Мадина Ермаханбетова: «Медициналық сауаттылық—науқасқа да, ақ халаттыларға да тиімді»

Oinet.kz 12-07-2019 2234

Screenshot_10.jpg

Мадина Ермаханбетова, Төлеби аудандық ауруханасының бас дәрігері

Мадина Сейфуллақызы,  алдымен Сіз басшылық жасайтын аудандық аурухананың құрылымы және қазiргi жағдайы туралы айтсаңыз.

 - Аурухана кезінде Георгиев ауданы Георгиевка селосында орналасқандықтан Георгиевка орталық ауруханасы деп аталған.   1930 жылы ашылған мекемеде алғашқыда небәрі 15 төсек орын болса,  жылдар өте келе  25 төсек орынға көбейген. 1970 жылы  аурухананың ауқымы кеңейіп, жанынан жаңадан емхана салынады. Тері ауруларын емдейтін 15 төсек орынға арналған бөлімше, физиокабинет ашылады. 1978 жылы орталық аурухана Ленинск медициналық бірлестігі болып өзгертілді. Қазіргі ғимарат 1986 жылы жаңартылған. Және сол жылы мекеме жеткен жетістіктері мен жақсы көрсеткіштіктерге байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғаруымен ауыспалы Қызыл тумен  марапатталады. Бүгінде Төлеби аудандық ауруханасы 195 төсек орынға арналған. Мұнда ішкі ағза, хирургия, гинекология, перзентхана, балалар және жұқпалы аурулар бөлімшелері бар. Жалпы ауданы 10400 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда емхана да орналасқан.

- Ауруханада жылына неше ота жасалады?

 -Ауруханамызда ота бөлімі 43, перзентхана 28, гинекология 17 төсек  орынға  арналған. Жылына осы бөлімшелерде 1114 науқасқа ота жасалады.  Атап айтсақ ота бөлімінде 849, перзентхана бөлімінде 91, гинекология бөлімінде 225 ота жасалған.Дәрігерлер көбінше түрлі жарақаттармен, артериальды гипертониямен түскен науқастарға жиі көмек көрсетеді.  Сондай-ақ ауа райының қолайсыз болуына байланысты балалар арасында өкпе қабынуы белең алып тұр.

 - Халықтың медициналық сауаттылығын арттыру мақсатында қандайда бір шаралар жүргізіп отырасыздар ма?

 - Қазіргі таңда тұрғындардың медициналық сауаттылығы жоғары деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені халық ауру жайында, оның емі және қауіптілігі туралы күнделікті теледидардан, газет-журналдардан, ғаламтордан хабардар болып отыр. Елдің көзі ашық болғаны науқасқа да, ақ халаттыларға да тиімді.  Науқастарға көбірек ақпарат беру және олармен қарым-қатынасты нығайту мақсатында дәрігерлер мен мейірбикелер күнделікті жиі кездесетін аурулар, аса қауіпті жұқпалы аурулар, қант диабеті, артериальды гипертония, жүрек талмасы, аллергиялық аурулар, жарақаттар туралы дәрістер оқып, жадынамалар таратып отырады.

 - Қазіргі дәрігерлер «Гиппократ антына» қаншалықты берік деп ойлайсыз?

- Ауруханамызда бас-аяғы 34 дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігеріміздің  жұмыс өтілі 10 жылдан жоғары. Қызметкерлер білікті, жұмысына тиянақты деп айтсам қателеспеймін. Олардың емделіп шыққан қаншама науқастардың алғысын алып жүргендігіне өзім куәгермін. Адам жанының арашашысы дәрігерлердің алғыс алуы олардың  Гиппократ антына берік екендігін айғақтап тұрған жоқ па?!

Мұрағаттан, 2016 ж

Нұрғали Орманов: «Халықтың «түбіне жетіп жатқан да» осы қате түсінік»
Ашығудың ағзаға пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу