Күшік күйеу болудан арланбаймын

Oinet.kz 20-11-2022 3405

Қазір заман басқа, заң басқа. Бұрынғының адамдары мал, тауық ұрласа да сотты болып, міндетті түрде өзіне лайық жазасын алушы еді. Ал қазір ақшаң болса болды, қандай ұрлық жасасаң да, тіпті түйені түгімен жұтсаң да соттан оп-оңай құтылып кетуге болатын заман болып тұр. 

Screenshot_4.jpg

Сондықтан барлық дүние қазір ақшамен шешіледі, ақшамен өлшенеді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, мұндай жағдайда қатын алғаннан гөрі қайын алған әлдеқайда тиімді екені сөзсіз. Мен қазір бойдақпын. Бірақ үйленер кезде мен үшін болашақ жарыммен сүйіп қосылу маңызды емес, ең бастысы алатын келіншегім ауқатты отбасыдан шықса екен деп қалаймын. Бүгін осы реттегі ойларымды «Алаш айнасы» интернет басылымына жеткізгенді жөн санадым.

Қазір жасыратыны жоқ, қатын емес, қайын алғандардың дәурені жүріп тұр. Мәселен бір жас жігіт аяқ астынан көтеріліп кетсе, қымбат көлік мініп, шәниіп кетсе, дереу «кімнің күйеу баласы болды екен» деп ойлана бастаймыз. Сондықтан үйленер алдында қайын жұртыңның кім болып жұмыс істейтінін анықтау өте маңызды. Бұл ретте «ұлылардың» қашанда ұлға жарымайтын кемшін тұстары болады. Егер ұлықтардың ұлы жоқ болса, онда күйеулердің бағасы тіптен аспандайды. Демек күйеу бала – ізбасар, мұрагер деген сөз. Мұны мен ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Жақында ауылда қой бағып жүрген досым қатарластарынан қара үзіп шығып, айналасы бір-екі жылдың ішінде шікірейген шенеунік болып шықты. Аудан әкімі аппаратының бас маманы, аппарат басшысы, әкім орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Кезінде қойшы болған баланың қазіргі түрін көрсең көзің тояды. Не кием, не iшем демейдi. Iшкенi – алдында, iшпегенi – артында. Сұлу әйел, сәндi сарай, жүйрiк көлiк – бәрi сонда. Кейде таңертең қызметке бара жатып, ауа райына қарай: «бүгiн сұр костьюм кигенiм жөн бе, әлде қоңырқайы дұрыс па?» немесе «бүгiн «Джипке» мiнгенiм жөн бе, әлде «Мерседестiң» өзi қолайлы ма?» деп сәл­пәл ойланып қалатыны бар. Одан басқа титтей де уайымы жоқ. Енді бұдан артық не керек?

Менің бұл ойларымды кейбіреулер түсінбейтін шығар, маған кінә артуы да мүмкін. Әрине әке-шешеңнің жағдайы жақсы болса, маңдайынан шертіп тұрып, өзің сүйген қызды алуға болады. Ал бірақ өзің де қарапайым отбасыдан шығып тұрып, келіншегіңнің де жанұясының жағдайы мәз емес болса, онда көп ұзамай қу жетіспеушіліктен шаңырақ шайқалуы мүмкін. Өйткені, «мені ақша, материалдық жағдай қызықтырмайды» деп қанша айтқанымызбен, «ең бірінші оның адамгершілігіне қараймын» десек те, отбасындағы ұрыс-жанжалдардың барлығы осы ақша табу-таппаудан шығатыны жасырын емес. Себебі дүниеде адамға ең жақыны – ақша. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда» деген сөз тегін айтылмаған. Ақшаң болса, туған-туыс та, ағайын жекжат та, дос-жаран да сенің қасыңнан табылады. Дүниені жалпағынан басып, алшаңдап жүресің. Ал, ақшаң болмаса, өліп қалсаң да ешкім жоқтамайды. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» демекші, мына заманда ақшалы адам – сыйлы адам, ақылды адам, ол не айтса да дұрыс. Ақшасыз адам – бос орын. Қазір қаншама отбасы осы ақшаның жоқтығынан, жоқшылықтан ажырасып кетуде. Сондықтан жас семья берік болуы үшін алғашында біреуге сүйену керек, таяныш табуы тиіс. Осы ретте өзіңде жоқ болса, неге әйеліңнің ауқатты отбасынан уақытша пана таппасқа? Оның еш сөкеттігі жоқ деп есептеймін. Қайта көп ұзамай ажырасып, екі ортада кішкентай баланың обалына қалғанша, әріден ойланып әрекет қылған әлдеқайда дұрыс. Отбасын сақтап қалу үшін, бала-шағаңның болашағы үшін «күшік күйеу болып қалдым» деп арланудың керегі жоқ. Өйтіп жалған намысқа салынып, өз болашағыңа балта шапсаң, ешкімнің ештемесі кетпейді, өзің сорлайсың. Сондықтан ойланып әрекет еткен дұрыс.

Қалай десек те, «қатын алма, қайын ал» деген мақал бүгін ғана шыққан жоқ, ол бұрыннан бар мәтел. Демек бұл атам заманнан келе жатқан үрдіс. Сондықтан мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Мен де болашақ жар таңдағанда осы жолмен жүргім келеді. Мен үшін ең бастысы, үйлендің бе, қалайда отбасыңды берік ұста, шаңырағыңды шайқалтпа, баланың обалына қалма! Ол үшін ештемеден арланба! Мен осы принцпті ұстанамын. Сөздің қысқасы ақшасы бар қыз алғым келеді... Маған кім тиеді, оның барлық еркелігін көтеруге дайынмын, тек қалтасы қалың болса болғаны...

Менің осы әрекетім дұрыс па, бұрыс па, төрелігін өздеріңіз айтыңыздар, достар...

alashainasy.kz

Атасының ауыр сөзі келінді тәубесіне түсірді
Жеңгемнің өсегі әбден тойдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу