Түркі тіліндегі алғашқы Құранның тұсаукесері өтті

Oinet.kz 01-06-2021 903

20.jpg

 Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Халықаралық Түркі академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференциясы өтті.

Конференцияға қатысушылар алдымен Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тағзым етті.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқашев, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.

Басқосу аясында Қарахан мемлекеті дәуірінде (Х ғасыр) көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. Бүгінде бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр. Қасиетті кітаптың жарық көруі Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы атануымен тұспа-тұс келді.

ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов:

-Ежелден Түркістан түрік дүниясы үшін, түркі халықтары үшін рухани орталық болған. Қаланың қазір жаңа дәуірі басталды. 2017 жылы Түркістанды түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялаған болатын. Сол кезде түрлі мәдени шаралар мен әдеби конгресстер, конференциялар өткізген едік. Соңғы рет Түркістанға 2019 жылы келген болатынмын. Осы екі жылда сонша өзгергеніне таңқалып жатырмын. Түбі бір түркі жастары білім алып жатқан университеттің түркі әлеміне қатысты іс шараларын жан-жақтан қолдауымыз керек,-деді.


Шардарада «Дарын» дамыту орталығы ашылды
Сайрамның ауыл шаруашылығынан серпін байқалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу