Бердалы Оспан: Қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп

Oinet.kz 20-04-2022 3169

Қазақта салттарын, мәдениетімізді зерттеп жүргендер көп шығар. Бірақ қазақ есімдерінің сырын, мәнін ашуға талпынғандар бірлі-жарым ғана. Солардың бірі – Бердалы Оспан. «Есімдер. Сақтардан қазақтарға дейін» кітабының авторы. Біздің қоғамда өзін алғаш рет есімтанушы деп атаған Бердалы Әсілханұлының біз білмейтін қыры көп. Кейіпкеріміз мәдениеттенушы ғана емес, ол – музыканы ерекше жақсы көретін, кейде қолына қылқалам алып сурет салатын, түрлі тақырыпта ой қозғай алатын журналист.  Осындай жан-жақтылығының арқасында ол «Қазақтың Джон Ленноны», «Тірі энциклопедия» атанды. 

Screenshot_8.jpg

- Бердалы Әсілханұлы, сізді көпшілік мәдениеттанушы ретінде таниды. Ал сіздің кезінде «Музей» тобында ән айтып, өнердің биік белестерін бағындырғаныңызды біреу білсе, біреу білмес. Музыкадан қол үзіп қалуыңызға не себеп болды?

- Жастайымнан музыкант болғанды қаладым. Әсіресе аты әлемге әйгілі «Beatles» тобына қатты еліктедім. Нотаның не екенін, гитарада ойнауды білмейтін мен осы топқа деген қызығушылығымның арқасында әуенді ойнап, айтып, ести алатын дәрежеге жеттім. Өнерге деген үлкен махаббаттың нәтижесінде 1987 жылы «Музей» деген топ құрдық. Білесіз бе, біз 1994 жылы Тәуелсіз Қазақстанның атынан алғашқы болып Англия мемлекетінің Ливерпуль қаласында өткен «Beatles» тобы музыкасының Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатыстық.  КСРО тұсында бұл ән додасына ешкім қатыса алмаған болатын. Осы үлкен сахнада өнер көрсеткен соң еліміздің Тұңғыш Президентінің атына фестиваль ұйымдастырушылары атынан хат жолданды. Ол хатта: «Құрметті Президент! «Музей» тобы сіздің еліңіздің атын әлемдік музыкалық картаға енгізді» деп жазылған.  Осындай биік белестерді бағындыра отырып, біз өз елімізде «жұлдыздай жарқырай» алмадық. Өйткені Қазақстанда шоу-бизнес жоқ еді, әлі де дамыған жоқ. Қазірдің өзінде керек десеңіз, тіпті Димаш Құдайбергеннің өзі Алматыдағы үлкен стадионға көрермен жинай алмауы мүмкін. Себебі Димаш өте дарынды әнші болғанымен, танымал репертуары жоқ. Бүгінде әншілер бір-екі әнді жаздырып алып, той-томалақты жағалап кете береді.  Кезінде бізден де  қайда барсақ та фонограммамен ән айтуды сұрады. Ал менің олай халықты алдауға арым бармады. Кез-келген жерде жанды дауыста ән шырқауға мүмкіндігі жететін «Музейдің» ғұмыры 15 жылдан біршама ғана асты. Себебі бізге ондай төмен дәреже керек емес еді.  Менің қалағаным той-томалақтың айналасы емес, әлемдік сахна болатын. Қалай десек те, мен арманыма  қол жеткіздім. Талай музыканттың арманы болған  Beatles тобы музыкасының Бүкілдүниежүзілік фестивалінде өнер көрсеттім. Әйтсе де музыкадан түбегейлі қол үзіп кеткенім жоқ. Өзім шығарған біраз әндерді әлі де айтып жүрмін. 

- Есімдер құпиясын ашуды неге сақтардан бастадыңыз?

- Менің әкем «Қазақстанның тарихы сақтардан басталады» дейтін. Біздің арғы ата-бабамыз сақтар. Сол себепті есімдер де сақтардан басталуы керек. Сақтардан бізге жеткен ең алғашқы, көне есімнің бірі  - Тарғытай. Мұны грек тарихшысы Геродот еңбектерінде жазып кеткен. Одан кейін сақ тайпасынан бүгінгі қазаққа дейін жеткен, кең таралған есімнің бірі – Томирис. Тарихи тұлғаның  қазаққа жетуінің өзіндік тарихы бар. Әкем Шымкенттегі пединститутта қызмет етіп жүрген кезде ежелгі гректердің тарихын, әдебиетін зерттей келе сақтар, оның ішінде Томиристі де зерттеген. 70 жылдары «Білім және мәдениет» газетіне әкем осы  сақ патшайымы туралы мақала жазды. Міне, осыдан  кейін Томирис есімі қазаққа кеңінен танылды. Томирис есімді қыздар да көбейе бастады. Ал Томирис «темір» деген сөзден шыққан.

Бірде інім Ералының ұсынуымен еліміздің жағырапиялық қоғамының  журналына есімдер туралы мақала жаздым. Сол мақалам бірден ағылшын тіліне аударылып басылды. Содан қайда қарасам да есімдер көзіме түсе бастады. Қызығушылық пайда болды. Негізі қазақта есімдерді алғаш зерттеген Телқожа Жанұзақұлы. Әрине ол кісінің де есімдер жайлы еңбектерін оқығанмын. Ол кітаптарда қазақ есімдері бар, бірақ толыққанды емес. Қай есімді қай жерден алғаны белгісіз. Сол кезде мен есімдерді тереңірек зерттеуге кірістім. Есім теруді әуелі «Абай жолынан» бастадым. Бұл шығармада 550-ден аса адам есімдері келтірілген. Бұл арқылы Абай өмір сүрген кезде қазақ есімдерінің қандайы қолданыста болғанын білуге болады. Анам «Қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп» деуші еді. Есімдерді зерттей келе бұл сөздің қаншама шынайы айтылғанына көзімді жеткіздім. Қазақ есімдері мені әрдайым таңқалдырып келеді. Зерттеу барысында неше түрлі есімдерді білдім. Мәселен Бәтес деген есім бар. ХІІІ ғасырда  Батист деген француз жұқа, жылтыр мата ойлап тапқан. Сол мата саудагерлер арқылы қазақ даласына да жетеді. Осылай ол мата батист деп аталып, бірте-бірте қазаққа сіңісіп,  бәтес болып кеткен.   Қанжығалы Бөгенбай батырдың қызының аты Борсылдақ болған. Қазақта ұзын есімдер де көптеп кездеседі. Айталық: Сақинаболусұлушаш, Аққаракөзайымсұлу т.б. Айта берсеңіз қазақта есімдер өте көп. Кітапты жазу барысында мен қазақ есімдерін мынадай топтарға бөліп, қарастырдым. Ай аттарына байланысты, асыл тастар мен металдарға, салтттарға, дене мүшелеріне, егіз,  үшем, төртемдерге, жан-жануарға, жер-су, елді мекендерге, заттарға, зергерлік бұйымдарға, киім, қару-жарақтарға, мамандыққа, өсімдіктерге, санға, табиғат, тағам, туыстық қарым қатынасқа,  түс бояуға,  ыдыс аяқ, ұлттарға байланысты қойылған есімдер. 

Кітабымның маңыздылығы – қазақ тарихында тұңғыш рет сақ есімдері, ғұн, байырғы түркі, мәмлүктердің есімдері бар. Мен былайша айтқанда құрылымы әмбебап сауда орталығына ұқсас кітап жаздым. Бұл еңбегімді жазуға аттай 15 жылымды жұмсадым. Есімдерді жинау, зерттеу үлкен ғылым. Қазақтың есімдері арқылы қазақтың тарихын тануға болады. 

- Қазақ есімдерін әлемдегі көркем есімдерге жатқызуға болады ма?

- Әрине, тіпті бірінші орында дер едім. Біріншіден, қазақта есім  өте көп. Екіншіден, қазақ есімдері  көркем әрі мәнді  болып келеді.  Біле білсеңіз, қазіргі таңда көптеген ұлттар өздерінің есімдерін жоғалтқан. Әсіресе христиандықты қабылдаған елдер. Ал  Ресей өз есімдерін тіптен ұмытқан. Мәселен орыстарда  Лариса деген есім бар. Ол гректің «шағала» деген сөзі. Керек десеңіз орыстың Иваны да өздерінікі емес. Ол еврейдің «құдай қаласа» деген мағынасынан шыққан есім.

- Қазіргі қазақтар ұл-қызына қандай есім беріп жүр? 

- Шын мәнінде бізде нағыз қазақ есімдері көп. Біздің елімізде араб-парсы есімдері жиі қойылады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Арабша есімдер елімізде ХІХ ғасырдан бастап жиі қойыла бастады. Қазір де бар. Бірақ олар қазақ есімдерінен көп емес. Бір қынжылатыным бүгінде ұл-қызына шетелдің есімін берушілер көбейді. Әсіресе әншілер. Шетелдік есімдердің қазаққа келуіне діннің тарауы мен шетелдік сериалдар түрткі болды. Кезінде қазақ телевизиясын  Латын Американың сериалдары жаулап алса, қазір кәріс, түрік, үндінің сериалдары басып кетті де, сондағы есімдер қазақтарға қойылып жатыр.  Біз қазақ ұлты болып қалуымыз үшін алдымен есімімізден бастауымыз керек. Сенің есімің қазақша болмаса сен қалай  қазақ болмақсың?. Бабаларымыз есім таңдау арқылы өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Балаға өмір бойы серік болатын атын таңдай отырып, сол арқылы рухани маңызы зор үлкен іс атқарылатынын жүрегімен сезіп, санасымен саралап, болашақ ұрпаққа, мына бүгінгі біздерге қандай халық болу керек екенімізді, турасын айтсақ, арманшыл халық болу керек екенін айтып сәлем жолдаған іспетті. Сонымен қатар қарабайыр сөзбен емес, өрнектеп, жүректен терең орын алардай есімдер таңдаған. Сондықтан да қазақ есімдерінің әдемілігі мен мазмұны өте терең болғандықтан халқымыздың төл есімдерін ұлттық поэзиямыздың құрамдас бір бөлігі ретінде қабылдайтын кез жетті.

- Әкеңіз Әсілхан Оспанұлының қазақ мәдениетіне қосқан үлесі аз емес. «Ғалымның ұлы»  деген сөзге лайық болудың өзі оңай болмаған шығар...

- Әкем Мұхтар Әуезұлының  өзі таңдап алған соңғы аспиранты болған. Қазақстанның оңтүстік аймағы ақындары Майлықожа, Құлыншақ, Мәделі, Ергөбек, Молда Мұса және басқалардың шығармаларын зерттеп жинап, жарыққа шығарған. Әкемнің осындай ғылым жолындағы  еңбекқорлығы бізге үлгі болды. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегендей әкемнің арқасында көптеген танымал тұлғалармен жүздесіп, араластым. Менде әкемнің атын аласартып алмайын деген сезім болды. «Әсілхан Оспанұлының ұлдары ұсақталып кетіпті» деген сөзді айтқызбау үшін біраз тер төктім. Әкем ғалым болғандықтан, кітаптан артық не бар деп, салмақты дүние жазғым келгенінің арқасында есімдер сырына үңіліп, кітап жаздым. Әкем мен Анамның аруағы бұл ісіме көңілі толды ма, жоқ па білмеймін. Мен қолымнан келгенін жасадым, жасайда беремін. 

- Әсерлі сұхбатыңызға алғыс!

Сұхбаттасқан Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Нұргүл Қобланова: Халық біздің емес біз халықтың алдына баруымыз керек
Еділ Ермекбаев: Оператор жүз пайыз шығармашылықтың адамы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу