Қайынсіңлім ертерек байға тиіп, үйімізден аулақ кетсе деп жүрмін

Oinet.kz 16-02-2024 1693

Тәңірге тәуба, денім сау, жақындарым аман.. тек кейде-кейде өмірдің қиын тұстары болып жатады. Шағым қылып айтар жан да табылмай қалады, ал іште ұстауға жан-дүниең ауырлық етеді. 

Screenshot_5.jpg

Тұрмыстамын. Міне жетінші жылға аяқ бастық. Жеті жыл ішінде Жаратушым бізге екі періште сыйлады. Бүгінде асыл ана, аяулы жар, инабатты келін атағын арқалап отырған жайым бар.

Тек бір ғана шешілмеген түйін - жақсы жеңге атана алмай келемін. Қайынсіңілім бар. Өзімнің жан досым, құрбым, студенттік өмірімдегі жалғыз сырласым, бірнеше жыл бойы бір пәтерді жалдап, бірге тұрған, бір тілім нанды бөлісіп жеген жақын курстасым. Оқып жүріп осы құрбымның ауылына бір-екі мәрте қыдырып келгенмін, оның ағасы сыртымнан көз салып жүріпті.

Диплом алып, мәз-мейрам болып жүрген күні мені алып қашты. Өмірде екі-ақ рет көрген адам, түк сезім жоқ жүрегімде.. ақиқаты - құрбымның ағасы болған соң, құрбым асты-үстіме түсіп жалынған соң ғана келістім. Тағдырым солай бір күнде шешілді. Отбасылық өмірім жиіркенішпен басталса да, сезім, шіркін, көп күттірмеді. Тұңғышым сол сезімді одан әрі тұтандыра түсті. Қәзір бақыттымын. Жолдасымды шын сүйемін.

Ата-енем де өте жақсы жандар. Алтын адамдар. Бірақ, құрбым өзгерді. Бұрыңғы сырласулар қалды. Табалдырықты аттап, бетім ашылған сәттен бастап оны танымай келемін. Мұрнын шүйіріп, көкірегін көкке тіреп, көзі төмен түспей қойды. Әрбір ұсақ дүние үшін келіп айқай шығарады. Талай рет бетімнен шапалақпен тартып та жіберген. Күйеуім екеуміздің арамызға от салып, бұрын болмаған нәрселерді болдырып, шағыстырады. Ол үшін мен мына өмірдегі ең нашар адам екенмін. Қызығы - бірге оқығанымызбен қоймай, қәзір бірге жұмыс істейміз бір жерде. Ылғи кемсіту оның тарапынан. Әріптес қыздардың алдында мені жамандап отырады. Мен жауындай, қасыма жоламайды. Таңертең бірге шығу, кешке бірге қайту деген де жоқ. Жұрт, айнала таң қалады.

Жуған кірім, істеген тірлігім, әзірлеген тамағым, жиған үйім.. түк ұнамайды. Бетіме басып, бұйырып сөйлеп, қарғысын жаудырып тұрып айқай шығарады сол үшін. Тақа ештеңе таппаса, өзіме қатысты дүниелерге тиісе бастайды. "Неге жуына бересің? Шіріп бара жатсың ба? Бір жерің алтын шығар?! Ағамнан бөлек жат. Туған балдарың ерке, аурушаң. Енді тума." Осылай ілінеді келіп.

Енем қайта мені басады "Қызым, сен қоя ғой, ақылдысың ғой, бетің ашылған анасың, жаспен жас болма" деп. Бірақ екеуміз құрдаспыз. Жиырманың сегізінен кетіп барамыз. Тұрмыс құру түгілі, жігіттермен де сөйлеспейді. Мінезі өте тік екен. Студент кезде мүлдем басқа сияқты еді. Өзіне жақындап, жалтақтап, жәймен ғана сұрадым бірде "Неге жеңгең болғалы менен алыссың, саған не жаздым мен?" деп. "Қойшы. Кетші" дейді. Бір жауап.

Түсіне алмай қойдым. Көңілін табам деп сыйлықтарды үзбеймін. Жұмысқа тұрған жылы өзіме алмай, несиеге бағалы тон да алып бердім. Еш жақпадым. Ағасы, әкесі, анасы кімнің кім екенін көріп-біліп отыр, бірақ ешкім бұл үйде оған қарсы сөз айтпайды. Үйдің қожайыны секілді. Бәрін өзі шешеді. Бәрі айлық алғанда соған береді ақшаны. Керек кезде алып отырады. Көзімен жүгіртеді бәрімізді. Ерке ғой, жалғыз қыз деп мен де көніп келемін.

Басқа группалас қыздар "мәәәә, екеуің ажырамас құрбы едіңдер, рақат ә, әлі біргесіңдер, күшті шығар иәәә" деп таңырқап сұрап жатады, жымиғаннан басқа не қылам?! Тезірек теңін тауып, бөлек кетсе екен деп жүрмін. Қызық! Ешқашан ойламаппын ең жақын құрбым деген жаннан осыншалқты құтыла алмай дал болам деп.

Аноним

Alashainasy.kz 

Байғұс әйелді байы ұра беріп миын су ғып жіберіпті
Бір жас қатын шалымның ақшасын сорып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу