Дос КӨШІМ, саясаттанушы: Сайлаудың басты тұздығы – бәсекелестік

Oinet.kz 27-11-2020 2795

image.png

– Бір сөзіңізде  «Ұлт тағдыры» қозғалысы саяси партиялардың бірі де жасамаған заң жобаларын жасады», - деген екенсіз. Саяси жұмысты партиясыз жүзеге асыру күрделі іс қой. «Ұлт тағдырын» болашақта  партия ретінде тіркеу жоспарыңызда бар ма?

–Жоқ. Біріншіден, біздің елде Конституция бойынша, ұлттық партия құруға тиым салынған, екіншіден, ұлт мәселесі – жеке партиялардың бағдарламасы емес, жалпыұлттық мақсат болып табылады. Сондықтан оны жеке партиялардың еншісіне беруге болмайды деп ойлаймын. 

– Соңғы кезде сайлау жүйесінде жалпыға бірдей түсінікті емес өзгерістер көбейді. Ауыл әкімін сайлау, мәслихатты партиялық тізім бойынша сайлау жүйесіне пікіріңіз қандай? Біз демократиялық диалог құруға талпынып жатырмыз ба әлде қарапайым нәрсені күрделендірумен шектелдік пе? Бұл формадағы саяси шешім халықты сайлаудағы еркіндігінен айырып жатқан жоқ па?

– Мәжіліс  және мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлауға (прапорциялық жүйе) толығымен қарсымын. Біздің билік демократиялық қоғам емес, демократияның институттарын авторитарлық жүйені сақтап қалуға пайдалану жұмыстарын жүргізіп келеді. 

– Еліміз егемендік алғалы саяси лауазым иелерін таңдарда сайлау алды бағдарламалары «ғажайыпқа сенуге» итермелейді. Оған праймериздегі жобалар да дәлел. Еліміздің саяси кеңістігінде сөз бен істің арасы қанша деп ойлайсыз?

–Сөз бен істің арасын – халық бақылауы керек. Бірақ халықтың қолында ондай мүмкіндік жоқ. 

– Дариға Назарбаеваның Сенаттан кетуі саясаттан кетуін білдіре ме?

–Меніңше, Дариға Назарбаева саясатқа араласқан да жоқ. Иә, ол Сенатта отырып, биліктің дайындап берген заңдарын қабылдаған шығар, оның алдында әкесінің тапсырмасы бойынша жасанды «Асар» партиясын құрып, биліктің белгілі бір тапсырмасын, ойынын жүзеге асырған шығар, бірақ бұл – саясаткердің жұмысы емес. Ол кісі алдына басқалардан бөлек, өзінше бір саяси мақсат қойған емес. Демек, саясаткер деген сөз  артықтау сияқты. Ол – саясаткер Назарбаевтың тапсырмасын орындаушы ғана.  Сенатта не Мәжілісте отырған адамдарды саясаткер деп шатаспайық. 

– Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болғалы халықтың көңілінен шығатын біршама қадамдар жасады.  Президенттің бастамаларына қалай қарайсыз?

–Былтыр су жаңа Президент «терең саяси реформа жасаймын» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Ойы, ниеті, мақсаты дұрыс, бірақ ол реформаны кімдермен жасайды, ол жағы беймәлім күйінде қалды. Егер саяси жүйесі нақтыланған Америкадан немесе Франциядан бір топ маман алып келіп, соларға тапсырма берсе, әңгіме басқа. Онда «шетелдік сарапшылар мен мамандарға ақша шашып жатырсыңдар», деген қаңқу сөзді айтатын ура патриоттардан басқа ешкім де қарсы болмас еді. Егер Қазақ елінде бүгінге дейін осы жүйені сынаған, өздерінің идеяларын, көзқарастарын ұсынған адамдардан топ құрып, «осы күнге дейін саяси реформа керек деп, құлағымызды сарсылттыңдар, ал енді өздерің жасап көріңдер» десе, қоғам «батыл қадам» деп қол соғар еді. Егер кешегі, экс-президенттің қасындағы адамдармен жаңа және саяси реформа жасаймын десе, бәріміз бір кісідей, театр құдайы саналатын Станиславский сияқты «СЕНБЕЙМІН!» деп айқайлар едік. Меніңше, Қасым-Жомарт ағамыз үлкен көрегендік жасады – саяси реформаның «тереңіне» де «саязына» да барған жоқ. Бәрі бұрынғыша қалды. Шетелден маман әкелсе – олар демократиялық институттарды орнататын реформаны дайындайды, өзіміздің демократтар олардан да өткен қоғамдық өзгерістерді өмірге алып келулері ықтимал. Қысқасы, бәрі бұрынғысынша, өзгеріс жоқ. Тек сөз бар. Ал «қағаз бәріне де шыдайды», деген тамаша мақал тағы бар.

Менің күткенім екі реформа еді. Біреуі – саяси реформа болса, екіншісі – ұлттық бағыттағы өзгерістер болатын. Оның ішінде қазақ тілінің бүгінгі жағдайын өзгертетін заңның қабылдануы еді. Өкінішке орай, бұл екі бағытта да ешнәрсе жасалған жоқ. Демек, ол кісінің «сабақтастық» туралы айтқанының шындық болғаны.

– Қазіргі кезде оппозиция десе, ойға ЖСДП бірінші келеді. Бірақ оның да басшыларының жиі ауысуы көңілге күмән ұялатады. Сенімді сейілтеді. Оппозициялық партия болады деп үміт артылған «Демократиялық партияны» Жанболат Мамай тіркей алмады.  Жалпы, елімізде нағыз оппозициялық партия бар ма?

– Иә, ресми түрде бір партия бар. Бірақ билік арнайы заң қабылдап, тағы бір- екі партияға «оппозицияның рөлін атқарасың» деп қойған сияқты. «Парламенттік оппозиция» дегенді айтып отырмын... Біздегі оппозицияға қарным ашады. Әрине, билік пен Президентті сынау, кейде оның отбасын да сынға алу – оппозицияның жұмыстарының бір бағыты, бірақ әңгіме олардың қандай қоғам құруында, қандай мақсат қоюында ғой. Бұл жағы – күңгірт. Екіншіден, оппозиция белсенділерінің барлығы дерлік (Алтынбектен бастап, бүгінгі Балташ ағамызға дейін)  кезінде билікте болған, осы жүйенің аяғынан тұруына беріле қызмет жасаған, кейін белгілі бір себептермен қызметтен кеткен жандар. Олардың ешқайсысы қызметте жүріп, «мен бұл жүйемен келіспеймін, сондықтан қарсы шығамын» деп жұмыстарын өздері тастап кеткен жоқ. Олардың қоғамды өзгертуден көрі Назарбаевтың жеке басына көбірек тиісетіні де осыдан сияқты. Қазіргі билік жүйесінің бұрынғы тоталитарлық жүйеден пәлендей айырмашылығы жоқ, сондықтан сол уақытта билікке қарсы шықпаған жандардың бүгін «күрескер» бола қалғаны – маған ұнамайды. Бірақ жоқтан бар жақсы деп жүрміз.

Парламент сайлауының дүбірі де жақындады. Саяси өзгерістердің нақты көрінісіне куә болғысы келген электорат көздерін қолдарымен қалқалап, жолға қарайды. Жолда тағы да сол – алты жабағы. Ешқандай қызық жоқ. Тек қана Президент аппараты қайсы партияға қанша пайыз беруі мүмкін деген мәселеге бәс тігуге болатын шығар. Басқасы – шешілген мәселе.   Бірақ қоғамға қызық керек. Сондықтан болуы керек, бұқаралық ақпарат құралдары ұйысып, шаңы шыққан ескі жүнді қайтадан сабалай бастады. «Ойбай, праймериз болып жатыр!», «Екі партияның бірігуі мүмкін бе?», «Ауыл» партиясы «Бірлікпен» бірікпеймін депті», «Ақ жол» – «алаштың ізбасарымыз дейді», «Коммунистер ұлтшылдарға тиісіп, ұпай жинап жатқан көрінеді», тағысын тағы. Иә, көңіл аударатындай тақырыптар, бірақ жарыс жолында баяғы алтау… Олардың жүрісін, шабысын, аяқ алысы мен кейбіреулерінің шаң көміп қалысын қалай қызықты етіп жазсаң да, сайлаудың басты тұздығы – БӘСЕКЕЛЕСТІК жоқ. (Айтпақшы, сол алтаудың кейбіреулерінің сайлауға қатыспауы да мүмкін. Олардың басты міндеті – сайлау емес, «Қазақ елінде көппартиялық жүйенің бар екенін көрсету ғана)

Бәсекелестікті «дәстүрлі партиялардың» ішіндегі жалғыз байтал – ЖСДП-ның жасауы мүмкін еді. Бірақ олар да екі оттың ортасында қалған сияқты. Егер сайлауға түсеміз десе, «былтырғы сайлаудан «сайлау жүйесінде әділдік жоқ деп» бас тартып, бойкот жариялап, ұлтшылдардың етегінен тартып едіңдер, енді ұялмай-қызармай, сайлауға қалай түсеміз дейсіңдер», деген сұрақ алдарынан шығады. Ең қызығы, егер ЖСДП өтіп кетіп, Парламенттен орын алса, «өткен жылы сендер «біз президенттік сайлауда Сіздерге қарсы шықпайық, ал сендер сол үшін Парламент сайлауында бізге орын беріңдер», деп билікпен келіскен екенсіңдер», деген сөздің айтылуы анық. (Меніңше, осындай келісімді  Әміржан бұзып жіберді. Оған дейін Әміржанға бір ауыз жаман пікір айтпаған оппозиция серкелерінің бір сәтте оны жабыла жамандағаны да соның айғағы сияқты).   Сайлаудың басты қызығы – БӘСЕКЕЛЕСТІК. Түрлі саяси көзқарастың, түрлі ұстанымдардың, ел болашағына арналған түрлі бағдарламалардың бәсекелістігі. Өкінішке қарай, саяси бағытта бәсекелестік болмаса, саяси партиялардың санының алтау болғаны да, алпыс болғаны да ешнәрсені өзгерте алмайды. Оның көрінісін бюллетеньнен табасыңдар. Баяғы партиялар, баяғы сайлау жүйесі, баяғы сайлауды өткізушілер. Демек, нәтижесі де баяғыдай болып шығады. Ал бәрі белгілі болса – қызық та болмайды.      

– Тоқаевтың саяси қадамдарынан кейін жақында облыс әкімдері де сайлау арқылы тағайындалуы мүмкін бе? Егер, жүйе солай өзгерсе,  Шымкенттегідей алты ай сайын әкім ауыстыру саясатына тосқауыл қойыла ма? 

– Облыс, аудан, ауыл әкімдерін сайлауға толық қарсымын. Бізге жергілікті өзін - өзі басқару жүйесін енгізу керек. Сол кезде «әкімдерді сайлап қою керек» деген ұран күн тәртібінен түседі. Жергілікті өзін - өзі  басқару жүйесі біздің Конституцияның 89-бабында бар болатын, бірақ оны енгізу – жоғарыдан төменге дейінгі бағыныштылыққа негізделген жүйені құрту болып табылатынын түсінген билік 2017 жылы бұл бапты өзгертіп үлгірді... Айта кету керек, оппозиция «әкімдерді сайлап қоя керек» деген ұранды көтергенде, көптеген көзі ашық азаматтар «Жергілікті өзін - өзі басқару» заңын қабылдатуға күш салып жатқан болатын (Бұл заң жобасы, ұмытпасам, алты жыл қатарынан талқыға түсті, бірақ, өкінішке орай, ДВК біздің қатарымыздан табылмады).

–Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН


Руслан Нұрман, актер: «Көрермен образдан ой түюі керек»
Тілек Ырысбек: «Абай жолы» – пропагандалық шығарма»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу