Жұрт «өзің сұмдық пысық едің, келінің ештеңе білмейді, қалай шыдап жүрсің?» деп енемді табалады

Oinet.kz 01-05-2023 2756

"Өзіндік пікірі жоқ адам өзгенің сөзіне көп ереді. Қателіктің көбісі сөзге еруден орын алады. Сондықтан да өз пікіріңнің болғаны маңызды! Менің енем сондай адам. Өзгені де тыңдай біледі және өз ойының дұрыстығын дәлелдей де алады".

Screenshot_12.jpg

Осылай деп ағынан жарылған келіншектің әңгімесін қарым-қатынасы дұрыс болмай жүрген ене мен келінге арнасам, өміріне қажетті ой түйер, сабақ алар деген мақсатым да жоқ емес.

"Алғаш келін болып, босаға аттағанда ештеңе білмейтінмін. Мойындау керек, қолымнан түк келмейтін. Әкемнің жанында еркекшора болып, малдың соңында өскенімді де жасырмаймын. Әкем қарапайым малшы болатын. Ауылда өстім. Ағам мен інім, әкем үшеуі үлгере алмаған іске мен де араласып кеттім. Кенжесі болғандықтан болар, әкем мені қатты еркелетті. Ал үй тіршілігі анам мен үш әпкемнен-ақ артылмайтын. Оның үстіне, маған үйдегі құрт қайнату, қамыр жаю секілді жұмыстар ұнамайтын. Одан да атқа мініп, кең даланы шарлаған артық секілді болып тұратын. Сонда анам: «Әй, ертең бір үйге келін болсаң қайтесің? Анасы түк үйретпеген екен деген сөзге қалдырғың келіп отыр ма?» деп кейіп отырушы еді.

«Мен қызметшісі бар үйге келін боламын» деп анамның қытығына тигенді жақсы көретінмін сондай кезде. Бірақ, қыз күнімде қол тигізбеген тірлігімнің бәрін келін болғанымда істедім ғой. Алғашында қолымнан ештеңе келмегендіктен, қатты қысылдым. Оның үстіне енем ауылдың анау-мынау адамдарын аяғынан тік тұрғызатын адуынды кісі болған екен. Ешкімнің тірлігін жақтырмайтын. Шикілігін тауып, үнемі шала іске көңілі толмай жүрген енем мені келін етіп түсіргенде біраз адамдар күлген екен. Менің үй шаруасына ебімнің жоқтығын байқағандар «Қалима келінін қалай тәрбиелеп жатыр екен? Ештеңеге көңілі тола бермейтін адам еді ғой» деп жүрген жерлерінде сөз етіп жүрген көрінеді.

Әкемнің қасында жүргенімде оның зор дауысты айқайынан қаймықпайтын мен енемнің қатулы қабағынан аяқ тартатынмын. Енемнің екі қасы бірігіп кетердей жанаса кетсе «нені дұрыс жасамадым?» деп дірілдеген аяқ-қолымды да игере алмай қалушы едім. Әсіресе, ауылдың қызы болсам да от тұтандыру қолымнан келмей, үйдің ішін көк түтінге толтырған кезімде «бәрінен бұрын енем ұрыспаса екен» деп одан сайын сасқалақтайтынмын.

Сондайда енем қасыма келіп «келін, ошаққа от жақпас бұрын, ішіндегі күлін тазалап ал. Сонда ауа айналып, отың тез тұтанады» дейтін. Оның салиқалы, байыпты сөздері құлағыма кіреді және енемді ренжітіп алмау үшін мен енемнің айтқандарын бұлжытпай орындайтынмын.

Қабағы қатулы болғанымен, жүрегі жұмсақ, сөздері дөп тиетін адам еді. Ол маған әрбір ісімді тарқатып түсіндіру арқылы үйретті. Сол кезде басқа енелер сияқты «қолынан түк келмейді» деп өзгелерге жамандаған жоқ, «мынаны қайдан тауып әкелдің?» деп ұлына да ұрыспады.Кей де жұрт «өзің сұмдық пысық едің, келінің керісінше, ештеңе білмейді, қалай шыдап жүрсің?» деп енемді табалап, сөзбен мұқатқысы келгендердің де аузына құм құятын. Енем оларға жауап ретінде «мен жақтырмасам, сендер сияқты жасы қырық-елуге келген, бірақ, әлі күнге тірлігін шала істейтін әйелдердің тірлігін жақтырмаймын. Сендердің келін болғандарыңа жиырма-отыз жыл болды. Менің келінім кеше келді. Айырмашылық бар ма? Егер келінім келін болып келгені кеше ғана болса да сендерден жақсы білетін болса ол жас келін емес, жалмауыз болмай ма? Онда ол ешкімге де жақпайды» деп жауап бергенін ел әлі күнге жыр қылып айтып отырады.

Тәрбиелейтін ене болса, келін барлығын да үйренеді екен. Енемнің маған айтқан өсиетінің ішінде келінге қатысты сөздері есімде жатталып қалыпты.

«Әрбір ана қызына жақсы тәрбие беруге тырысады. Ананың тәрбиесі-үлкеннің жолын кеспеуді, адал болуды, ары мен ұятын сақтап, тазалыққа баулиды. Қызды өз үйінде құлша жұмсамайды, еркелетеді. Ал келінді келін етіп тәрбиелейтін ол - ене. Оны жұмсауға, бір істі тапсыруға қақымыз бар болса, оған не істеуді, қалай дұрыс істеуді де ене ретінде өзіміз үйретуіміз керек. Бөтендігін сездіріп, жекімей, жаныңа жақын тартып, жәй сөзбен, ақылмен түсіндіре алған ененің келіні ешқашан жаман болмайды. Ене жақсы болса, келін міндетті түрде жақсы болады» деген сөздерін бүгінде мен бойтұмар ретінде сақтап жүрмін".

Г.Жорабекқызы

ernur.kz

Дені сап-сау бола тұра 8 жыл жындыханада өмірін өткізген ару шындығын айтты
Қайын сіңлімнің күйеуіне ғашық болып, жаза бастым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу