Алмат Сақатов: «Шыбықпен ұрғаны үшін кемпірдің қорасын өртеп жібердім»

Oinet.kz 15-04-2019 2042

Мектепте сабақтан соң кезекшілікке Анар екеуміз қалғанбыз. Мен орындықтарды көтеріп, әйтеуір парталасыма жәрдемдесіп жүрмін. Ол шимай шатпақ жазылған партаны сүртіп тұрған. Мен жәймен арқасынан бардым да бетінен шөлп еткізіп сүйіп алдым. Мұндайды күтпеген Анар қолымдағы ауыр сөмкемен басымнан бір қойып қалды. Сол жерде ләм-лим деместен «талып» түстім. Менің екіші сыныптағы алғашқы, бала махаббатым осылай басталып еді. Кейіннен Семей қаласындағы мектепке ауысып кеттім де бала махаббатымды жоғалтып алдым. Қазір оны көргім-ақ келеді. Бірақ әлі күнге дейін жолықтырған жоқпын.  Тұрмысқа шықты ма екен, неше баласы бар екен деген ойлар кейде санамды мазалап қояды.

Screenshot_8.jpg

Менің туған өлкем  Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы «Қараой» совхозы бал қызыққа толы балалық шағымның елестерін бауырына қысып  жатыр. Кішкентай ғана «қой ауылда» сегіз жылдық білім ұясы болды. Сол мектептен түлеп ұштым. Атам мектепте директордың орынбасары, ал әжем мұғалім болатын. Әкем Марат Сақатов болса белгілі режиссер еді, бүгінде көзі тірі  анам театр актрисасы болды. Екеуі де Семей, Өскемен қалаларындағы театрларда қызмет етті. Сонда мені ылғи өздерімен алып жүретін. Қайда барса да бірге көшетіндіктен, бірнеше мектеп ауыстырдым.  

Әріп танымайтын кезімнен бастап кітапқа құмар болдым. Ауыл кітапханасындағы Уәзипа апайға барып, «маған кітап керек» деп сұраймын. Ол кісі бетіме күліп қарап «әріп танисың ба?» деп сұрады. Ішімнен «жоқ» деп айтсам бермей қоюы мүмкін деп «ия» дедім. «Ендеше таңдағаныңды ала қой» деді ол. Аралап жүріп ішінде суреті көп кітапты алып кеттім. Үйге барып, кітапты біраз ақтарып, суретттеріне әбден тойып алып,  бір-екі сағаттан соң кітапханаға қайта апарым бердім. Уәзипа апай «Не болды, оқып бітірдің ба?» деді күліп. Мен «ия, бәрін оқып шықтым» дедім. Апайымыз мені көрсе осы оқиғаларды жиі есіме салып тұрады. Мектепке барып, сауатым ашылған соң ертегі кітаптарды көп оқыдым. Кітапханадағы бүкіл ертегі кітапты оқып тауыстым десем де болады. Бесінші сыныптан бастап қазақ, шетел жазушыларының балаларға арналған шығармаларын, хикаяттарына қатты қызықтым. Соның әсері болу керек, жер бетін шарлап, Африканы көруге аңсарым ауды. Сабақты айтпағанда кейде оқымпаздығымның пайдасы өмірде де тиіп тұратын. Ауылда қанша дегенмен тірлік, жұмыс деген таусылмайды ғой. Мен қара жұмыстан қашып, ауылдағы қой бағып жүретін балаларды үйге ертіп келетінмін. Қолдарына ара, балтаны ұстатып, өзім әңгімеге көшемін. Оқып, көргенімнің барлығын шын көргендей етіп, «пәлен деген жерде пәлен деген батыр болыпты, оның күштілігі сондай, тіпті ұша да алады екен» деп өтірікті шындай құрастырған  сөздерімді естігенде әлгілердің аузынан суы құритын, тағы айтшы деп жүріп, жұмысты қалай аяқтағандарын өздері білмей қалатын. 

Әңгіме құрастырудың шебері ғана емес оған қызығушылығы да тым жоғары бала болдым. Мысалы атамның 9-мамырға сыйға тартқан қол сағаты болатын. Күн сайын сол сағатты қолыма алып, мынау қалай жүреді, ішінде не бар деген сұрақтар көкейімді тесетін. Содан бір күні шыдай алмай сағатты алып ары ақтарып, бері ақтарып көрдім. Ашылмады. Амал жоқ, жерге қойдым да қолыма түскен таспен періп қалдым. Сағаттың быт-шыты шықты. Тентектігім аян болған  соң атамнан жақсылап тұрып таяқ та  жедім. Ол аз болғандай қабырғада ілініп тұрған ақ сағаттың да түбіне жеттім ғой. Әдеттегідей қызығушылығым оянып қабырғадан сағатты алдым да «ішек-қарнын» ақтарып тастадым. Қайта орнына  келтіре алмаған  соң сағаттың тілдерін қара жіппен орап қайта іліп қойдым. Ары-бері өткен әкем сағатқа қарап  «әлі алты жарым екен ғой» деп қояды. Қайта айналып келсе сағаттың тілі әлі жылжымаған. «Мынаған не болған» деп алып қарағанда сағаттың не моторы, не басқасы жоқ, тек қаңқасы ғана қалғанына ашуланған әкемнен кейін сазайымды алдым.     

Ауылдағы ерке баланың бірі мен болдым. Басқа жер табылмай қалғандй балалармен көрші кемпірдің қорасына кіріп  шөбін шашып, секіріп ойнаушы едік. Кемпір бейшара  бізді көре сала айғайға басып, қолына түскен затпен ұрып жіберетін. Бірде сол әжеге ұсталып қалып, арқамнан шыбықпен осып жібергені бар. Жылаған күйі үйге бардым да, сіріңкені алып, қорадағы шөптің бетіне тастай салдым. От лезде алау-жалау болып тұтанып кетті. Мұны көрген кемпірдің көзі шарасынан шықты. Көрші-қолаңның бәрі жиылып, өртті әрең дегенде сөндірді ау. Абырой болғанда қораның тек бір шеті өртеніпті. Оқиға басына әке-шешем  де жетіп келді. Олардан қорыққан мен тау-тасты аралап, алды-артыма қарамай қаша жөнелдім. Кейіннен сол қораның құнын төлеп, кемпірді әзер дегенде тыныштандырғанымыз есімнен кетпейді.

Әкем жетінші сынытпа Қара теңіз жағалауындағы «Артек»  лагеріне барғанымда қатты қуанды. Әлі есімде үш мың орындық үлкен стадионда жарыс өтіп, мен ән айтудан бірінші орын алдым. Сонда маған сыйлыққа Лениннің үлке-е-е-е-н портретін берген. Мен оған мәз болып ауылға әкелгенде оны әкеме сыйладым. Ол заманда Лениннің портреті құнды сыйлыққа жататынын қазіргі буын әлбетте білмейді ғой. Лагерден бөлек оқушыларды мектептен қой қырқымға көмекке де жіберетін. Балалармен улап-шулап  жүріп жүн тасыған кезіміз қызық еді. Бәрінен де ауылда сай-сайды жағалап атыс ойынын көп ойнадық. Арамыздағы жуас, көнбіс біреуді неміс қылып қоямыз да, сосын бәріміз оны қуалап, атуға тырасамыз. Одан бөлек асық, футбол, волейболды айтпағанда  «Қызыл ту», «Бақай» секілді ойындардың қызығына әбден баттық. Бұл ойындардың барлығын өзіміз ойлап табатын едік. Қазіргідей дайын ештеңе жоқ.     

Менің балалығым қайғы-мұңсыз өтті. Жақындарымның арқасында жоқшылықты көрмедім. Сол үшін әке-шешеме, ұрлық, қатігездікті білмейтін ауылымның қарапайым тұрғындарына қарыздармын. 

Мақсат Жәутіков: «Алғаш әнімді парталасыма шығардым»
Нұржан Құлшынбаев: «Әйелім бала күнгі досым болған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу