Жалған айып тағып, пәленбай жылға қаматып жіберген қойнымдағы қатыным екен

Oinet.kz 03-02-2023 10998

Бүгінде отбасы тақырыбына қатысты жазылған нешетүрлі тағдырларды оқып отырып өзімнің басымдағы жайды да ортаға салсам деген ой келді. Бәлкім жеңілдеп қалармын. Жанымды жегідей жеген жәйт әлі күнге дейін тыным таптырар емес...

Screenshot_2.jpg

Өзім таулы ауылда туып өстім. Бала кезімнен із кесуші болсам деген арманым болатын. Таулы-қыратты, ойлы қырлы жерлердің бәрін шарлап, ең қиын өткелдерден қиналмай өтуді қалайтынмын. Мұның бәрі де кейін өскен соң өзімнің кәсібіме керек болады деп өзімді жастайымнан шынықтырдым.

Кеңес кезінде «Із кесуші» деген кино болатын. Соны қайталап көруден жалықпаушы едім. Басты кейіпкер сияқты мықты болсам, аңыз адам болсам деген арман мақсатыма жету үшін барымды салдым. Мектепті бітірген соң әскер қатарына алындым. Ең қиын десанттық топқа түстім. Мен үшін бұл жақсы болды. Басқалар қиналып әзер жүргенде мен тағы да жаңа дүниелер үйренсем деп барымды салатынмын. Әскерден келген соң ішкі істер саласына оқуға түстім. Арманыма қолым жетті. Осы салаға жұмысқа тұрдым. Сүйікті кәсібіме қолым жеткен соң барымды салып жұмыс істедім. Осы қасиетімді байқаған басшылық ең қиын да күрделі жұмысқа жіберетін мені. Ақыры мұным ескерусіз қалған жоқ. Сол кездегі астанамыз Алматыға қызмет бабымен ауыстырды. Арадағы аз ғана уақытта пәтерлі де болдым.

Жұмыс жұмыс деп жүріп қыздарға көңіл бөлмепппін. Осында келген соң сүйіктімді жолықтырдым. Анау айтқандай көркем де, көсем де емес, қазақтың қарапайым ғана қызы. Тек мен оған Мәжнүннің көзімен қараған болуым керек. Әлемдегі ең әсем ару болып көрінді. Үйленгеннен кейін туыстарымның барлығы да «сенің теңің емес» дегенді айтты. Тыңдамадым. Адамның сыртқы пішінінде мінезінің ұшқыны жатады деуші еді. Рас білем...

Алғашында бақытты едік. Сүйіп қосылған жан жарыңның жанында жүру, оны бақытты ету үшін барыңды салу... одан басқа не керек? Бұрын жұмыс жұмыс деп қайда жұмсаса шаба беруші едім. Енді үйді айналған үйкүшік құсап іссапарлардан амалы болса сытылып қалып кететін болдым. Үйде ынтыға сүйген жарың күтіп отырса, айдалада жаурап жасынап, қаңғудың не қажеті бар? Самалдың маған соншалықты әсер еткеніне әлі күнге дейін таңқалам. От еді, жалын болатын. Қанша сыртта жүрсем де өзіне тартып тұратын бір әлеуеті бар сияқты, үйге жеткенше асығушы едім. Самал бірінен кейін бірі төрт баланы дүниеге әкелді. Өзімнен аумайтын балаларым үшін жанымды салып жұмыс істедім. Қызметім де, шенім де біртіндеп көтеріле берді. Осылай өмірім өте берсе арманым жоқ еді-ау. Алайда...

Аяқ астынан әйелімнің маған салқындағанын аңғардым. Бұрынғыдай ынтықтық жоқ, біртүрлі керенау тартқандай. Әлімжан деген досым бар-ды. Сол үйге келсе көзінің ұшқындап кететінін байқап қалып ем. Мән бермедім. Самалдың ессіз сезімге берілуі мүмкін емес деген ой жібермейтін. Әрі, досым мен әйелім туралы жаман ойлауға арым жібермейтін. Алданыппын. Ол екеуінің бірнеше жылдан бері көңіл қосып жүргенін қайдан білейін, қайран басым?

Жұмыста сезік туып маған қарсы іс-шара басталды. Әу баста әлденеге күдікті ретінде қамауға алды. Басыма іс түскесін, жүнім жығылып, қайратым қашқандай бір күй. Мұндай бұрын басымнан өтпеген жанымды жеп, неге бұлай деген сұрақ мазамды қашырды. Маған қақпан құрған дұшпандарым емес, қасымда жүрген ең жақындарым екенін білгенімде бармағымды шайнадым. Қоймадан қару-жарақ ұрлады деген айып тағылды маған. Ақтығымды дәлелдей алмай сергелдеңге түстім. Қызметтестерім менің адалдығымды айтып шырылдағанмен, күштінің арты диірмен тартып кетті.

Сот залына әкелгенде басты куәгерді көргенде талып қала жаздадым. Басты куәгер - әйелім еді. Қойныңдағы қатыныңа сенбе деп атам қазақ бекер айтпағанына осы кезде көзім жетті. Мені ынтық еткен көздерін менен алып қашып тік қарамайды. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, не айтып жатқанын ұқпаймын. Бұл маған ауыр соққы болды. Ол менің қалай қару-жарақ ұрлағанымды қолдан қойғандай «сценарийден» шатасып қалмайын дегендей тез-тез айтып жатты. Ақ болсам да, адал болсам да, қара жердің тесігі болса кіріп кетуге шақ тұрдым. Өзім үшін емес, ол үшін ұялдым. Адал жар таңдай алмай қор болған өзімді аядым. Амалым не, тағдырымның тосын сыйы мені осылай «сыйлады». Басымнан шоқпармен ұрғандай сылқ түстім. Жүнжіп кеттім. Осылайша мен әйелімнің арқасында пәленбай жылды арқалап кете бардым.

Кейін әріптестерімнің айтуы бойынша әйелімді торға түсірген Әлімжан екен. Жан досым деп бар сырымды ақтарып жүрген досым мені өзінен озып кеткенімді қаламайды екен ғой. Мені жолдан ығыстыру үшін әйелімді айналдырған. Ол байғұс оның тәтті сөздеріне еліткен болуы керек. Мені қойшы тым болмаса балаларымызды ойламады ма деп күйінем. Қызмет бабымен өрлеп келе жатқан мен әлі де талай асуларды бағындырар ем. Әттең оным әлдекімдердің жолын кескендей болғанын қайдан білейін? Осылайша әйелім мені сатып кетті. Күйініштімін бүгінде. Самалдың осындай қадамға баруына мәжбүр еткендей ештеңе істемеген сияқтымын. Аузынан шыққанының бәрі орындалып отырды ғой, үй, көлік, бұлғын тон, алтын-күміс, бәрін әпердім. Сонда менің кінәм не? «Сені сүймеймін» деп ашығын айтса да жөніме кетер ем ғой, жала жауып, темір торға қамататындай не жазығым бар еді? Осыған миым жетпейді...

Талғат

Alashainasy.kz 

Әйелімнің жезөкше болып кетуіне мен кінәлімін бе?
Күйеуім әр ісімнен бәле іздеп тұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу