Министр Корея мен Түркияның телеөнімдерін тоқтатам деп еді...

Телесериал  бүгінде нағыз табыс көзіне айналды. Әрине, әңгіме отандық емес, шетелдік телехикаялар жайында. Әсіресе Оңтүстік Корея мен Түркия секілді елдердің киноиндустриясында сериал түсіріп, сату ісі мықтап тұрып жолға қойылды. 

дорамалар.jpg

Түркияның туризм және мәдениет министрлігіндегі департамент басшысы Абдурахман Челиктің  айтуынша, сериалдар ұлттық экспорттың маңызды бір бөлігіне айналды.   «Ел экономикасын дамытуға  түрік  телесериалдары қомақты үлес қосуда. Мәселен, «Сұлтан Сүлеймен», «Гюмюш», «Көкжалдар мекені» секілді телеөнімдер көрермен жүрегін жаулап алғаны белгілі. Бүгінгі таңда түрік телехикаяларын көрсету құқығын әлемнің 76 елі  сатып алған» дейді ол. Түркияда 2010 жылғы қорытынды бойынша сериал сатудан 65 миллион доллар таза табыс түссе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш еселеп өскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір серияның құны небәрі 600-700  долларды құраған болса, енді бұл баға 35-125 мың доллар аралығында шарықтап барады. Бағаның өсуі өте жылдам қарқынмен тағы жалғасуда. 

Қазақстандық телеарналарда күні бүгінге дейін 50-ден астам түрік сериалдары көрсетіліпті. Бұл нағыз рекорд болып есептеледі. Түрік сериалдарын сатып алудан Болгария екінші, Әзірбайжан үшінші орында. Соңғы бірнеше жылда Түркия телесериалдары Таяу Шығыстағы араб  мемлекеттерінде, сондай-ақ Ресейде, Болгарияда, Хорватияда, тіпті түріктердің ата жауы саналатын  Грецияда да кеңінен көрсетілуде.    Қазақстандағы түрік сериалдарының көрсетілімі сонау 2001 жылы  тұңғыш рет «Асау жүректен» басталып, жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Әлбетте, коммерциялық табыстың қызығын көріп үлгерген түрік режиссерлары аудиторияны жоғалтып алмау үшін жаңа қадамдарға баруда. Айталық «Сұлтан Сүлеймен» сериалына әлемнің түкпір-түкпірінен соң сұраныс арта бастағандықтан тарихи тақырыптағы дүниелер түсіруге деген қызығушылық күшеюде. Қазір Түркияда Осман империясын басқарған тағы бір көрнекті тұлға – Мехмед Фатих жайлы «Фатих» атты жаңа хикаяның түсірілімі жүруде. 

Әйткенмен, сериал сатуда Оңтүстік Корея алдына жан салмай тұр. Бұл елдегі кино саласының қызметкерлері бүкіл әлемді, тіпті өзгелерді менсінбейтін американдықтарды да жаулап алды. Кәріс телеөнімдері қатардағы сериал ұғымының тар шеңберінен шығып кеткен. Бүгінде әлемде «Халью» немесе «Корей толқыны»  атты феномен жиі айтылады. Сарапшылар осы «Халью» индустриясының бір жылдық табысын шамамен 4 миллиард долларға  бағалайды.  Өйткені Кореяға қатысты кез-келген дүниеге (поп-мәдениет, музыка, кино, таэквондо,  ұлттық тағамдар, тіпті кореялық макияж) деген ерекше қызығушылық пен еліктеу күн санап өсіп келеді. Кореяның мәдени экспансиясының қарқыны жыл санап арту үстінде. Ал әлемдегі корей мәдениетіне деген  қызығушылықтың барлығы телехикаялардан бастау алған. 

Корей сериалдарын тамашалаған миллиондаған шетел азаматтары жыл сайын туристік сапармен осы мемлекетке келуді әдетке айналдырды. Ал бұл дегеніміз, тағы бір табыс көзі. Оңтүстік Кореяның экспортқа шығаратын киноөнімдерінің 80 пайызын сериалдар құрауы бекер емес.  Сенесіз бе, Кореяда  жергілікті телефильмдерді тамашалайтын    көрермендер саны  тек 10 пайызды құрайды. Телеаудиторияның қалған 90 пайызы өзге елдерге тиесілі. Нәтижесінде корей сериалдарын сатып алушы негізгі елдер тізімі былайша түзіледі: Тайвань (24,5 пайыз), Жапония (19 пайыз), Қытай (18,6 пайыз), Гонконг (3,3 пайыз) және Сингапур (3 пайыз). Соңғы бірнеше жылда бұл тізімге Еуропа елдері мен Солтүстік Америка да қосылды. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде корей киносы мен музыкасының фан-клубтары ашылған. Тек 2003 жылдың өзінде осы  елге келген туристердің саны 2,8 миллион адамнан 3,7 миллионға дейін өскен.   

Киноиндустрия саласына Кореяда мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіледі. Бұл тек қаржы бөлумен шектелмейді. Үкімет кино нарығындағы қарақшылық пен заңсыз сауданың көзін жойып,  осы арқылы сапалы өнімдерді шығаруға, оларды сатудан пайда түсіруге барынша жағдай жасалған. Одан бөлек, көптеген жас режиссерлер АҚШ, Франция; Испания, Нидерланды секілді елдерге оқытуға жіберіліп, біліктілігін арттырды. Олар тіпті кино түсіру ісіндегі Голливудтың орнатқан стандарттарын бұзып, жылдар бойы сақталып келген шаблондарды өзгерте алды. 

Корей сериалдары көрермендерді несімен баурап алды дейсіз ғой. Осы елдегі режиссерлардың айтуынша, корей сериалдарында Батыс пен Шығыстың құндылықтары ұтымды түрде байланыстырылған. Негізінен махаббат, адамгершілік пен әділдік  тақырыптарын көбірек дәріптейтінін атап өтуге болады. Оның үстіне, кейбір елдердегідей тым ұзақ түсірілмей, көп  жағдайда 16-20 сериямен шектеледі. Бұл көрермендерді шаршатпай, сұранысты жандандыра түсудің бір амалы болса керек.  

Корея телеөнімдерінің тағы бір артықшылығы – ұятсыз көріністердің тым аздығы. Бұл әсіресе американдық көрермендерге қатты ұнаса керек. Голливудтың әдепсіз киносынан шаршаған олар корей хикаяларындағы адамгершілік құндылықтардың кеңінен насихатталатынына сүйсіне қарайды екен. Мәселен,  корей сериалдары көрермендерінің бірі, Солтүстік Каролина штатының тұрғыны Гейл Стивенс «бұл фильмдердің тазалығы ұнайды, олар американдық сериалдар секілді ұятсыз емес» дейді. «Американдық сериалдардағы кейіпкерлердің бар ісі – бірімен-бірі ойнастық құрып, әркімнің төсегінде жатып шығады. Бұған тоқтау салатын жан жоқ. 20 жылдан бергі көріп келе жатқанымыз осы. Ал корей сериалдарында мұндай әдепсіздік жоқ», деп пікірін білдіреді Иоланда Кара есімді тағы бір американдық көрермен.  

Корей сериалдарын ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып өзбек көрермендері тамашалай бастады. «Made in Korea» телехикаяларының Қазақстанды жаулап алу тәсілін де айтып берейік. 2000-жылдардың басында «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары оңтүстіккореялық сериалдарды сатып алу жайлы келіссөздер жүргізе бастады. Корея жағы бірқатар телеөнімдерді тегін-ақ бере салды. 2005 жылдан бастап корей сериалдарына  айрықша сұраныс туындады.  Ең танымал телеөнімдер қатарына «Вабанк», «Қысқы соната», «Жүрегімде қалған күз», «Феникс» секілді сериалдарды жатқызуға болады. 

Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  бұдан былай Қазақстанның түрік және корей сериалдарын сатып алмайтыны жайлы мәлімдемесі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды.  «Сериалдардың барлығы өте үлкен сұранысқа ие екені рас. Ол арқылы телеарналардың рейтингі де көтеріледі. Алайда, біздің телеарналар түрік және корей телехикаяларына әуестеніп алған. Бұл сериалдарды сатып алуға да қыруар қаржы жұмсалады. Ағымдағы жылы түрік және корей сериалдарын сатып алмау шешілді. Енді біз қаражатты отандық өнімдерді дамытуға бағыттаймыз. «Хабар» және «Қазақстан» арналарында отандық сериалдар басталды», - деген еді  министр. Алғашында отандық телеарналардағы шетелдік  хикаялар сап тыйылар ма деген ойда едік, бірақ күні кеше «Хабар» арнасы «Сұлтан Сүлейменнің» жаңа маусымын бастап жіберді. Үндістан, Корея сынды өзге елдердің сериалдардың көрсетілімі де әдеттегідей жаңадан жалғасын тауып отыр. Ал министрдің сол мәлімдемесінен соң бірді-екілі отандық сериалдың телеарнаға шыққаны рас, алайда олардың сапасы төмен болғаны белгілі. Министрдің бір мәлімдемесінен отандық киноиндустрия сауығып кетпесі анық. Соған қарағанда жақын арада қазақ көрермендері корей және түрік сериалдарынан арыла қоймас. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ еліне +1 бала
  • Тәуекел жарына некеден соң сөз салған
  • «Музарттықтар» тарады
  • Асхат Садырбай Instagram парақшасында азулы жазба жариялады
  • Димаштың бейтаныс қызбен түскен суреті қызу талқылануда
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика