Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама!

Oinet.kz 23-06-2022 2365

«Әрбір азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» 2021-2025 жылдарға арналған «Салауатты ұлт» ұлттық жобасын тиімді іске асыру шеңберінде 17-26 маусым аралығында елімізде Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай онкүндік өткізілуде. Жыл сайын Қазақстанда 26 маусымда Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аталып өтеді. Басты міндет – қоғамды біріктіріп, нашақорлыққа қарсы шаралардың тұтас кешенін жүзеге асыру.

Screenshot_7.jpg

Нашақорлық – ғасырымыздың дерті. Ұлтымызды азғындатып, адамды кісілік қасиетінен айыратын тажал дертіне қарсы күрес отбасынан, мектептен басталуы тиіс. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол оңай алдырар жау емес екен. Күн өткен сайын шырмалып, ауруды ауыздықтауға қанша күш салса да, оның жарасы асқынып бара жатқан секілді. Көкнәр, зығыр т.б. құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер дүниежүзінің кез-келген түкпірінде өсіріледі. Есірткінің түрлері: гашиш, морфин, опий, кокаин, апиын, героин. Осылардың барлығы да аса күшті наркотикалық әсері бар заттар болып табылады.

Есірткі түрлерінің әрқайсысының әсері әр түрлі. Ацетон және желім секілді түрлі еріткіштерді иіскеп ләззат алатындар да бар, нашақорлықтың бұл түрін «токсикомания» деп атайды. Токсикоманияға айналған баланың қимыл-қозғалысы босаңдау, әрекеттері баяу болады, орынсыз күле береді. Жиі иіскеу салдарынан еске сақтау қабілеті бұзылып, ызақор болып кетеді. Транквилизаторларды, яғни тыныштандырғыш дәрі-дәрмектерді пайдаланса, баланың өңі қашып, сөйлеу мәнері өзгеріп, дөрекілік таныта бастайды. Атақты гашиш пен қара сора бала психикасына алғашында қоздырғыштық сипатта әсер етеді: күтпеген жерден күлкі қысады, қисынсыз нәрселерді айтып сандырақтай бастайды. Бұл жағдай біраз уақыттан соң түнеріңкі көңіл-күйге ұласады, көзінің көруі күрт нашарлайды. Апиын тектес заттарды пайдаланса бала әлсіреп, басы ауырып, құсқысы келеді. Есірткінің әсер етуі кезінде көз қарашығы кішірейе түсіп, жарықты ажырата алмайды. Ал есірткі тілеп, буын-буындары сынып ауырғанда көз қарашығы ұлғая түседі. Егу жолымен пайдаланатындар үнемі, тіпті аптап ыстықта да ұзын жеңді киім киіп жүреді. Жалғыздықты ұнатады, достарымен кездесуден бас тартады. Нашақорларды осы белгілері арқылы анықтауға болады.

Нашақорлық өмірдегі қиындыққа шыдамаған, сәтсіздікке төзе алмаған адамнан шығады. Нашақорлар бір мезеттік рахат үшін бүкіл өмірін сарп етуге дайын. Бір рет шегіп немесе иіскеп көрген адамның нашаны өз еркімен тастап кетуі мұң. Сондықтан осы бастан есірткіден бойымызды аулақ ұстайық!

Есірткі – адамның қас жауы. Осы әсерлі затты адамдар ортақ шприц арқылы пайдаланып, нәтижесінде қаһарлы ауруға ұшырайды. Мұны пайдаланған адам арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді, жүйке жүйесіне әсер етіп, өз әрекетіне жауап бере алмай, қылмысқа барады. Жаман әдеттердің бірі болып табылатын есірткіні қолдана отырып, адам денсаулығына емес, рухани жан дүниесіне де нұқсан келтіріп, хайуандарша ғұмыр кешіп, ақыл-ой жүйесі бұзылады.

Өмір есірткісіз де қызыққа толы. Өнер мен спортты жаныңа серік етіп, болашаққа нық қадам бас. Ертеңінді ойласаң есірткіге жолама, жеткіншек!

Ш.АБАЕВА,

Созақ аудандық орталық ауруханасының наркологы

Стресстің алдын алу – күресудің ең жақсы құралы
Қауіпсіз өмір – маңызды мемлекеттік міндет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу