USMLE: американдық емтиханның ерекшеліктері

Oinet.kz 22-12-2019 963

АҚШ-тағы ең таңдаулы да жалақысы жоғары мамандықтардың бірі – дәрігер. Американдық қоғамдағы ең дәулетті де табысы мол таптардың арасында медиктердің болу, американдықтардың пікірінше, заңды. Себебі, адам үшін ең құнды да қажетті тауар – оның денсаулығы. Демек, басты байлық үшін сәйкесінше мол шығын жұмсауың қажет. Адамның денсаулығына қызмет көрсетуші дәрігердің де жоғары жалақы алуы да осы ұстанымнан келіп шығады.

Screenshot_6.jpg

Алайда, дәрігер болу оңай шаруа емес. Қай оқу орынды да бітірсеңіз, тіпті Америкада емес, өзге елде оқып келсеңіз де дәрігерлікпен шұғылдануға құқық беретін USMLE - United States Medical Licence Exam атты емтиханды тапсыруыңыз қажет. Мағынасы «Лицензия алу мақсатындағы Американдық медициналық емтихан» дегенді білдіреді.

USMLE – бұл АҚШ-та медициналық  мамандық бойынша сертификат алып, дәрігер ретінде жұмыс істеуге арналған көп деңгейлі стандартталған емтихан. Оған әлемнің кез-келген елінде медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған адам қатыса алады. Бұл емтихан  Step 1, Step 2 секілді бірнеше бөліктен тұрады.                                

Әлемдегі ең қиын тест

Сарапшылар USMLE - әлемдегі ең қиын емтихан екенін бір ауыздан растап отыр. Бұл тек медицина емес, барлық салалардың арасында жүргізілген зерттеудің нәтижесі екенін ескеріңіз. Оған әсер ететін бірқатар себеп бар.  

Біріншіден, бәсекелестік. Usmle емтиханын тапсыруға әлемнің ең үздік медициналық оқу орындарының түлектері асығады. Әсіресе Үндістан, Қытай, Пәкістан, Иран, Ұлыбритания мен Канададан келушілер өте көп. Тапсырушылардың санына қарай емтиханнан өту ұпайының дәрежесі де барған сайын жоғарылау үстінде. Мәселен, бұдан он шақты жыл бұрын  USMLE  Step 2 емтиханын сәтті тапсыру үшін 165 балл жинау қажет болса, қазіргі талап 203 ұпайды құрайды.

Екіншіден, мамандықтың беделі. Әлгінде айтқанымыздай, АҚШ-та дәрігерлік мамандықтан мол табыс түседі. Мәселен, Medscape орталығының дерегі бойынша, терапевт орта есеппен жылына 175 мың доллар, анестиезиолог 360 мың доллар, ал ортопед 400 мың доллардан жоғары табыс табады екен.  Содан болар, Америкадағы әрбір төртінші доктор – өзге елде білім алған шетелдік азамат. Осыншама табыс табуға қызығушылар көп болғандықтан да бірыңғай USMLE емтихандары енгізілді.

Жалпы, АҚШ-та медициналық кадрларды даярлауда болашақ дәрігерлерді сұрыптау моделі қолданылады. Онысы – студенттер де әлгі USMLE емтиханына бірден кіре алмайды. Оған жолдама алу үшін оқушылар алдын-ала NBME тестілеуінен өтуі тиіс. Төмен балл алғандар оқудан бірден шығарылады. Оның талабы өте жоғары екенін ескерсек, бұл тестілеуді ойдағыдай тапсыра білген студент  көп жағдайда USMLE емтиханынан да сүрінбей өтеді. Мәселен, Кариб бассейні аймағындағы медициналық оқу орындары студенттерінің шамамен 80 пайызы алдын-ала тестілеуден төмен балл жинап, оқудан шығып кетеді.

Медициналық IQ анықталады

USMLE емтиханы – компьютерде 8 сағат отырып, тест тапсыруды білдіреді. Бірақ, бұл біздің түсінігіміздегі тестілеу емес. Сұрақтары өте қиын болуымен қатар әрқайсысы логикалық тұрғыда жан-жақты ойлануды қажет етеді. Былайша айтқанда, тапсырушының кәсібилігін тексерумен қатар оның IQ деңгейін де анықтайды. Ең жеңіл сұрақтардан бір мысал келтірейік:

40 жастағы ер адам экспресс-емтиханның жүктіліктің жаңа, қолданылмаған экспресс тестін алып, өзінің зәріне батырды. Тест ол адамның жүкті екенін көрсетті. Сұрақ: оның мамандығы қандай?

A. Көше сыпырушы 

Б. Көлік жүргізушісі 

В. Полиция қызметкері 

Г. Атом электростансасының инженері 

Д. Санта-Клаус

Ал, осы сұраққа қалай жауап берер едіңіз? Дұрыс нұсқаны таңдаудың жолы мынадай екен. Жүктілік тесті хорионикалық гонадотропиннің (ХГЧ) барын анықтайды. Ол оң нәтиже көрсеткен жағдайда әйелді аяғы ауыр екені белгілі болады. Жүктілерде ХГЧ-ны  плацента (синцитиотрофобласт) бөледі. Келтірілген сұрақтағы ер адамның зәрінің құрамында ХГЧ бары нақты анықталған. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Бәлкім, ол аталық бездің қатерлі ісігі - хориокарциномаға шалдыққан болар. Хорион эпителиі қатерлі трансформациясының нәтижесінде дамитын трофобластикалық ісік   кезінде ХГЧ деңгейі жоғары болатыны белгілі. Диагнозға қатысты болжамның барын есте сақтай отырып, енді кәсіп мәселесіне назар аударайық. Статистика бойынша хориокарциномаға көбірек мұржа тазалаушылар шалдығады екен. Демек, дұрыс жауапқа ең жақын нұсқа – Санта-Клаус, себебі ол үйлерге мұржа арқылы кіреді.  Дұрыс жауап – Д нұсқасы.  

Тағы бір сұрақ жоғарыдағы мысалдың жалғасы. Дәл осы науқас адамның бойында нені анықтауға болады?  

A. гипертония 

Б. гипотония 

В. гипертиреоидизм 

Г. гипотиреоидизм 

Д. гипергонадизм 

Е. гипогонадизм 

Шешімі. Өзінің құрылымы бойынша ХГЧ тиреоширатқыш гормонға (ТШГ) ұқсайды. ХГЧ-ның жоғары деңгейі ТШГ рецепторларын қоздыруы мүмкін. Ал ТШГ-ның жоғарылауы тиреоидті гормондардың деңгейін арттырады. Бұл кері байланыс бойынша ТШГ мен релизинг-гормондарын төмендете бастайды. Осылайша, біз гипертиреозды анықтаймыз. Дұрыс жауабы – В.

Бұл жерде сұрақтың шындыққа жанасатыны не жасаспайтыны аса маңызды емес. Бастысы, студент өз білімінің негізінде дұрыс нұсқауларды анықтай білуі тиіс. Сұрақтар әртүрлі, әдетте жарты бетке созылады.  Әрине, бұл тестілеу болғандықтан, медицина жайлы түк білмейтін адам  да сұрақтардың  10-15 пайызына дұрыс жауап беруі мүмкін (нұсқауларды бет-алды таңдай берсе болғаны). Бірақ, емтиханнан өту үшін кемі 75 пайыз дұрыс жауап таба білу керек. Айта кетерлігі, осы емтиханды тапсырғандардың айтуынша, медицина бойынша тестілеу сұрақтарын жаттаудың пайдасы шамалы. Емтиханды тапсыратын адам медицинаның негіздерін, заңдылықтарын дұрыс түсіне білуі шарт.  USMLE емтиханына дайындық жүргізу ісі де жүйеленіп қойған. Бастысы – керекті кітаптарды оқып, лекцияларды тыңдау.  Студенттер Каплан, Беккер, Гольян кітаптарын жақсылап оқуы тиіс.

Емтиханға кіру – ақылы

Емтихан негізгі үш бөліктен (қадамнан) тұрады 

STEP 1 — негізгі медициналық емтихан (компьютерде тапсырылатын тест). Ол негізгі медициналық білімді тексеруге арналған. Барлығы 336 сұрақ, тестілеуді тапсыруға берілетін уақыт  - 7 сағат, одан бөлек бір рет 45 минуттық үзіліс болады.              

STEP 2 CK — негізгі клиникалық емтихан, мұнда жетекшінің бақылауында практикаға дайындық анықталады. Компьютер арқылы 370 сұраққа жауап беру керек. Жалпы ұзақтығы 8  сағат (45 минуттық үзілісімен).            

STEP 2 CS — негізгі практикалық емтихан. Оған стандартты пациенттер қатыстырылып, емтихан тапсырушының дәрігерге тән коммуникативтік әдістері, пациенттің картасымен жұмыс істей білуі, медициналық тексеруді жүргізу мен диагнозды қою қабілеті, сондай-ақ ағылшын тілінің деңгейі тексеріледі.  Емтихан екі күнге созылып, оған 12 пациент қатыстырылады. Әр пациентке 25 минут уақыт беріледі -  15 минут медициналық тексеруге, 10 минут диагноз қоюға. Назар аударарлығы, студент тіпті бір пациентпен дұрыс жұмыс жүргізе алмаса, емтиханнан өте алмайды.

Тек осы емтихандардан өткен соң студент немесе шетелден келген медициналық ЖОО түлегі арнайы сертификатқа ие болады. Неғұрлым жоғары балл алғандарды АҚШ-тағы ең таңдаулы медициналық орталықтар жұмысқа шақырады.

Емтиханның материалдары жыл сайын  жаңартылып отырады. Бұл іспен АҚШ-тың барлық аймақтарынан медициналық педагогтар мен дәрігерлерден құралған сарапшылық топ  шұғылданады.  

Әлеуметтік желіде бір ресейлік студент   USMLE емтиханына қалай дайындалғанымен бөлісті. «18 айда 440 сағат видео-аудио лекция тыңдадым, анатомия, биохимия, фармакология, физиология, патология, бихевиористика, иммунология, микробиология, генетика, эмбриология сынды бағыттардағы 14 482 бет кітап оқыдым, 7700 сұраққа жауап бердім,  668 сағат лекцияға қатыстым. Оның өзінде бірталай кітапты толық аяқтауға шамам жетпеді» деп жазады ол. Басқа бір студент алдын-ала тестілеу кезінде өзіне-өзі сараптама жүргізіп, нәтижесінде «берілген сұрақтардың 65 пайызын түсінбедім. Бір қарағанда бірімен-бірі байланысы жоқ, мәнсіз фактілердің жиынтығы болып көрінеді. Кейін мағынасына тереңірек үңілгенде барып сұрақтың мәнін түсіне бастадым» деп пікір білдірді. 

Тағы бір айта кетерлігі – USMLE  емтиханы ақылы негізде тапсырылады. Әр қадам үшін  бөлек қаражат төленеді. Мәселен, алдыңғы жылғы баға USMLE Step 1 үшін – 740 доллар, USMLE Step 2 үшін – 840 долларды құраған. Жалпы, барлық емтихан процесінен өтуге шамамен 3-4 мың доллардай шығын кетеді. 

Дәрігерлер пациентті құтқара ма, өлтіріп ала ма?
Семіздікпен күресудің ең оңай жолы табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу