыйынарым, сенерім де тәңір ед,

Қапелімде, қалған шақта торығып.

Жолдарда да жалғыз қалдым сан рет,

«Жолдастарым» жолығып.

Бір күніңді, бір күнің кеп құлатса,

Жек көресің, сосын, қайта ұнатып.

Күн кешуде,

Жанымды –тән жылатса,

Тәнімді – жан жұбатып!

Көңілсіз кеш

Троллейбус. 

Желтоқсан, күні қысқа,

Төбе сымы үзілді бұрылыста.

Топ қыздардың тоқтаусыз тоқ күлкісін

Мен отырмын жақтырмай бір бұрышта.

Қиялыммен, жабысқан тас кенеше,

Біз қайтер ек – деймін ғой, «аспан өлсе».

Басты сүйеп отырмын әйнек жаққа,

Басты уайым мен үшін басқа нәрсе.

Сүйіп-сүйіп алсам – деп, құшып көкті,

Бейбақ қиял биіктеп, ұшып кетті.

Күліп мінген топ қыздар артқы есіктен,

Күліп-күліп тобымен түсіп кетті.

Сұрқын көріп сырттағы сұсты үрейдің,

«Жаратты екен, кім осы, қысты» - деймін.

Көше жақты көрсетпей қырауланған

Үрлеп-үрлеп әйнекті сүрткілеймін.

Таусылғанда алғаусыз ақ арманы,

Үміттің де оты өшер жанардағы.

«Троллейбус бұзылды, жүрмейді» - деп,

Кондуктор қыз орысша хабарлады.

Суық деген сөз боп па күйің болса,

Қатырмас та ең басқаға миыңды онша.

Көтеріп ап жағаңды, қарды кешіп,

Керемет қой, үйіңе...

Эх, шіркін, үйің болса!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлкей Марғұлан. «Ажа» сөзінің мағынасы
  • Бердібек Соқпақбаев. Жары Бәшеннің естелігінен
  • Есенқұл Жақыпбеков: «Жұматайдан асқан ақынды көрмеппін»
  • Ермек Төлепбаев: «Киноға түсудің екі түрлі зардабын тарттым»
  • Лашын Әзімжанова естелігінен
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика