Жас құдағиды өзінен едәуір үлкен ер азаматтың құшағына құлай кетуге мәжбүрлейді

Oinet.kz 07-07-2022 3545

Үйлену тойында ең қадірлі мейман - құда мен құдағи. Яғни, жаңа өмірге қадам басқан екі жастың аяулы да ардақты ата-анасы. Ақша үшін арын да, жанын да сатуға бейіл кейінгі асабалар осыны жете түсінбейтін сияқты. Себебі, тойды қыздырамын деп, сол қадірлі жандарымызды елдің алдында масқаралап, клоунға не, ащы да болса ашығын айтайық, маймылға айналдырып барады. Бұған асабаның айтқанына көніп, айдауына жүретін ата-аналардың өздері де кінәлі.

 Screenshot_4.jpg

Алдымен арсыз асаба той иелерін шақырып алып, төрде отырған жаңа құда-құдағиларын билетіп алып келуге бұйрық береді. Содан салмақпен сән-салтанат құрып ел алдына шығуы тиіс қылауы бұзылмаған құда-құдағилар етектері желбіреп асабаның алдына билеп келуге мәжбүр. Асаба қос құданы балабақшадағыдай екі адым алға шығарып, "ал, қолдарыңды жайыңдар, алыстан жүгіріп кеп, кеуделеріңді қатты дыбыс шығатындай етіп дүрсілдетіп соғыңдар!" деп, төс қағыстыру дәстүрін Диюлардың шайқасына айналдырып жібереді. "Қане, әуп-әуп деп бір-біріңді көтеріп-көтеріп тастаңдар!" деп, шамаларын мысқылдап мазақ етеді. Құдағиларды да бір-бірінің беттерінен шөлпілдетіп сүйгізіп, "құдаларыңды да құшақтарыңа қысыңдар!" деп жас құдағиды өзінен едәуір жасы үлкен ер азаматтың құшағына құлай кетуге мәжбүрлейді.

Ең сорақысы, "келінге кім бірінші жүгіріп барса дүниеге келер нәрестенің ұл-қыз болмағы содан белгілі болмақ" деп, қос құдағиды жастарға қарай етектерін далбаңдатып жүгіртіп қоятыны. Немесе "кәмпитті кім бірінші ашып жейді" деп өзара жарыстырып, "перзентті сол қағаздың ішінен шығады деп ойладыңдар ма?" деп мазақ ететіні. Ол аз болғандай, екі жасты қарсы тұрғызып қойып, "әр қадам сайын тәтті сөз айтыңдар" деп, дардай жандарды елдің алдында адымдатып, "санамақ" ойынын ойнататыны.

Мұның барлығы осы елге алғаш қадам басқан сыйлы жандардың тойшыл қауым алдындағы беделін асырмайды, керісінше, бағасын түсіреді. Ене мен атаның келін алдындағы абыройын аяқасты етеді.

Асабаға кімді сайқымазақ етіп, кімді келемеждеу өз мүддесі үшін қызық шығар. Бірақ, "Құда", "Құдағи" деген текті ұғымдарымызды былайша мазақ етуге біз көп болып жол бермеуіміз керек.

Бекжігіт Сердәлінің Фейсбуктегі парақшасынан

Күйеуім екеуі бір-біріне жалаңаш суретін жіберіп жүр
Кәрі қатындардың қолындағы қуыршағына айналып кеткен сияқтымын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу