Кинодағы ең танымал дәрігерлер

Oinet.kz 17-12-2019 1356

Киноиндустрия үшін дәрігерлер – айтарлықтай қызықты кейіпкерлер екенін медицинаға байланысты түсірілген көптеген фильмдер дәлелдейді. Телехикая болсын, кинофильм болсын – Еуропа ма, Америка немесе ТМД кеңістігі ме, Қиыр Шығыс елдері ме, барлығында да доктордың рөлі сомдалған туындылар жетіп артылады. Арасында жағымдысы да, жағымсызы да бар. Олай болса,  кино әлеміндегі ең танымал кейіпкерлерді саралап көрелік. 

Screenshot_39.jpg

Дөрекі дәрігер Хаус 

Батыста «Доктор Хаус» құдды бір брендке айналып кеткендей. Дәл осылай аталатын сериалдың басты кейіпкері жағымсыз адам, сонымен қатар нағыз гений ретінде көрсетіледі.  Бұл кейіпкер тіпті сән әлеміне де өзіндік бір әсерін тигізіпті. Ол дәрігер сияқты ақ халатты ешқашан кимейді. Оның орнына  мыжылған футболканың үстінен пиджак іліп алып, кроссовкамен жүретін дәрігердің бейнесі миллиондаған көрерменнің көңілінен шыққан екен.   Грегори Хаус  үнемі пациенттермен салғыласады да жүреді, басшылықтың айтқанына құлақ аспайды әрі қай кезде де тек эгоистік тұрғыдан ойлап, шешім қабылдайды. Дөрекілігін аяғы ауыратынымен және пациенттердің «топастығымен» түсіндіріп,  өзін ақтап алуға тырысады. Кейбір пациенттер оны сағаттап күтіп, есесіне қабылдауында бірнеше минут қана болады. 

Басты рөлдегі британдық актер Хью Лори  кейіпкерді сәтті сомдағаны  соншалық, Батыс елдеріндегі мектеп оқушыларының біразы нақ осы Хаусқа ұқсағысы келіп, медицина мамандығын таңдаған екен. Сериалдың авторы Дэвид Шордың айтуынша, Хаус бейнесінің прототипі  әйгілі Шерлок Холмс екен. Атақты Холмсқа қарағанда дәрігер тек медициналық зерттеулермен шектелгенімен, жүріс-тұрысы, көптеген әдеттері Шерлоктан алынған. Холмс сияқты Хаус та аса күрделі де шиеленісті істерді зерттеуге қызығады, өйткені ауруханадағы күнделікті іш пыстырарлық жұмыс: пациенттерді қабылдау, қарапайым диагноздарды қоюдан әбден жалыққан. Хаусты жағымды кейіпкер деп айтуға ауыз бармайды. Ол адамдарға мұрнын шүйіре қарайды, есірткіге тәуелділігі бар (викодин, морфий, ЛСД, метадон мен тіпті героин).  Әйткенмен, көрермендердің сүйікті кейіпкеріне айнала білді. Холмстың жанында дәрігер Ватсон жүрсе, Хаустың жанындағы осындай рөлді дәрігер Уилсон атқарады.  

Ганнибал Лектер – қорқынышты гений 

Патрик Зюскинд «Қозының үнсіздігі» («Молчание ягнят») фильмі әлемдік киноиндустрияның классикасына айналған туынды.  Сөзсіз, ондағы ең тартымды кейіпкер – дәрігер Ганнибал Лектер. Өте қорқынышты қылмыскер әрі кемеңгер психиатр. Тіпті темір тордың ар жағында отырған кезде де одан төнген қауіп сезіліп тұратындай.  Клэрис Стерлинг – ФБР академиясының курсанты. Оның барлық іс-әрекеті басқалардың қайғысын өз қайғысындай сезінетінінен көрінеді. Тағдыр қаһармандарды Буффало Билл атты қауіпті қылмыскерді қолға түсіру жолында біріктіреді. Дәрігер Лектер – тек психиатр ғана емес, адамның етін жейтін каннибал. Фильмнің сюжеті бойынша ол түске дейін пациенттерді қабылдап, кешке таман өзінің құрбанын аңдып, «кешкі асын» әзірлейді. Оның айтуынша, «адамның еті басқа кез-келген жануардың етінен әлдеқайда жұмсақ». Сонымен қатар, Лектер классикалық музыканы жақсы көретін, бірнеше тілді меңгерген интеллектуал ретінде көрсетіледі. Бұл рөлді актер Энтони Хопкинстің тамаша сомдағаны соншалық, ФБР агентінің рөліндегі  Джоди Фостер түсірілім барысында Хопкинстен расында үрейленгенін айтады. 

Мистик  Франкенштейн

Әйгілі дәрігер Франкенштейіннің бейнесін бірталай актер сомдап үлгерген. Борис Карлофф, Кеннет Брана, Джеймс Макэвой, Бенедикт Камбербэтч.  Американдық «Шоутайм» телеарнасында көрсетілетген «Қорқынышты ертегілер» атты телехикаяның жанрлық бағыты хоррор-триллер мен фентезидің қосындысы ретінде сипатталады. Сериалдағы оқиғалар 19-ғасырдағы Британияда өрбиді. Мұнда криминал мен мистикалық тақырыптағы түрлі жайттар орын алады: фильмде вампирлер, мыстан кемпірлер, тірілген өліктер және тағы басқа қорқынышты кейіпкерлер көптеп кездеседі. Әуелгіде Виктор Франкенштейн – Женевада тәлім алған студент еді. Оның мистикалық эксперименттерге деген қызығушылығы оянып, құбыжықты жасап шығарады. 

Жанашыр Борменталь  

Михаил Булгаковтың шығармасы негізінде түсірілген «Иттің жүрегі» атты фильм көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Ондағы басты кейіпкерлер – профессор Преображенский мен оның көмекшісі дәрігер Борменталь. Бір қарағанда әлсіз, әлжуаз болып көрінгенімен,  Борменталь шешуші сәттерде тіпті профессордан да күшті болып кетеді. Борментальда профессордың тәжірибелерін қорғап, шектен шыққан Шариковты орнына қоя білетін мінезі бар.  Жас та болса шыншыл да әділетті дәрігер өзінің ұстазына мейлінше адалдық танытып, әрдайым көмекке келуге әзір.  Сюжет бойынша профессор Преображенский қаңғып жүрген итке адамның гипофизін трансплантациялау операциясын жасайды. Көп ұзамай ит адамға айналады. Бірақ, мұнымен іс бітпей, Шариковтың мінезі өзінің доноры – рецидивист қылмыстер Клим Чугункиннің мінезіне қатты ұқсай бастайды.  Ұстазын адам мен иттің қосындысынан қорғау үшін Борменталь Преображенскийдің үйіне уақытша көшіп келеді. Осындай қасиеттері үшін көрермендер жанашыр Борментальдің мінезін ерекше жақсы көрген. 

Ледгардтың жұмбағы

Әйгілі актер Антонио Бандерастың карьерасындағы танымал кейіпкерлердің бірі – дәрігер Роберт Ледгард. Режиссер Педро Альмодовар шытырман оқиғалы, тым шиеленіске сюжеттерді жақсы көреді. «Мен  өмір сүретін тері» («Кожа, в которой я живу») атты фильмдегі басты кейіпкер – танымал хирург Роберт Ледгард. Кезінде ол өз ортасында өте беделді дәрігер болған. Оны кез-келген іс-шараларда құшақ жая қарсы алатын. Алайда, кейіннен ол жеке клиникасындағы жұмысын ысырып, өз үйінде жасанды тері шығару бойынша тәжірибелер жүргізеді. Онысын әріптестерінен жасырмайды да, бірақ оларға бар шындықты да жайып салмайды. Мәселен, өз тәжірибелеріне тышқандарды емес, адамдарды пайдаланыты туралы тіс жармайды. Оның пациенті – Вера Крус есімді қыз.   Әрине, адамға тәжірибе жүргізу - заңсыз әрекет. Сондықтан дәрігер мейлінше сақтық танытады.    Фильмнің сюжеті тым шиеленісті болғандықтан, оның барлығын тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ. Бар айтпағымыз, осы туындыдағы Антонио Бандерс сомдаған дәрігердің рөлі медициналық кейіпкерлердің қатарында өз орнын алады. 

Даг Росс және оның командасы  

Әлбетте, телехикая жанрында «Жедел жәрдем» сериалының орны бөлек. Сарапшылардың  пікірінше, бұл әлемдегі ең танымал медициналық теледрама. Алғашқы сериясы американдық  NBC телеарнасының эфирінде 1994 жылы көрсетілсе, ТМД-ға бұл сериал тек 5 жылдан кейін келді. Мұндағы кейіпкерлердің барлығы да дәрігерлер. Әйткенмен, басты рөлдегі әйгілі актер Джордж Клунидің сомдауындағы дәрігер-педиатр  Даг Росты американдықтар ерекше жақсы көреді. Дәл осы рөлінен кейін тек Клунидің Голливудтың ең мықты актерларының қатарына қосылып, қалғандарының ұмыт қалуы көп жайды аңғартады. Миллиондаған көрермен жылдар бойы осы телехикаяны тапжылмастан тамашалап отырды. Оның басты себебінің бірі - әрине, Клуни болса керек. 

Артериалды гипертония ауруымен күрес
Қатерлі ісіктің алдын алу бойынша 10 кеңес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу