Ашық жұмыс істейтін емхана

Oinet.kz 15-07-2021 1770

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғанына 3 жыл болды. Осы уақыт ішінде Түркістан ертегідегі Ер Төстіктей қарыштап өсті. Көрікіне көз тоймайтын көптеген нысандар салынып, барша жұртты өзіне елітті. Соңғы жылдары қалаға ағылушы туристер саны күрт артты. Тек өз елімізден емес, шет елден келетін туристер саны да жылдан-жылға өсуде. Себебі Түркістан – барша Түркі әлемінің орталығы болып есептеле бастады. Оған дәлел, Түркістанда онлайн форматта Түркі елдерінің басшыларының жиыны өтті. Бұл – алдағы уақытта Түркістан бұдан да биік межеге ұмтылып дами беретінін білдіреді. 

Тұрғындар саны артып, туристер көз салып ден қойған қалада сервистік қызмет жоғары деңгейде көрсетілгені абзал. Әсіресе медициналық қызмет. Басы ауырып балтыры сыздамайтын адам жоқ. Осындай қиын сәтте оларға сапалы медициналық көмек көрсетігені жөн. Бұндай үдеден шыға білу үшін қаладағы емдеу мекемелерінің жай-күйі көңіл көншітерлік болғаны дұрыс. 

d49b4dd8-a42e-4466-9e69-1bec3422524b.jpgБүкіл қала тұрғындары жүгінетін Түркістан қалалық емханасы бүгінде заман талабына сай жұмыс істеуде. Жаңа ғимаратқа 2015 жылы көшкен емхана іші жанға жылу сыйлайды. Емхана жалпы ауысымына 500 науқас қабылдауға арналған типтік  ғимаратта орналасқан. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Мұнда бұрынғы Кеңес Одағының сарқыншағы сынды көңілген кірбің түсіретін көріністер жоқ. Бәрі электронды форматқа көшкен. Есік аузында сарылып кезек күтіп тікесінен-тік тұрмайсыз. Кезекті электронды түрде брондап, жайлы орындықта отырып күтесіз. Бұл жай ғана мыңнан бір мысал. 

Емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаевтың айтуынша емхана қала көлемінде 95 мың халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 35 мыңы бала болса, 20 мыңға жуық туу жасындағы әйелдер. Жалпы Түркістан қалалық емханасында 73 аймақ жұмыс атқарады. 73 аймақтың 15-і педиатриялық аймақ болып есептелінеді. Қала көлемінде 7-8 бөлімшесі бар. Одан бөлек диагностикалық бөлімше, лаборатория мен 4 жиілік категориядағы жеделдіктегі жедел жәрдемдермен қамтамасыз етілген.  

– Пандемияның кезінде халықтың жағдайын жақсарту мақсатында реабилитация бөлімшесі белсенді жұмыс істеді. Аталған бөлімшені 2020 жылы 1 қыркүйекте ашқан болатынбыз. Негізгі мақсатымыз коронавирус, пневмониямен ауырған науқастардың денсаулығын қайта қалпына келтіру, жағдайын толықтай жақсарту болып табылады. Сонымен қатар елімізде індет таралған кезде облыста біздің лаборатория алғашқылардың бірі болып ашылды. Лабораториямыздың тәуліктік қуаттылығы 500 сынама. Қазірде әлі жұмысын жалғастырып келе жатыр, - дейді емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.

b6833752-cef1-45e5-9b58-b1165e8300c0.jpg

Айта кету керек, елімізде коронавирус қанша өршісе де Түркістан облысы «жасыл аймақтан» шыға қоймады. Өзге өңірлерде індетті ауыздықтау қиындап, тұрғындар жаппай індетке шалдықты. Осының салдарынан онда «сары», «қызыл» аймақтарға өтуге мәжбүр болды. Ал Түркістан облысы пандемияға қарсы жұмыстарды кешенді түрде жүргізуінің арқасында тұрғындарды алдын-ала сақтандырып, дертке шалдыққандарға сапалы ем көрсетті. Нәтижесінде түркістандықтар дерттен аса қатты қиындық көре қоймады. Ең маңыздысы – түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Және де емхананың вирусология бөлімшесінің жүйелі жұмысы да індетке қарсы күресте зор рөл атқарды.  

– Біздің вирусологиялық зертхана бөлімі 2020 жылдың 16 сәуірінен бастап жұмыс жасап келеді. Мұнда қазіргі уақытта 2 дәрігер, 5 зертханашы, 1 кіші мейірбике жұмыс істейді. Қазіргі таңға дейін тексерудің жалпы саны 145 мың 376-ны құраса оның ішінде оң нәтиже тапқаны 1750 боп келеді. Вирусологиялық зертхана бөлімінде бүкіл Covid-19 анализдері қабылданып осы жерде тіркеу жұмыстары жүреді. Ары қарай сынамалар тоңазытқышта сақталып, оның барлығы ішкі этапқа кіріп, тексеріс барысына алынады. Вирусологиялық зертхана бөлімінде жасалатын талдаулардың барлығы ішкі бокс бөлмесінде жүргізіледі. Анализдердің барлығы осы жерде тексеріліп, аппаратқа қойылатын болады. Мұнда Covid-19 анализін тексеруге арналған Berat аппараты орналасқан. Оның  бір салған кезде 500 анализге дейін тексеру мүмкіншілігі бар. Біздің зертхана осындай 2 аппаратпен жабдықталған, - дейді емхананың зертхана меңгерушісі Лаура Кенжеғараева.

Как избавиться от анемии за несколько дней
ЖИТС - өмірдің соңғы баспалдағы емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу