Шымкент қаласында жанкүйерлер Азия ойындарының жүлдегерлерін құрметпен қарсы алды

Oinet.kz 13-10-2023 262

Шымкент қаласында спорт саласына жақсы көңіл бөлінгенін бүгінгі таңда ХІХ жазғы Азия ойындарының қорытындысынан көріп отырмыз. Онда жүлдегерлер саны күнсанап артуда. Шымкенттіктердің ел қоржынына салған жүлде қоры да салмақтылау. 

Screenshot_85.jpg

Кеше Шымкент қаласының әуежайында көркем гимнастикадан ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін салтанатты жағдайда күтіп алу рәсімі өтті. Қала спортшылары Эльжана Таниева мен Милана Парфилова командалық есепте күміс, жекелей сында 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған болатын. 

Іс-шарада Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Имашев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Шоқан Әбдіхалықов спортшыларды жүлдесімен құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі. Көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттері бұл жолы тарихи жеңіске қол жеткізгенін атап өтті.

– Шымкент қаласының көркем гимнасшылары кезекті Азия ойындарында ел сенімін ақтап, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, жергілікті спортшылар жекелей сында екі жүлде алды. Бұл – тарихи жетістік. Алда Олимпиада ойындарына жолдама алуымыз қажет. Енді сол жарысқа дайындаламыз, – деді Әлия Мақсұтқызы.

Көркем гимнастикадан жеке жаттығу сайысында Эльжана Таниева күміс, Милана Парфилова қола жүлде иеленді. Жерлестеріміз командалық көпсайыс бәсекесінде екінші орын алды. Шымкент қаласының көркем гимнастикадан Азия ойындарында жеңісті дәстүрі бар. Өткен Азия ойындарында Алина Әділханова алтын жүлдеге қол жеткізген болатын.

Ал байдарка және каное есуден Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінде Шымкент әуежайынан спортшылардың ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері сән-салтанатпен күтіп алды. 

– Ескек есуден ағайынды Емельяновтар әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Олар кезекті рет Азия ойындарында өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Биыл жастар арасында әлем чемпионы атанған Руфина Искакова ересектер арасындағы сайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Алда тағы да жарыс жолына шығатын спортшыларымыз бар, – деді қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев.

Естеріңізде болса, ұлттық құрама сапында Сергей Емельянов 500 метрге каноэде есуден алтын медаль, Сергей және Тимофей Емельяновтар жұптық жарыстың 1000 м бағдарламасында күміс жүлде, ал байдарка мен каноэде есуден жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы болған Руфина Искакова Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. 

Алып қашқан қызын ертесіне үйіне масқаралап қайтарып жіберді
Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандардың күні аталып өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу